Астықтың шығымы жақсы

Ауа райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланып қалуға тырысқан Зеренді ауданының диқандары егін орағын қызу жүргізуде. Соңғы бірер өткінші жауынның қол байлағаны болмаса, бұл күндері дала еңбек дүбіріне бөленуде.

Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша биыл 200 мың гектардан астам алқапқа дән сіңірген зеренділік диқандар егін орағы науқанында өзге өңірлермен салыстырғанда көш басында келеді.
Аудан бойынша егінге алғашқылардың бірі болып шалғы салған «Викторовка»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі диқандарының қарқыны күшті. «Диқан жерім дейді, жер үшін ерінбейді» демекші, шаруашылық жұмысшылары ширақ қимыл мен ұйымшылдықтың арқасында жаңа соғылған астықты жауын-шашынға ұшыратпай уақытылы тазалап, қамбаға құюда. Астығы тау-тау болып үйіліп жатқан қырман басында да жұмысшылар екі ауысыммен еңбек етуде. Шаруашылық биылғы жылғы көктемде 17 мың гектар алқапқа тұқым септі. Агротехникалық
шаралар мен озық технологияны қолданудың нәтижесінде егін бітік шығып, мол астық жинауда. Қазірдің өзінде барлық егістік алқаптың жартысына жуығы алынған.
– Маңдай термен бейнеттеніп өсірген ел ризығын, шашпай-төкпей жинап алу бәрімізге ортақ міндет. Ауданымыздағы шаруашылықтар қыркүйек айының әр ашық күнін барынша ұтымды пайдаланып қалуға тырысуда. Астықтың шығымы да жаман емес. Аудан бойынша әр гектардан орташа 13 центнерден өнім алынуда, – дейді бізге аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінің қызметкерлері.
Әр күні қымбат егін орағының ырғалып-жырғалып жүруді көтермейтінін диқандар жақсы біледі. Сондықтан, зеренділіктер жұмыс қарқынын арттырып, науқанды қысқа мерзім ішінде аяқтауды көздеп отыр.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар