Он жеті жастағы Омардың «Халық алғысы» медалі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Омар Бекин «Халық алғысы» медалімен наградталды.

Әлемге коронавирус індеті тарап, елімізде карантин жарияланған сәтте Елбасының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бастау алған болатын. Аталмыш акция аясында көкшетаулық еріктілер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тасуды қолға алды. Өзін емес, өзгені ойлаған жас Омар да акцияға белсенді атсалысты. Ол жалғыз өзі 500-ден астам үйге азық-түлік тасып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетті .
– Осы еңбегім үшін «Халық алғысы» медалімен наградталдым. Аталмыш марапатты маған облыс әкімі Ермек Маржықпаев табыс етті. Осы орайда мектеп оқушысы бола тұра, осындай мәртебелі марапатқа ие болу мен үшін зор абырой екендігін баса айтқым келеді. Мені жоғарыдан марапат алатын адамдардың тізіміне енгізіп жатқанын білгенде қатты таңғалдым. Өйткені, жұмыс істеп жүрген еріктілер қатары өте көп. Олардың тек төртеуі ғана марапатқа ие болды. Солардың бірі мен болдым. Одан қалды, осындай марапатқа ие болған дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қатарында жас болсам да, менің де еңбегім ескеріліп, марапатталғаным алдағы өміріме зор серпін беріп отыр, – дейді Омар.
Ол небары 17 жаста. Жүрегі мейірімге толы жас жеткіншек қашанда біреуге жақсылық жасауға асық. Қоғамдық іске етене араласуды өзінің азаматтық парызы санайды. Болашақ мамандығын саясатпен не болмаса информатика пәнімен байланыстырғысы келеді. «Қайда оқысам да, қай мамандықты меңгерсем де, дипломымды алған соң Қазақстанда жұмыс істеп, елімнің көркеюіне үлесімді қосатын боламын», – дейді Омар нық сеніммен.
Оның бос уақыты жоқ деуге де болады. Мектептегі оқуынан бөлек, «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының Көкшетау қалалық бөлімшесінің жетекшісі. Көп уақытын белсенділер мен еріктілердің қызметін ұйымдастыруға арнайды. Сонымен қатар, ол «Думан» Ақмола облыстық педагогикалық жасағының жетекшісі, Қазақстан жас патриоттар академиясының мүшесі.
Он жеті жасар Омардың қоржынында түрлі деңгейдегі марапаттар аз емес. Айталық, ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың,  «Nur Otan» партиясы жетекшісінің бірінші орынбасарының, «Jas Otan» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталған.
–Қолыңнан келсе, жан баласына жәрдемдесуден асқан бақыт бар ма?! Ерікті болып еңбек ете отырып, жүрегіме сая тапқандай боламын. Игі істің басы-қасында жүргеннің өзі жүрегіңе қуаныш сыйлайтыны бар. Меніңше, көмекке зәру жанға қол ұшын беру – кез-келген қазақстандықтың азаматтық парызы деп ойлаймын. Ерікті бола жүріп, ешқашан ақша табуды көздеген емеспін, ешқандай пайда көрмеймін де. Маған «Jas Otandaǵy» атмосфера ұнайды. Өйткені, басқа адамдарға көмектесетін жандар ешқашан жаман болуы мүмкін емес. Және көзқарастары ортақ адамдармен жұмыс істеудің өзі бір бақыт. Осының барлығы болашаққа жол ашқандай, зор жігер береді, – дейді Омар.
Жүрегіне мейірім ұялатып, жан баласын қамқорлық құшағына бөлеуге тырысатын, өмірлік мақсаты айқын Омар сияқты жастардың қатары арта берсін! Кеудесінде «Халық алғысы» медалі жарқыраған жас жеткіншекке қашанда ел ықыласына бөленіп, абырой биігінен көріне бер дейміз біз де!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар