Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Берекелі «Бастау!» - АРҚА АЖАРЫ

Берекелі «Бастау!»

Ел еңсесін көтеруге «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты тиіп-ақ тұр. Бағдарлама бойынша бөлінген мол қаржы талай елді мекеннің ажарын ашып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түсуде. Бұрын ауылда жағдай жоқ деп аңсары қалаға ауып тұратын жастар енді туған жерінде түтін түтетіп отыр.

Мың жарымнан астам тұрғыны бар Бастау ауылдық округінде жұмыс қайнап жатыр. Қыс қамына кіріскен ауыл тұрғындары үй жайлары мен мал қораларын сылап-сырлап, қапысыз қамдануда. Төрт құбылада тегіс жинақы қолдың табы анық байқалады. Мінсіз тазалықтың мұраты осындайда көрінеді екен. Шынын айтқанда, алыстан қарасаңыз, үйі қайсы, қорасы қайсы екендігін айыра алмайсыз. Екеуі де жайнап тұр.
Міне, мынау салынып жатқан жастар орталығы. Құрылыс алаңында қазір 25 адам қауырт жұмыс істеп жатыр. Қоңыр күздің әрбір ашық сәтін пайдаланып, жұмысқа жұмылған құрылысшылардың еңбегі өнік. Ауыл ортасындағы үш қабатты етіп салынуы көзделген ғимараттың жалпы аумағы бір жарым мың шаршы метрді құрайды. Осы жерде кинотеатр, би залы, мектеп оқушылары мен ауыл жастарына арналған бірнеше үйірмелер жұмыс істейтін болады. Қаладан қай жері кем? Қайта кіндік қаны тамған топырақта орнығып отырып, ел игілігіне үлес қосқан әлдеқайда тартымды емес пе? Шындығында өтпелі кезеңнің өкпек желіне төтеп берген бұл округтен тұрғындардың қоныс аударуы бұрын да сирек болатын. Оның бір себебі, тұрақты жұмыстың барлығы, екіншіден, елді мекендерде әлеуметтік-тұрмыстық жағдай тудырылуы. Енді оның үстіне дәулетті елде сәулетті жастар орталығы салынса, ел берекесі еселене түспек.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш бірдей жоба жүзеге асырылуда, – дейді ауылдық округтің әкімі Азамат Қайыржан, – білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өңі кіріп қалды. Жастар орталығы салынып жатыр, елді мекендердің көшелері тап-тұйнақтай етіліп жөнделіп, өзгеше кейіпке енді. Осының барлығы мемлекет қамқорлығы деуіміз керек. Өңі жақсылық жағынан өзгерген ауылға жастар да келе бастады. Енді медицина қызметкерлері келеді деген үміттеміз. Ауылға ат басын тұрған жас мамандарға баспана дайын.
Бүгінгі таңда 385 отбасы түтін түтетіп жатқан Бастаудағы білім ошағы екі тілде тәлімді тәрбие, берік білім беруде. №1 орта мектептің жанындағы спорт залы мен бірнеше сыныптарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жарқыратып қойыпты. Іші кірсе-шыққысыз.
–Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарлама ауыл адамдары үшін бір ғанибет қамқорлық болды,–дейді №1 орта мектептің директоры Айгүл Жұрымбаева,–былтыр балалар, футбол, хоккей алаңдары салынған болатын. Биыл салтанат залы, мектеп дәлізі жөндеуден өткізілді.
Мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы ұзындығы алты шақырымға жуық ауыл көшелеріне асфальт төселуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 140 миллион теңге қаражат қарастырылыпты. Ауыл тұрғыны Қуанхан Бексейітовтың айтуына қарағанда, ел қамқорлықтың жылуын сезіне бастаған. Өздері де ортақ қазынаға үлес қосуға әбден ынталы. Балаларының білім алатын екі мектебінің де жөндеуден өткізілуі ата-аналардың ризашылығын туғызып отыр. Бір айта кетерлігі, ел мерейін өсіретін осындай ізгілікті шаруаның басы-қасында жүргендердің дені жастар.
Бастаудағы береке ел-жұрттың еңсесін көтеруге себепші. Туған жердің түтінінің түзу ұшуы кімге болсын қуаныш емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар