Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел тілегі – егінжайда - АРҚА АЖАРЫ

Ел тілегі – егінжайда

Биыл зеренділіктер егін орағы науқанын жоғары қарқынмен бастаған еді. Сол үрдіс әлі жалғасып келеді. Қазір аудан диқандары жауапты науқанды жүргізуде облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінуде.

Аудандағы іргелі шаруашылықтардың қатарынан көрініп келе жатқан «Диқан плюс», «Викторовка» және «Ұмай жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қарқыны жоғары. Солардың арасында маңызды науқанда алғашқылардың бірі болып, бітік шыққан егінге шалғы салған «Қос Ел Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары да шешуші кезеңде ширақ қимылдауда.
Біз де аталмыш серіктестіктің егістік алқабына арнайы барып, диқандардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтуды жөн санадық. Краснояр кенті мен Симферополь ауылын байланыстыратын күре жолдың он жақ бетінде орналасқан 240 гектар дала төсінде егін орағының нағыз қызған шағы екен. Диқан қауым барлық күшті ел ризығын шашпай-төкпей жинап алуға жұмсап жатыр. Қаз-қатар тізілген техникалар да ен даланы еңбек ырғағына бөлеуде.
Науқан қызған шақта әңгімелесуге уақыт таппады ма, алдын ала келіскен серіктестік басшысы мен бас агрономын алқап басынан кездестіре алмадық. Дегенмен, бізді қарсы алған серіктестіктің бас инженері Қазезтай Әшімов осында жұмыс істеп жатқанынан аз уақыт болса да, өзімен бірге ертіп, қызу науқан жүріп жатқан егін алқабын аралатып, диқандардың тыныс-тіршілігімен таныс-тырды. Сары алтындай сарғайған алқапта қаз-қатар тізілген комбайндар қоңыр күздің көркін кіргізуде. Шаруашылықта егістік алқаптарында жүрген техниканың бәрі су жаңа. Бәрі «Вектор 410» және «Джон Дир» тәрізді шетелдік алымдылығы жоғары комбайндар. Жер апшысын қуырған тоғыз комбайн алтын реңдес алқап үстінде жосылтып барады. Бастырылған дәнге толы «КамАЗ» көліктері мен тіркемелі «Беларусь» тракторлары қас-қағым сәт бөгелтпей алтын астықты Симферополь ауылының іргесіндегі қызыл қырманға тасу үстінде. Диқандардың қимылы ширақ.
Бас инженердің айтуынша, биылғы жылы шаруашылық барлығы 7,5 мың гектар алқапқа бидай, 3 мың гектарға арпа дақылдарын сепкен екен. Жазда жауын-шашының аз түскеніне қарамастан, агротехникалық шараларды уақытында, сапалы атқарған серіктестік диқандары тәуір өнім алуда. Гектар берекесі 10 центнерден айналуда. Астық алдымен қырманға жөнелтіліп, кейін осындағы астық сақтау қоймаларына жайғастырылуда.
– Қазіргі таңда қырманда бір ауысым бойынша 16-17 адам жұмыс істейді. Барлығы өз ісінің шеберлері. Жұмысқа ауыл адамдары тартылып, өз нәпақаларын табуда. Жинаған өнімдеріміздің астық сақтау орындарына жөнелтіп, қалғанын өзіміз де сақтаудамыз. Келер жылға тұқым қоры да керек қой, – дейді бас инженер.
Алқап басын аралап жүргенімізде бункерлері толған комбайндар соңдарынан ілесіп жүрген тіркемесі бар «КамАЗ» жүк көліктеріне кезекті рет жаңа астықты түсірді. Оны жүргізушілер Жұмаш Баймұрзин мен Дмитрий Телицын шашпай-төкпей діттеген жеріне алып кетті.
Мұнда егіс алқабында тер төгіп жатқан диқандардың аянбай еңбектенуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Жұмысшылар қажетті ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұл серіктестік Симферополь ауылының тамырына қан жүгіртіп отыр десек артық айтқандық емес. Өйткені, ауылдың барлық тұрғындары осында жұмыс істейді. Олар жауапты науқанды дер мерзімінде аяқтауды басты мұрат санауда.
– Астық сапасы қалай? – деген сауалымызға: – Жаман емес. 3 класты бидай алып жатырмыз, – деп қуана сөйлейді бас инженер.
Бүгінгі таңда егістік алқабының 4,5 мың гектарға жуығын жинап үлгерген серіктестік диқандары ауа райы ашық болса, қыркүйек айының соңына таман егін орағын аяқтайтындықтарына сенімді. Бірақ та, тамыз айында жауған жаңбырдың салдарынан егіннің тамыры қайта көктеп, біраз кедергі келтіріп отырған сыңайлы. Алайда, науқанға білек сыбана кіріскен диқандарға бұл кедергі емес. Олар егінді бөлектеп жинау әдісін оңтайлы қолдануда.
Серіктестік биылғы егін орағына шетелдік алымдылығы жоғары тоғыз комбайнымен қатар, «Мак Дон», «Кейс» жаткалары сияқты техникаларды жұмылдыруда. Сондай-ақ, жеңілдетілген бағаға жанар-жағар май сатып алған. Оған қоса, егіні жиналып босаған 500 гектар жер жыртылып, өңделген. Жоспар бо-йынша 2,5 гектар жерді өңдеу межеленіп отыр.
Қарбалас науқанның қызығына түскен комбайншылардың арасында жаңа дала кемесі сеніп тапсырылған Ерлан Сақтағанов пен Сабырбек Қожағалиевті сөзге тартқан едік.
– Биыл егіннің шығымы жылдағымен салыстырғанда орташа. Күн осылай ашық тұрса бар күшімізді салатынымыз анық. Оған осы салада ұзақ уақыт жұмыс істеген тәжірибеміз де жетерлік, – деп ағынан жарылды Ерлан Сақтағанов.
Осылайша алтын астық үшін уақытпен санаспай маңдай терін төгіп жүрген «Қос Ел Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандарына жауапты науқанда табыс тілеп қоштастық.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерде: комбайннан астық қотару сәті; егіншілер кешкі ас кезінде.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар