Қазір қоғамды ең бір алаңдатып және кей жағдайда халықтың наразылығын да тудырып отырған мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық екендігі анық! Әрине, осы бір кеселге қарсы елімізде батыл да нақтылы жұмыстар жүргізіліп те келеді. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең алғашқылардың бірі болып, Заң да қабылдағандығын ескерсек, күрес дәйекті жүргізіле бастағаны да болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қашан болсын «Жемқорлықпен күрес – жалпы халыққа ортақ іс» деп атап көрсетіп келеді.

Қазіргі уақытта халқымыздың мүддесі Тәуелсіздікті одан әрі нығайту! Демократиялық қоғам орнату! Елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау! Мемлекеттің тілінің Жасауы! Заңның үстем болуы! Әлеуметтік Теңдік! Ауылдарымыздың жаңғыруы! Сонымен бірге, халықтың тағы бір басты мүддесі – Жемқорлықты жою!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауынан бас-
тап: «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ» деген болатын.
Соның айғағындай Мемлекет басшысы биылғы жылдың 19 тамыз (2020) күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде өткізген кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап көрсетті. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндеттер атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілгендігін айтты.
«Өз денсаулығына алаңдап ауруханаға барған адамдардың қажетті медициналық көмек алу үшін кімге қанша ақша берем деп уайымдауына жол беруге болмайды», – деген Мемлекет басшысының осы бір ауыз сөзі өз өмірің мен өз денсаулығыңды сақтау үшін де жемқорлық кесел болып жабысып отырғандығын анық сезіндіре түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал, жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керек деп санайды. Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқықтық ниглизмге әкеп соғады. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқаншылыққа ұласып кетпеуі керек. Сонымен қатар, бұл жауапты және заңға бағынатын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс. Бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуі тиіс.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы Кеңесте еліміздің қауіпсіздігі мен халықтың амандығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүйелі әрі табанды шараларды іске асыруға байланысты екенін атап өтті.
Міне, Мемлекет басшысының осы айтқандары мен талаптары біздің, яғни, Ақмола облыстық «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық күрес комиссиясының да және әрбір партия мүшесінің алдағы жұмыстарымыздың жаңа бір бағыты деп санаймыз.
Қазір Ақмола облысында партияның аймақтық және өңірлік филиалдарында 20 жемқорлыққа қарсы күрес кеңесі жұмыс істейді. Жасыратыны жоқ, әлі де болса, орын алып отырған жемқорлықтан партия мүшелері де аяқтарын тартар емес.
Мысалы, облыс бойынша 2018 жылы Партиялық жауапкершілікке 20 адам тартылып, 12 адам партия қатарынан шығарылды. Талдап көрсетсек, бұлардың 9-ы жемқорлық бойынша, үшеуі қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылып, үшеуіне ескертпе, біреуіне ескерту жасалды. Ал, былтырғы жылы, яғни, 2019 жылы партиялық жауапкершілікке – 25 адам тартылып, 17-сі партия қатарынан шығарылды. Бұлардың 15-і сыбайлас құқық бұзушылық үшін жазаланса, төртеуіне сөгіс, 4 партия мүшесіне ескертпе жасалынды.
Осы деректерді салыстыра қарасақ, әрине партия мүшелерінің сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылуы да, сол үшін партия қатарынан шығарылуы да өсе түскені бар.
Мұндай өсім берудің бір сыры, соңғы уақытта партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлық комиссиясы жұмысының осы дертті анықтау, кінәлілерді өз істегендеріне орай жазалау белсенділігінің артуымен де және де қоғам өкілдерімен, қалың бұқарамен байланысының күн сайын арта түсуімен де түсіндіруге болады.
Қазіргі талап бойынша, қоғамда жемқорлыққа қарсы төзбестік ахуал қалыптастыру жұмыстары да жандана түсті. Соның айғағындай, мысалы Партияның облыстық және аймақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдауларда 2018 жылы 17 өтініш қаралса, 2019 жылы Партияның облыстық және аймақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдауларда 169 өтініш қаралды. Бұл өтініштердің барлығы да назарға алынып, тиісті кеңестер берілді.
Біздіңше қазір қалың бұқара және қарапайым адамдар орын алып отырған жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін Заң орындарымен бірге, «Nur Otan» партия-
сын да жемқорлықпен күрескердің бірі деп санайды. Біз бұған қуанамыз. Бұл халықтың партияға деген зор сенімі екендігін айғақтайды.
Әрине, жоспар бойынша мәжіліс өткізу жағынан да кенде емеспіз. Қаулылар да қабылдаймыз, нақтылы міндеттерді айқындап, талап қойып жатамыз. Сол талаптарымыздың барлығын да қоғамға жеткізуге үлкен мән беріп отырамыз.
Өйткені, бұқара халық «Nur Otan»-ның жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы және олардың мүшелері қалғып отырмағандығын, көпшілікпен бірлесіп жұмыстар жасап жатқанымызды біліп отырсын, осы ісімізде бізге жәрдемші болсын деген ниетпен барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен, барлық әлеуметтік желілермен тығыз байланыс жасап отырмыз.
Бұған айғақ боларлық мына жайды алға тартар едік. Мысалы 2018 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөзде, теледидарда, интернет ресурстарында, (фейсбук, инстаграм) 195 материал жарияланса, ал, өткен 2019 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында 345 материал жарияланды. Бұл жұмысымыздың ақпараттық саласындағы белсенділігі арта түсіп отырғандығын айғақтаса керек.
Биылғы 2020 жылы 120 мәжіліс өткізу жоспарланса, қазіргі уақытқа дейін 60 мәжіліс өткізіліп, 175 қаулы қабылданды. Тиісті мемлекеттік және жергілікті атқару органдарына 374 ұсыныс жолданса, мұның 192-сі орындалды, 147-сі орындалу үстінде. Партиялық жауапкершілікке – 12 адам тартылып, 4 кісі партия қатарынан шығарылды. Бұлардың үшеуі сыбайлас құқық бұзушылық үшін жазаланса, 6 адамға сөгіс, 2 партия мүшесіне ескерту жасалынды. Партияның облыстық және аймақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдауларда 50 өтініш қаралса, бұлардың барлығы назарға алынып, тиісті кеңес берілді. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында 123 материал жарияланды. Мұның ішінде баспа беттерінде – 39, теледидарда – 3, интернет ресурстарында (фейсбук, инстаграм) – 81 материал жарық көрді.
Сыбайлас құқық бұзушылық фактісі орын алған барлық мемлекеттік органдарға қатысты материалдар облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте талқыланды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес пен оның құрылымдары атқару органдары, мемлекеттік қызмет жөніндегі департамент, сыбайлас жемқорлықпен күрес Ұлттық бюросымен және азаматтық сектормен тығыз байланыста тиісті жоспарлар мен шараларды іске асыруда түпкі нәтижелердің мақсатты және сапалы атқарылуына айрықша назар аударады.
Осыған сәйкес, сыбайлас жағдайлары байқалуына орай, облыстық Кеңес пен партияның аймақтық филиалдарының мәжілістерінде құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы салалары, құқық қорғау органдарында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы және «Nur Otan» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған Бағдарламасы, Мемлекеттік «Нұрлы Жол» және «Нұрлы Жер» инфрақұрылымдық даму бағдарламаларын жүзеге асырудағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы бастауыш партия ұйымдарының, партияның аймақтық филиалдарының жұмыстары қаралып, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, партияның депутаттық фракцияларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Бағдарламасын орындаудағы қызмет барысы тыңдалды.
Мәжілістер қорытындысымен партия мүшелерінің сыбайластыққа қарсы иммунитетін қалыптастыруға, кеселге бұқаралық қарсылық сезімдерін қалыптастыруға, лауазымды тұлғалардың өзіне сеніп тапсырылған құрылымдарда сыбайлас құқық бұзушылық пен тәртіп бұзушылығының алдын алып, оған жол бермеуіне, сыбайластық көріністері мен мүмкін болған сыбайластық схемасына жол бермеудегі ішкі бақылаудың тиімділігін арттыруға ұсыныс-кеңестер берілді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылғы 21 тамыздағы саяси кеңес мәжілісінде «Сенім. Диалог. Болашаққа сенім» партиялық қайта жүктеме Бағдарламасын жариялады.
Осыдан кейін, партияның Орталық аппаратының тапсыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестер құрамы қайта қаралып, мәжілістер ай сайын өткізілетін болды.
Партияның аймақтық филиалдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі партияның аумақтық филиалдарындағы Қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіреді, есептер сұратып, олардың жұмыс тиімділігін тексереді және аумақтық филиалдардағы қоғамдық кеңес төрағаларының есептерін тыңдайды.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында партияның аймақтық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес төрағасы өзім бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті өкілдерінің, облыстық әкімдіктің әдеп жөніндегі өкілінің қатысуымен Сандықтау, Зеренді, Аршалы және Қорғалжын аудандарында болып, жергілікті атқарушы, ішкі істер органдарының ұжымдарымен кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңдылықтарына түсініктер берілді.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері және мүдделі мемлекеттік органдар мүшелері ұйымдастырған «дөңгелек үстел», «семинар-тренинг», «мобильді топ» түріндегі пікірталас алаңдарында, «Таза сессия», «Жемқорлыққа жол жоқ», «Адалдық алаңы» акцияларында, бейнеролик конкурстарында, баспа және электронды жарияланымдарда, интернет-ресурс, әлеуметтік желілер, тағы басқа бұқаралық ақпараттық құралдарында белсенділік танытуда.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте «Jas Otan» Жастар қанатына айрықша маңыз артылады. Облыстағы ЖОО басшыларының есептері тыңдалады. Жастар бойында сыбайластыққа қарсы тұру сезімдерін қалыптастыруда «Jas Otan» Жастар қанатына тәжірибелік және кәсіби кеңес беру бағытындағы өзара тығыз байланыс орнатылған. Осы арада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі Ақмола облысы бойынша басқарма басшысы Мұрат Ақтанұлы Төлеубаев бар, біз КГУ студенттерімен кездесу өткіздік.
«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық аймақтық және өңірлік филиалдары жанындағы Қоғамдық Кеңестердің жұмысы жалғастырылуда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жуырдағы Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн» деп атап көрсетіп, жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа міндеттерін алға тартып отыр. Біз ендігі жұмысымызда осы бағытты ұстанатын боламыз! Және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы да осы Жолдауындағы «ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ» тарауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» қағидасын алға тартты. «Мен халқымызды әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын» деген Президентіміздің ой-мүддесін сабақтастыра сөйлесек, арлы ұрпақ, Қазақстанның мүддесіне адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу үшін Абай хакім айтқан:
«Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз» –
деген ғибратын ендігі жұмысымызда басшылыққа алатын да боламыз.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы
сыбайластыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық комиссия төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар