Мәдениет ошағы ашылды

Жуырда Целиноград аудандық әкімдігінің қолдауымен Талапкер ауылында ауылдық клуб ашылды. Бұл айтулы оқиғаны ауыл тұрғындары қуанышпен қарсы алды. Ауылдық клубтың меңгерушісі Гүлнәз Бекмағанбетова жұмысын енді бастаған мәдениет ошағының алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

–Талапкерде мәдениет ошағы ашылып, төбеміз көкке жетіп отыр. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Халқымыз рухани жаңғыруға бет бұрып жатқан бүгінгі заманда ауыл халқының мәдениетін көтеру, балалардың өнерін дамытуда мәдениет ошағынығ атқаратын рөлі зор деп есептеймін. Қазақ ежелден талантты халық. Әу демейтін қазақ жоқ. Адамның бойында өнерге деген ұшқын болса, қалғаны ынтамен келеді. Сол себепті, балалардың ынта, сана-сезімдерін оятып, мәдениеттілікке тәрбиелеу, келешекте еліміздің саналы азаматтары мен азаматшалары болып өсуіне ықпал ету – басты мақсатымыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі күні бәрі электронды жүйеге ауысуда. Бұрын балаларға телефонға үңілме деп келсек, енді оқулары соған тәуелді болып отыр. Қалай болғанда да, балаларды үйірмелерге апарып, бір мезгіл көңілдерін бөлген дұрыс. Талапкерлік балаларға ауылда бұрын-соңды болмаған мәдениет  ошағын ашып берген аудан әкімдігіне, әсіресе, осы істі ұйымдастырып, басы-қасында жүрген аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сүйінжановаға, ауылдық округтің әкімі Асқар Жақсыгелдиновке және мәдениет ошағын қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен жергілікті қауымдастыққа көп-көп рахметімді айтқым келеді, – деді Талапкер мәдениет  ошағының меңгерушісі Гүлнәз Бекмағанбетова.
Бүгінгі күні мәдениет ошағында төрт үйірме жұмыс істейді. Олар би, домбыра, фортепиано және вокал үйірмелері. Атап өтерлігі, барлығы да тегін. Үйірмелерге жетекшілік ететін мұғалімдер өте тәжірибелі, білімді, өз ісінің мамандары. Қазіргі таңда үйірмелерге жазылған балалардың саны 70-тен асады. Ересектерге арналған домбыра үйірмесі де бар. Мәдениет ошағы меңгерушісінің айтуынша, оған да жазылып жатқандар көп. Қарттардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Әжелер тобы» құрылған. Онда ақжаулықты аналар өлең айтады. Алдағы уақытта ісмер әжелердің қатысуымен үйде отырған жас аналарға, оқушы балаларға ою оюдан, құрақ көрпе тігуден шеберлік класы өткізілмекші.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар