Әлемде әйелге тән емес спорт түрімен айналысатын қыздар көп. Олар сан сайыста ел абыройын аспандатып, намысты қолдан бермей жүрген аймаңдайлы арулар. Солардың бірі – кекушинкай каратэден қара белбеу 1 дан иегері, біздің көкшетаулық Мира Бекжанова. Ол – Қазақстан Республикасының спорт шебері, каратэден Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Азия чемпионатында екі дүркін күміс медаль иегері атанған (Малайзия, Корея), Еуропа чемпионатының қола медаль иегері (Армения), сонымен қатар, Ресей Федерациясының, Қырғыз Республикасының, сондай-ақ, ТМД Кубогінің чемпионы.
Әлем чемпионы болуды армандамайтын спортшы бар ма? Мираның да алдағы мақсаты мен аяулы арманы осы.
Жалпы каратэ қыздар үшін ауыр спорт саналғанымен, көкшетаулық Мира Бекжанованың бойындағы қазақ қызына тән ибалығы, инбаттылығы, ізеттілігі, қарапайымдылығы, бір сөзбен айтқанда адамның ажарын аша түсетін адами биік болмысына қарап, бұл спорт түрі қыздарға да жат емес екендігін аңғаруға болады. Біз көбіне-көп қыздар каратэмен айналысса, оның бітім-болмысы, қала берді, ой-санасы өзгеріп кетеді, қыздарға мұндай спорттың аса қажеті жоқ деп ойлаймыз. Мираның ғұмыр жолымен жақынырақ таныса отырып, біз бұл ойдан арылғандай болдық. Жалпы, қазақ тарихында намысы найзадай аруларымыз аз ба еді?! Ел намысы үшін атқа қонған арулар жайлы сараптай отырып, елжандылық сияқты абзал қасиеттер тек ер азаматқа ғана тән емес екендігін аңғаруға болады. Ұлан ғасыр көсілген ұлы дала көшінде қыз баланың орны қашанда ерекше ғой. Сондай намысты қыздардың қатарына Мира Естайқызын қоссақ артық емес.
– Мен 1989 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданында дүниеге келдім. 2007 жылы Көкшетау қаласының қазақ лицейін «Алтын белгіге» бітірдім. Негізі оныншы сыныпқа дейін Көкшетау қаласындағы №14 мектепте оқыдым. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде білім ошағындағы үйірмелерге жиі қатысып жүретінмін. Ең бірінші рет кекушинкай каратэмен №14 орта мектептің спорт залында Руслан Жексембайұлы Нұрғалиевтің қол астында жаттыға бастадым.
Лицейді тәмамдаған соң, Қазақ гуманитарлық заң университетіне мемлекеттік грант негізінде «Құқық қорғау қызметі» мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы оны да үздік аяқтап, 2012 жылы аталған университеттің магистратурасын аяқтадым. Өзімнің өмірімді спортпен байланыстырғандықтан, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша да оқу оқуды ұйғарып, мамандық иесі атандым, – дейді Мира бізбен болған сұхбатында. Байқап отырсақ, каратэші қыз бойындағы талантына тоқмейілсімей, сол қабілет-қарымын біліммен шыңдап, іздене білген. Мұның өзі Мираның еңбексүйгіш, ізденімпаз, білімді жан екендігін аңғартады.
– Спорт адамды белгілі бір тәртіпке бейімдейді. Спорттың арқасында студент кезімде Президенттік шәкіртақы, Қазыбек би атындағы шәкіртақы иесі атанған болатынмын. Әлі де шыңдалу үстіндемін. Қазіргі таңда қара белбеу 3 дан иегері, әлем чемпионатының күміс медаль жүлдегері, әлем кубогінің қола медаль иегері Руслан Жексембайұлы және қара белбеу 2 дан иегері Айша Болатқызы Нұрғалиевтердің қол астында жаттығамын. Ағымдағы жылы кекушинкай каратэмен айналысып жүргеніме 20 жыл болды. Осы жылдар ішінде жаттықтырушыларымның арқасында Ресейдің, Қырғызстанның, Болгарияның, Венгрияның, Малайзияның, Кореяның, Арменияның, Жапонияның және тағы басқа елдердің жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иелендім. 2004 жылы алғашқы рет еліміздің чемпионы атандым. Қазіргі таңда еліміздің кекушинкай каратэден ұлттық құрамасының мүшесімін, балалар жаттықтырушысымын. Соңымнан ерген бауырым Рустам қара белбеу 1 дан иегері. Екеуіміз спорт үйірмесінде балаларды кекушинкай каратэға баулимыз. Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің 1 санатты оқытушысы болып қызмет атқарамын, – дейді Мира Естайқызы.
Атағынан ат үріккен аймаңдайлы қыз бүгінде ел мақтанышы. Алайда, ол маңдайына біткен осы бір бақытты аялай білетін жас. Қашанда қазақтың «үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуі» әрбір қыз баланың өмірлік ұстанымы болуы керек деп есептейді. Жас та болса ақыл-парасатты көкірегіне тоқып жүрген арудың әлі талай байрақты додаларда еліміздің көк байрағын желбірететініне сеніміміз мол. Себебі, Мираның бойында ұлтжандылық, елге деген сүйіспеншілік, жеңіске деген қайрат мол.
Жұлдызың жоғары болып, абыройың аспандай берсін Мира дейміз біз де!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: спорт шебері Мира Бекжанова.