Көкшетаулық полицейлер әулеті

Әке

1926 жылдың басында Көкшетау қаласында менің досым әрі курстасым Теміржан Сейітжановтың әкесі Бақытжан аға мына жарық дүниеге келіпті. Бұл уақыт қазақ халқы үшін қиын кезең, яғни, кеңес билігін орнату үрдісі белең алып, ұжымдастыру жүргізіліп жатқан тұс еді. Бай-манаптар мен олардың жандайшаптары жаңа биліктің өз міндеттерін орындауына барынша қарсылық көрсетіп жатты…
Бақытжан Сейітжанов алты жасқа толғанда әкесі қайтыс болыпты. Отағасынан айырылған отбасының күнделікті өмір сүру жағдайы мүлдем қиындай түседі. Ауылдастары да көмектесе алмайды, себебі, олардың өздерінің де жағдайлары бұл уақытта нашар еді. Сол бір жылдары қыс та қатты болып, үнемі азық-түлік пен киім-кешек жетпей жатқан көрінеді. Көптеген тұрғындар балаларын жергілікті мектеп-интернатқа бере бастады, ондағы мақсаттары тым болмағанда олар сонда жүріп, уақытылы тамақтансын деген болар.
1944 жылы Бақытжан Сейітжанұлы бұрынғы Көкшетау ауданының Қызылсая ауылында, яғни, туған жерінде мектеп-интернатты тәмамдайды да, сол жылдың қараша айында қызыл әскер қатарына шақырылып, Семей облысындағы әскери бөлімде қызметін атқарады.
Бұл уақытта Қызыл Армия Еуропа даласында жауынгерлік әрекеттерін іске асырып жатқан болатын. 1945 жылдың 1 мамырында Семейден жіберілген екі эшелон полк Брест қаласына жетеді. Бақытжан Сейітжанов әскери қызметін өтеген полк жауынгерлік іс-қимылдарға қатыспады. Дегенмен, ол ұзақ уақыт бойы КСРО-ның ІІМ ішкі әскерінде қызметін атқарып, тек 1950 жылы ғана туған жеріне оралды. Әскерден оралған соң Көкшетау қаласына келіп, облыс орталығындағы ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасады. Осы елуінші жылдары Көкшетау ішкі істер органдарынан алғашқылардың бірі болып, жолдамамен Ташкенттегі милиция мектебіне оқуға жіберіледі. Бұл сол кезде Орта Азиядағы жалғыз оқу орны болатын.
Оны бітірген жас офицер милиция аға лейтенанты шенін алады. Көкшетауға оралған соң облыстық ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөліміне аға инспектор болып орналасып, онда 4 жыл еңбек етеді. Абыроймен жұмыс істеп, өзінің білімді, тәжірибелі қызметкер екендігін көрсетеді. Жедел іздестіру жұмыстарында уақытпен санаспай, барынша еңбектенеді. 1958 жылы Келлер аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалады, онда бес жыл жұмыс істеп, 1960 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы мемлекеттік институтының заң факультетін сырттай тәмамдайды. Мемлекеттік билік органдарын қайта құруға орай, яғни, әкімшілік территорияларды нығайтуға байланысты 1963-1966 жылдары Б.Сейітжанов сол кездегі Көкшетау облысының Рузаев ауданында ішкі істер бөлімінде бастықтың орынбасары болып қызмет атқарды. 1966 жылы Арықбалық және Қазан аудандарының негізінде құрылған Володар аудандық ішкі істер бөліміне бастық болып тағайындалады. 1971 жылдан бастап бес жыл бойы Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімін басқарды. Зейнеткерлікке кетер алдында алты жыл бойы облыстық қылмыстық іздестіру басқармасында бастықтың орынбасары болып жұмыс істеді. 1982 жылы елу алты жасқа келгенде өз еркімен отставкаға кетті. Ондағы себеп, денсаулығы сыр бере бастады.
Ішкі істер министрлігінде еңбек еткен ұзақ жылдары Б.Сейітжанов өзін кәсіби сауатты және принципшіл қызметші ретінде көрсете білді, өзі басқарып отырған құрылымның ұйымдастырушылық қызметін жақсарту жөніндегі басқармалық шешімдерді шебер қабылдайтын білікті басшы болды. Еңбегі еленіп, бірнеше мәрте КСРО-ның, сонымен бірге егеменді Қазақстанның, мемлекеттік, салалық наградаларымен марапатталды. Аудандық және Көкшетау қалалық халық депутаттарының кеңесіне депутат болып та сайланды.
Бұған қоса, Бақытжан Сейітжанұлы қызмет еткен кезінде бірталай жас қызметшілерге тәлімгер болды. Оның тәрбиесінен өткен жастардың біразы қызметтерінде үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындыра алды, лауазымды басқарушылық қызметтерге тағайындалды.
Зейнетке шықса да, ол жай отырмайтын. Жас қызметкерлерге барып, өзінің адамгершілік-патриоттық тұрғыдағы тәжірибесімен бөлісіп жүрді, органға жаңадан келген полицейлерді оқытып, үйретуде ізгілікті істер жасады. Өзінің балалары мен немерелерін заң және құқық қорғау саласында еңбек етуге баулып, тәрбиеледі. Ол өмір бойы жиған-терген тәжірибесін ұрпағына қалдыра білді. Осы салада халыққа қызмет ету эстафетасын ұлы Теміржанға тапсыруы соның бір белгісі еді.

Бала

Менің досым Теміржан Бақытжанұлы да әке жолын жалғастырып, құқық қорғау саласының мамандарын даярлауда көп еңбек етті. Теміржан екеуіміздің достығымыз 1971 жылы КСРО ІІМ-нің Қарағанды қаласындағы Жоғары мектебінің қабырғасында жүргенде басталды. Содан бері байланысымыз үзілген жоқ, артымыздан ерген балаларымыз да бұл достықты жалғастырып келеді.
1975 жылы Қарағандыдағы жоғары мектепті аяқтаған соң, Теміржан Сейітжанов өзінің туған жері Көкшетауға оралды. Милициядағы қызметін облыстық ІІБ-ның аппаратында бастады, жетекші қызметтерде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Ол да әкесі сияқты жұмысына беріліп, күні-түні жұмыс істеп, өзін жақсы қырынан таныта алды. Оның жұмысына жауапкершілікпен, байсалдылықпен қарайтынын басқарма бастығы да байқайды, әріптестерімен өзара қарым-қатынасы жақсы болып, жергілікті жерлердегі бағынысты органдар, басқарма аппаратындағылар оған сыйластықпен қарады. Оның жақсы қырларын көрген басшылық Теміржанды жолдамамен Мәскеудегі КСРО ІІМ академиясына оқуға жібереді. Оны 1984 жылы тәмамдап Көкшетауға келген соң, Теміржан Бақытжанұлы Арықбалық аудандық ішкі істер бөліміне бастықтың жедел қызметтер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Кейін ол Чистополь, кейін Көкшетау аудандық ішкі істер бөлімдерін басқарды.
Тоқсаныншы жылдары Қазақстанда Тергеу комитеті құрыла бастады. 1996 жылы Теміржан Сейітжанов Көкшетау қаласы бойынша тергеу комитетінің бастығы болып тағайындалды. Қазақстанның Тергеу комитеті қайта таратылғаннан кейін Теміржан Бақытжанұлы Көкшетау облыстық ішкі істер басқарамасы бастығының орынбасары болып, қайтып оралады. Ал, Көкшетау облысы таратылғаннан кейін Теміржан Сейітжанов Көкшетау қаласының ішкі істер басқармасын басқарды. 2003 жылы зейнетке шықты. Ішкі істер органдарында қызмет атқарған жылдары Теміржан Бақытжанұлы Сейітжанов өз әкесінің жолын лайықты жалғастыра алды. Ол Сейітжановтар әулетінің бастаған ізін жалғайтын ұлын тәрбиелеп өсірді. Олжас Теміржанұлы Сейітжанов атасы мен әкесінің жолын әрі жалғастыруда.

Немере

1979 жылы Бақытжан Сейітжановтың немересі дүниеге келіп, оған шын көңілмен қуанған атасы Олжас деп ат қояды. Немересінің ер бала екендігін естігенде, ұрпағы жалғасатынына үміт артып, төбесі көкке жеткендей ерекше қуанып жүрді. Жас офицер, әкесі Теміржан да атасынан кем қуанбады. Ол өз әкесіне немерелі болғанын мақтанышпен жеткізіп, сүйінші сұрап, балаға ат қоюын өтінді. Негізі бұл жаста адамдар немеренің дүниеге келуіне ерекше көңіл аударады. Бұл деген ұрпағыңның жалғасы, тегіңнің аталып жүруі, немерең арқылы оның ата-бабасының, әкесінің есімі ұмытылмайтындығы.
Олжас та ер жетеді. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Қарағанды қаласындағы әкесі оқыған жоғары мектепке оқуға түседі. Кезінде КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебі аталған бұл оқу орны қазір ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институты болып аталады.
Осында оқып жүрген кезінде Олжас та атасы мен әкесінің жолын қууға, яғни, заң мен құқық қорғау саласында қызмет етуге талпынды. Алайда, болашаққа көз жүгірткен әкесі баласының бойындағы қабілетін байқап, оның ғылыммен айналысуын құп көрді. 2000 жылы Олжас туған жері Көкшетауда тергеуші ретінде қызмет етті, бірақ, сол жылдың соңына таман оны Қарағанды қаласындағы өзінің Альма-Матеріне оқытушылық қызметке шақырды. Оқуын тәмамдаған соң, Олжас отбасын құрып, келіні Нұргүл де қайын атасының ұсынысы бойынша ішкі істер органдарына жұмысқа орналасты. Қарағанды облыстық департаментінің құрылымдарында жұмыс істеп жүріп, Олжас подполковник шеніне дейін көтерілді, кейін докторантураға оқуға түсіп, диссертациялық зерттеумен айналысты. 2001 жылы адъюнктураға түсіп, үш жылдан кейін кандидаттық диссертация қорғап, заң ғылымдарының кандидаты атанды. 2007 жылы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының адъюнктура бөлімін басқарды. Бұдан кейін оқу орны және ғылыми құрылымдарда түрлі басшылық қызметтер атқарды, 2014 жылы Қостанай академиясында бастықтың орынбасары болды, ал, 2019 жылдан бастап, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында басшының орынбасары болып жұмыс істейді.
Сейітжановтар әулетінде қалыптасқан халық пен заңға қызмет ету парызын Олжас та берік ұстанып келеді. Бақытжан Сейітжанұлы сонау елуінші жылдары бастаған отбасылық істі оның өсіп келе жатқан шөберелері де жалғастырады деген сенімдеміз.
Осылайша бар ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған, арнап қана қоймай, балалары мен немерелерін осы іске баулыған Бақытжан Сейітжановтың ерен еңбегін ескеріп, оның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуды ұсынғым келеді.

Юлан СЕЙПІШЕВ,
отставкадағы полиция полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар