Ауданда халықты мүмкіндігінше арзан азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі аудан әкімі Ермек Нұғымановтың жіті бақылауында. Оның бір айғағы ретінде мұнда өткізіліп тұратын жәрмеңкелерді айтуға болады.
Жуырда аудан орталығындағы орталық алаңда осындай тағы бір жәрмеңке өтті. Аудандағы меншіктің барлық түріндегі шаруашылықтар, жеке меншік иелері әкелген тауарлардың сауда орындарындағы осындай тауарларға қарағанда, шамамен 15-20 пайызға арзан болуы әрине, сатып алушылардың көңілдерінен шыққан болу керек. Себебі, сауда қызу жүріп, тұрғындар қажетті азық-түліктерді молынан сатып алды.
Жәрмеңкеде тұрғындар көп тұтынатын жылқы, сиыр, қой еті мол болды. Сондай-ақ, шошқа еті мен құс етінің де молынан сатылғандығын атап өту керек. Біраз шаруашылықтар сүт, қаймақ, май, балық әкелген екен, ол тауарлар да тез арада сатып алушыларын тауып жатты. Тіпті, жәрмеңкеде әдетте көп кездесе бермейтін ешкі сүтінің сатылғандығы да бұл өнімге деген сұраныстың көбейгендігін байқатса керек.
Аудандағы көкөніс өсірумен айналысатын Новомарковка ауылының тауар өндірушілері де жәрмеңкеден сырт қалмаған екен. Сондай-ақ, қысқа қажетті ағаш, көмір де біршама арзан бағамен сатылып, тұрғындардың ризашылықтарын тудырды. Кейбір шағын кәсіпкерлер бал сатса, басқа да өз кәсібі бар азаматтар қолда бар тауарларын тұтынушыларға ұсынды.
Нақты деректерге келер болсақ, сол күні барлығы 2708190 теңгенің азық-түлік тауарлары сатылған екен. Оның ішінде 1511500 теңгеге сиыр еті, 160000 теңгеге қой және 237500 теңгеге жылқы еті тұтынушыларға ұсынылды.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.