Алғашқы гектарлар берекесі тәуір өнімнен үміттендіреді

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін облыста 4 миллион 427 мың гектар егін алқабының 653,8 мың гектары орылып, оның 653,6 мың гектары бастырылды. Бұл – тиісінше барлық егіс алқабының 14,7 пайызы. Облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 9,4 центнерден астық жиналуда. Ал, Целиноград ауданында бұл көрсеткіш 14 центнерден асып отыр.

Биылғы көктемде егіндікөлдік диқандар барлығы 298,3 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Оның 277,8 мың гектары бидай, 9000 гектары арпа, 2000 гектары сұлы және 2400 гектары зығыр.
Сонымен бірге, 7 мың гектарға шөп еккен. Көктемгі мол ылғал мен жаздағы ыстықтың арқасында егін тез жетіліп, ерте пісті. Сол себепті, биыл аудан диқандары орақ науқанын жылдағыдай кешіктірмей, ерте бастап кетті. Бүгінгі күнге дейін ауданда бүкіл дәнді дақылдардың 10 мың гектарына жуығы жинап алынды. Әзірге гектар түсімі аудан бойынша орта есеппен 11,6 центнерден айналуда. Алдағы жылдың қамын осы бастан ойлаған шаруашылықтар тұқым қорын құйып алуға да жете көңіл бөлуде. «АСКОП» және «Армавирский» серіктестіктері әр гектардан 12-13 центнерден астам астық жинауда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жарасбек Жақановтың айтуынша, соңғы бірер күнде болған жауын-шашын сап тиылып, диқандар жаңа астықты жинауға білек сыбана кірісті. Жауапты шақта «Сарымсақты», «Шарафутдинов және К», «Бауманское-2020» тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері дала төсіндегі дүбірлі еңбек көрігін қыздырып, жұмысты қарқынды жүргізуде.

Аслан ОСПАНОВ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар