Жарқайыңдықтар қарқыны

Облысымызда егін орағы басталғанына бірнеше күннің жүзі болды. Алғашқылардың бірі болып егінге шалғы салған шалғайдағы Жарқайың ауданының диқандары әрбір ашық күнді тиімді пайдалануда.

Үстіміздегі жылы аудан бойынша 623,7 мың гектар алқапқа егін егілді. Оның 570 мың гектары бидай, 45,7 мың гектары арпа, 1,5 мың гектары сұлы. Сонымен бірге, 120 гектар жерге көкөніс пен 250 гектарға картоп отырғызылды. Үстіміздегі жылы барлық егістік алқаптың 620 мың гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 2125 гектар алқапта зиянкестерге қарсы, ал, республикалық бюджет есебінен 400 гектар алқапқа итальяндық прусқа, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз қаражаты есебінен трипс пен сұр астық қалағына, өсімдік ауруларына қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Орақ науқаны ырғалып-жырғалуды, кідіріс пен кешеуілдеуді көтермейді. Табиғаттың әр күнгі қолайлы сәті диқандар үшін тек тиімділік пен пайда әкеле алады. Жарқайындық диқандар қажетті жанар-жағармаймен және науқанға қажетті өзге де техникалармен толықтай қамтамасыз етілді. Күзгі-дала жұмыстарын жүргізуге ауданға 9750 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Ал, ауыл шаруашылығы техникаларына келетін болсақ, қазіргі кезде егін орағы науқанына аудан бойынша 885 комбайн, (оның 270-інің өнімділігі жоғары шет елдік комбайндар), 62 дестелегіш, 463 жүк көлігі және 704 тіркеме жұмылдырылып отыр. Өткен жылы барлығы 167 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынса, биылғы жылдың алты айында техника паркі тағы да жаңадан алынған 57 техникамен толықты.
Жаңа астықты қабылдап алу ісінде кідіріс болмауының алар орны бөлек. Астық қабылдау кәсіпорындарының бәрі толыққанды жұмысқа дайын. Үстіміздегі жылдың өнімін жалпы сыйымдылығы 428,4 мың тоннаны құрайтын 7 астық қабылдау кәсіпорны қабылдайды. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің меншігіндегі сыйымдылығы 324 мың тонна астық қоймалары бар. Қазіргі кезде ауданда 618,7 мың гектар егін алқабының 30 мың гектардан астамы орылып, бастырылды. Бұл – тиісінше барлық егіс алқабының 5 пайызы. Аудан бойынша әр гектардан орта есеппен 8 центнерден астық жиналуда.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жарқайың ауданы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін облыста 4 миллион 446 мың гектар егін алқабының 710 мың гектары орылып, оның 667,4 мың гектары бастырылды. Бұл – тиісінше барлық егіс алқабының 16 пайызы. Облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 9,4 центнерден астық жиналуда. Әзірге жауапты науқанда Бурабай және Жақсы ауданының диқандары көш бастап келеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар