Қазіргі таңда Ақмола облысында «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға 786 өтініш келіп түскен. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында өткен брифинг кезінде партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов мәлімдеме жасады.
Партияның праймеризіне келіп түскен 786 өтініштің 160-ын бастауыш партия ұйымдары ұсынса, 626-сы өзін-өзі ұсынғандар. 318-і әйел азаматшалар мен 235 адам 35 жасқа дейінгі жастар. Ал, 21-і көп балалы ана мен 12-сі мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен онлайн форматта өткізілген кездесу барысында Ғалым Бекмағамбетов праймеризге партияның құндылықтарын бөлісетін, бағдарламалық құжаттарын қолдайтын, партия қатарына қосылуға дайын азаматтар қатыса алатындығын жеткізді. Биылғы жылдың 17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы өз тарихында алғаш рет праймериз яғни, партияішілік сайлау өткізеді. Праймериздің басты мақсаты – партияның сайлауалды тізіміне енетін депутаттардың сапалық құрамын мейлінше жақсарту. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай партияішілік сайлау өткен емес.
«Nur Otan» партиясы еліміздегі ең әлеуетті, саны жағынан басым, ресурстық базасы тұрғысынан да ауқымды ұйым. Атқарушы биліктегі азаматтардың басым бөлігі осы партияға мүше. «Nur Otan»-ның өз ішінде алдын ала осындай әділетті сайлау өткізілетін болса, сол таңдаудың нәтижесінде іріктелген лайықты үміткерлер ертең елге де барынша қызмет етпек. «Nur Otan»-ның праймеризіне үміткер ретінде қатысу үшін міндетті түрде партияның мүшесі болу қажеттігі тілге тиек етілді. Егер кез-келген адам праймеризге қатысам деп шешім қабылдаса, партияның облыстық, аудандық, қалалық бөлімшелерінің біріне барып, өтініш жазып, «Nur Otan»-ның жарғысындағы талаптармен толық келісіп, құндылықтарын мойындайтын болса, партияның қатарына қосыла алады. Содан кейін, праймеризге үміткер ретінде тіркеледі. Сөз соңында Ғалым Мәдешұлы:
–«Nur Otan» партиясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, еліміздің бар азаматына, оның ішінде жастарға беріліп отырған әлеуметтік лифт, мүмкіндік деп есептеу керек. Әрине, Қазақстан азаматтарының көзқарастары бір-біріне көп жағдайда сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ, бәріміздің ойлайтынымыз еліміздің тәуелсіздігі, азаматтардың құқықтарының сақталуы, әлеуметтік жағдайы болғандықтан, негізгі мақсаттың бәрі осыған келіп тоғысады, – деді.
Бүгінгі күні Ақмола облысының барлық аумақтарында праймериз тәртібі бойынша өтініштер қабылданып, құжаттарды тіркеу жүріп жатыр. Ақмола облысы бойынша онлайн дауыс беруге 40 мыңнан астам партия мүшесі қатысады деп күтілуде. Осыған орай, 248 дауыс беру учаскесі дайындалған. Өңірдегі интернеті жоқ 7 елді мекенде дауыс беру дәстүрлі түрде бюллетень арқылы жүргізілетін болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.