Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүректерге қуаныш ұялатқан дәрігер - АРҚА АЖАРЫ

Жүректерге қуаныш ұялатқан дәрігер

Өмір жайлы тоқтаусыз толғам жасауға болады. Әйткенмен, оның мәнін бір түйінге топтастырған да ешкім жоқ. Мәселе – өмір сүре білуде. Тіршіліктің осынау қарапайым да қасиетті заңдылығын тең ұстаған азаматтар баршылық арамызда. Солардың бірі дәрігер – Айрик Акопян. «Тіршіліктің тұтқасы адал еңбекте», – дейді ол. Асыл қағидатқа беріктігін өмір бойы дәлелдеп те келеді.

Жұртшылықтың жылы лебізі желпінткені шығар, алдымен Айрик Андроникович жайлы кең көсіліп жазсақ деген ой болған. Аса құлшына қоймады. «Осыдан бірнәрсе шығарарсың» дегендей, қолыма Арекеңді жуырдағы жетпіс жасымен құттықтаған ұжымының лебіз хатын ұстатты. Мақтау-мадақтауға да жұтаңдаумыз ғой. Дәрігерлердің кәсіби ұстанымдағы мінезімен қысқа қайырылыпты. Бірақ, жүрекжарды жазбада «Алтын қолды азамат!» деген сөз бар екен. Бұл жоғары санаттағы, қолы жеңіл шипагердің қызметін білікті мамандар мойындаған жоғары баға екендігі даусыз. Еңбегімен елге еленді, құрметке бөленді дегеніңіз осы.
Айрик Акопян Ереван медициналық инс-титутын бітірісімен еңбек жолын Көкшетау (қазіргі Ақмола) облыстық ауруханасында бастаған. Міне, оған да елу жылға аяқ басып барады. Бүгінгі күні де абыройлы сапта. Жоғары дәрежелі маманның кәсіби жолын ол жасаған 40 мыңнан астам отамен, облысты былай қойып, өзге аймақтардан әдейі іздеп келген адамдарды қабылдауларымен, үміт отын ұшқындатқан кеңестерімен байланыстыруға болады. Арекең білікті оташы мамандардың бірнеше буынын тәрбиеледі. Олар қазіргі кезде Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде, Ресейде, Беларусьта, Әзірбайжанда, тіпті, Германияда, АҚШ-та, Канада мен Израильде жемісті еңбек етуде.
Кәсіптік мамандығына адал жандар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Айрик Акопянның қазақ медицинасына енгізген жаңалықтары бүгінгі тәжірибеде кеңінен қолданылуда. Біз санамалап жатпай-ақ, біреуін ғана атап өтсек дейміз. Алтын қолды азамат 1995 жылы Ақмола облыстық ауруханасында рес-публикамызда алғашқылардың бірі болып лапароскопиялық ота жасады. Осы аралықта төрт мыңнан астам науқасқа дәрігерлік көмек көрсетіліп, талай үйдің қуаныш шамы жарқырады. Аталған еңбектерінің негізінде Айрик Андроникович 1999 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғады.
«Ізденіс табысқа негізделуі тиіс» дегенді, өзіміз Ареке деп құрметтейтін азаматтың аузынан талай естідім. Табыстылығы шығар, тыным таппайтын жоғары санатты дәрігерді күрделі консилиумдарда, облыстық, республикалық кәсіби конференцияларда өңірдің бірқатар ауруханалары мен емханаларының жедел шақыруларында, санитарлық авиация бортында жиі көреміз. Жуырда Көкшетаудың Абай көшесінде кездесе қалғаным бар. Сағатына қарайлай бергеннің өзінде, айналасы он-он бес минуттың ішінде жанымыздан өткен кісілердің барлығы дерлік Айрик Акопянмен үлкен ізетпен амандасып жатты. Құрмет демекші, ол «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атақтарының иегері және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. Бұған қоса біздің қадірлі дәрігер өзінің елімізге танымал шәкірттерімен мақтанады, кеселіне шипа тапқан мыңдаған адамдармен бірге қуанады.
–Менің еңбек кітапшамда бір ғана жазу бар,–дейді Арекең. –Оның басты себебі, Қазақстандағы тұрақтылықта, сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бейбіт қатар тіршілік кешуінде, өзіңнің де, бала-шағаңның да болашаққа алаңсыз қадам басуыңда. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің көреген саясаты арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясын баршамыздың ой-пікірлеріміздің жүзеге асуына, алдағы күндерге жақсы жоспар құруымызға мүмкіндік жасау ордасына айналдырды. Бүгінгі Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының сарабдал саясатты білгірлікпен жалғастыруы, коронавирус пандемиясын ауыздықтаудағы пәрменді де батыл шешімдері, дәрігерлер қауымын қолдауы көңілден шығады. Осынау қатал сын кезіндегі ерен еңбегі үшін марқұм әріптесіміз, Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі Олег Николаевич Исаевқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілуі өңір дәрігерлеріне де көрсетілген жоғары құрмет. Біз ауыр індеттің бетін қайтарып, жеңіске жететінімізге сенімдімін.
Ізгі жанның ақ тілегіне біз де қосыламыз!

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар