Үлкен футбол ауладан басталады

немесе Жәдігер ардагердің қос командасы

Мен Жәдігер Ахметқалиевті көптен білемін. Студенттік шағынан. Алматыға арман қуып келген біріміз ҚазМУ-де, екіншіміз халық шаруашылығы институтында оқимыз. Сабақтың алғашқы күнінде бәрімізді спорттық секцияларға жазады екен. Ауыл балалары шетінен боксер болғысы келеді. Бір айдан кейін бетім қайтқан мен волейболшылар тобына қосылғанмын. Жәдігер қояр емес, тіпті алғашқы семестрдің аяғына таман институт чемпионы атанды.

Барлық мәселе түпкі негізде. Ол Чистополь ауданындағы Шағалалы ауылы мектебінде жүріп-ақ, сабан қапты соққылаудан танбайтын, тіпті, футбол командасының қақпашысы ретінде аты шыққан. Сол кездегі мектеп мұғалімдері де шетінен спортшы еді ғой. Әсіресе, Теміржан Мұқанұлы ағайдың тәліміне риза. Ол жан-жақтылыққа тәрбиелеген. Жәдігердің институттың футбол, гандбол, допты хоккей, жеңіл атлетика жарыстарына қатысуға уақыт табатынына қайран қалатынмын. Сол кездегі «нархоз» студенті, «Қайрат» командасының даңқты қақпашысы Құралбек Ордабаев та Жәдігермен бірге жаттығып жүргеніне соншалықты мән бере қоймаппыз…
Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің командировкасымен 1980 жылы «Жданов» совхозына барғанымда Жәдігердің бас экономист қызметін атқаратынын білдім. Баяғы қалып сол қалпында екен. Ол жергілікті мектеп-интернатта бокс секциясын ұйымдастырып, елу шақты ауыл балаларын спорттың осы түріне жаттықтырып жүр. Кеңес әскерлерінің Германиядағы тобында, одан кейін спорт ротасында қызмет атқарыпты. Германияда жүріп-ақ, спорттың екі түрінен І разряд нормасын орындап, бокстан спорт шебері атанғанына қуандым әрі аса таңырқай қойған жоқпын. Бұлай істемесе, Жәдігер бола ма?!
«Жданов» совхозы экономикалық көрсеткіштері, әлеуметтік дамуы бойынша облыстағы айтулы шаруашылықтардың бірі еді. Мен Қызыл Тулы ұжымның табыстарын түгел қамти алмағам, бірақ, соның тәп-тәуір мақала жазып қайттым деп ойлаймын. Осы «тәп-тәуірді» қамтамасыз еткендердің ішінде досым Жәдігер Ахметқалиевтің елеулі еңбегі бар еді. Мұның бәрі кейін тиісті орындармен ескерілді. Ол Чистополь аудандық экономика басқармасының басшысы, аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Ел іші оны «Спортшы әкім» деп құрметтейтінін де жақсы білемін. Облыс жабылып қалған тұста Көкшетауға қоныс аударып, ірі кәсіпорындардың бірі – нан зауытының және «Көкшетау жылу» жүйесінің директоры болды. Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде көптеген игі шаралардың ортасында жүрді.
Жәдігер Жанкөшұлы зейнет жасында да диван мен компьютерде көміліп отыратындардан емес. Ол қоғамдық және спорттық жұмыстардан бір сәт те қол үзген жоқ. Жұртшылыққа пайдалы іспен айналысу өзіңнің қоғамға қажеттілігіңді білдіретін қасиет. Оны, әсіресе, аула балаларының тіршілігі толғандыратын.
–Қала әкімдігінің көмегімен 2018 жылы біздің ауламызда және өзге шағын аудандарда жақсы жабдықталған спорт алаңдары пайда болды. Менің де көптен ойда жүрген ойларымның сәті түскендей қуандым. Тұрғын үй кооперативінің өкілдерін, көршілерімді жинап, мүмкіндікті пайдаланып, балаларды спортқа баулуды ұсындым. Ертеңінде-ақ менің қойын дәптерімде жеті жастан бастап 12 баланың тізімі пайда болды. Алғашқы жаттығуда футбол командасының атын «Авиатор» (бұл көпқабатты үйде негізінен әуежай қызметкерлері тұрады) қою жөнінде шешім қабылданды. Жиған-тергенімді салып, барлығына атақты «Ливерпуль» командасының алқызыл түсті формасын кигізіп, қақпа торын, доптар, тағы басқа керек-жарақтар сатып алдым. Балалардың сол кездегі қуанышын айтсаңызшы, осы үшін өмір сүрудің қаншалықты ғанибет екенін ұғындым,–дейді Ж.Ахметқалиев.
«Авиатор» алғашқы жолдастық кездесуін өзінің қосалқы тобымен өткізді. Мұнда үлкен мән бар. Көп ұзамай жаңа «Бәйтерек» командасы пайда болды. Қазіргі күні Жәдігердің осы екі командасы қаладағы спорттық шаралардың барлығына дерлік қатысатын, белгілі ұжымдарға айналды. Кешегі сәрсенбі күні аталған алаңда Спорт күні мерекесіне орай, шағын құрамдағы «Көкшетау-2», «Автогородок», «Энергетик», «Аспан», Барыс», «Шанхай Юнайтед» командалары қонаққа келіп, өз өнерлерін көрсетті. Тартысты жарыста «Бәйтерек» командасы жеңіске жетіп, арнайы жүлдені иеленді. Бұл орайда команда капитаны Андрей Вооктің, шабуылшы Әбілмансұр Есләмов пен ағайынды Батырхан, Әділхан Дәулетбектің шеберлігі атап өтілді. Сондай-ақ, «Авиатор» командасынан Мансұр Бахрудинов, Акрам Ашарат, Антон Климов, Әділ Батырбековтерге сый-сауғалар жасалды. Осы ретте Жәдігердің баулуындағы Дарья және Александра атты қыздардың футболға машықтанып жүргенін бөлектеп айтқымыз келеді. Демек, алдағы уақытта қыздар командасы пайда болуы мүмкін деген үміт бар. Біз ойын арасында төреші Фарид Үсеновті тілге тартқанымызда ол: –Балалар тәп-тәуір өнер көрсетті. Бұл Жәдігер Жанкөшұлы мен кезінде «Оқжетпес» командасында ойнаған Евгений Валанткеевичтің қажырлы еңбегінің қайтарымы деп білемін. Балалардың қатарынан өзіміздің «Оқжетпестің» белді мүшелері шығатынына сенімдімін,–деді.
Қазіргі індетке қарамастан жанкүйерлер қарасы да көп болды.
–Мен осы үйде сегіз жылдан астам тұрамын. Жәкең балалардың басын құрап, саламатты өмір салтына баулып жүргеніне ризамын. Үлкен футбол аула клубтарынан басталады. Мәселе мұнда да емес. Балалар өздеріне пайдалы іспен айналысуда. Ендігі жерде белсенді азаматқа тиісті қолдау көрсетіліп, қызмет ауқымы кеңейтіліп жатса құба-құп болар еді,–дейді Мүсілім Сәрсенбаев.
Бұл пікірді бүлдіршін футболшылардың ата-аналары Жанайдар Рамазанов, Самал Бахриденова, Айгүл Сыздықова да қоштап жатты. Олар өздері қаражат жағынан көмектесіп тұрады екен.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: Спорт күні мерекесіне ұйымдастырылған футбол турнирінен көріністер.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар