Өткен кезеңде Ақмола облысында жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұрғындарға 1,1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілген. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің басшылары мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бо-йынша департаменті қылмыстық істерді тергеу нәтижесі бойынша тұрақты негізде оларды жасауға ықпал еткен мән-жайды жоюға және алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмауға бағытталған шаралар қабылдап келеді. Осы тұрғыда мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы негізінде сыбайлас жемқорлық себептері мен жағдайларын жою үшін ұсыну енгізіледі.
Биыл алғашқы жартыжылдықта облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осындай 64 ұсыныс енгізді. Оларды қарау бойынша өткізілген кездесулерге 500-ден астам мемлекеттік қызметші мен түрлі ұйым қызметкерлері қатысты. Қаралған ұсыныстардың нәтижесі бо-йынша 49 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның жетеуі жұмыстан босатылған. Жартысынан көбі сөгіс пен ескерту алды (35 адам), сондай-ақ, 7 адамға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Бұл ретте жазаланғандар арасында 16 басшы болғанын айта кету қажет.
Сонымен қатар, биылғы алты айда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 7 адам 1 161 520 теңге сомасына ынталандырылды. Бұл көрсеткіш – өткен жылдың 12 айының нәтижесіне тең және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға азаматтардың үлкен белсенділігінің көрінісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттіктің 1424 Саll-орталығы тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салады. Егер сыбайлас жемқорлықтың ізін кескісі келетін азаматтар болса, осы орталыққа хабарласып мән-жайды баяндауына болады. Осындай жанашырлық пен төзбеушілік қана қоғамды бұл үлкен келеңсіздіктен арылта алады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.