Абылай экспедициясының тағлымды сапары табысты аяқталды

Жұртшылық елге танымал ақсақал, белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен «Абылайдың қара жолы» тарихи-танымдық экспедициясы 2018 жылы бастау алып, бірінші сапарының қорытындысымен 500 бетке жуық кітап пен арнайы картаның жарық көргенін жақсы біледі. Ақмола облысының әкімдігі осынау тағылымды сапардың ауқымын кеңейтуге қолдау көрсетіп отырғаны да ертеңімізді еңселендіре түседі. Осыған байланысты, 4-11 қазан аралығында, Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл және хакім Абайдың 175 жылдығына арналған туристік экспедиция ұйымдастырылды.

Көкшетаудағы Абылай хан ескерткіші жанында экспедиция мүшелерін шығарып салу сәтінде жетекшіміз Мұрат қажы сапар мақсаты жөнінде мағлұмат берді. –Негізгі мақсат – Қазақстандағы ішкі туризмді дамыту. Бұл сапарға «Абылай ханның қара жолын» пайдалана отырып, Әл-Фараби бабамыз бен Абай хакімнің өмірі мен шығармашылығы арқылы жастардың бойына тарих тағылымдарын, ғылым, білімді дарыту. Әл-Фарабидің туған жері Отырар қаласына атбасын тіреу. Абылай ханның жанкешті ерлігін үлгі етіп, отансүйгіштікті, патриотизмді қалыптастыру. Осы жолдың бойындағы тарихи, киелі жерлермен, ол жерлерде өмір сүрген дара тұлғалардың қасиет-қадірлерімен және шығармашылығымен таныстыру, бұрнағы жылғы экпедициямыздың тәлімдік шеңберін кеңейте түсу және «Абылай ханның қара жолының» бұрын ашылмаған тармағы жаңғырту болып табылады. Осыған орай, сапар бағыты да ауқымды болып отыр.

Көкшетаудағы Абылай хан ескерткіші жанында экспедиция мүшелерін шығарып салу сәтінде жетекшіміз Мұрат қажы сапар мақсаты жөнінде мағлұмат берді.
–Негізгі мақсат – Қазақстандағы ішкі туризмді дамыту. Бұл сапарға «Абылай ханның қара жолын» пайдалана отырып, Әл-Фараби бабамыз бен Абай хакімнің өмірі мен шығармашылығы арқылы жастардың бойына тарих тағылымдарын, ғылым, білімді дарыту. Әл-Фарабидің туған жері Отырар қаласына атбасын тіреу. Абылай ханның жанкешті ерлігін үлгі етіп, отансүйгіштікті, патриотизмді қалыптастыру. Осы жолдың бойындағы тарихи, киелі жерлермен, ол жерлерде өмір сүрген дара тұлғалардың қасиет-қадірлерімен және шығармашылығымен таныстыру, бұрнағы жылғы экспедициямыздың тәлімдік шеңберін кеңейте түсу және «Абылай ханның қара жолының» бұрын ашылмаған тармағын жаңғырту болып табылады. Осыған орай, сапар бағыты да ауқымды болып отыр. Біз Көкшетау-Бурабай-Степняк-Нұр-Сұлтан-Қорғалжын-Баршын-Шұбаркөл-Алғабас-Қаракеңгір-Ұлытау-Аралтөбе-Аяққамыр-Кеңгір-Сәтбаев-Жезқазған- Болған ана, Құлан ана кесенелері -Талмас-Мибұлақ-Бесқауға-Қарақойын-Уанас-Қыземшек (Степной)-Жуантөбе (Тасты)-Созақ-Шолаққорған-Кентау-Түркістан-Отырар-Қызылорда маршрутымен жүріп өтпекпіз,–деді Мұрат Ыдырысұлы.
Міне, осыдан-ақ, екінші экспедицияның мойнындағы жүктің қаншалықты салмақты екендігін аңғаруға болады. Біздің ойымызша және кейін дәлелденгеніндей, оның құрамы қойылған талапқа сай екендігін көрсетті. Тағы бір айтарлығы, сапарластар саны үнемі толығып отырды. Мәселен, сонау Маңғыстау облысынан 60 жастағы сәулетші, кәсіпкер, меценат Раббым Бораш пен жұбайы Айзада көлігін өздері жүргізіп Көкшетауға келгенінде қошаметпен қол соқтық. Дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов шырқаған «Көкшетау» әні де баршамызды мерейлендіріп тұрды. Бораштың үйінен екі ғылым докторы тәрбиеленгені де ғанибет. Ал, Астана қаласында Қорғалжын-Теңіз өңірінің тумасы, өлкетанушы Тәшім Оспанов, «Дархан Дала», «Большие города», «Хабар-24» телеарнасының журналисі Жұлдыз Рахмет, телеоператор Ерсұлтан Мұратов қосылды. Сонымен, Көкшетаудан шыққан Қазақстанның мемлекет тарихы институтының бөлім меңгерушісі Жабай Қалиевті, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының қызметкері Серғазы Қайырболдыны, «Көкше» телеарнасының операторы Дархан Мүжібаевты, Ерейментау аудандық білім бөлімінің басшысы Советбек Нұрғалиевті, ақтаңдай әнші Сәрсенбай Хасеновті, жол талғамайтын көлік жүргізушілері Азамат Назымбек, Жасұлан Балтабаев, Асқар Ергінбаев жәні мені қосқанда қатарымыз 17 адаммен толықты.
Қажы ағамыздың әлей батасымен таңғы алтыда жолға шықтық. Сол күні «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейін тамашалап, Бурабайдағы Абылай хан алаңына атбасын бұрдық, Біржан сал ауданындағы Біржан сал қорымына дұға жасадық.
Қорғалжынға кіреберістегі достық пен махаббат қақпасы – Мәриям Жагорқызының мемориалдық кешенінде бізді аудан әкімі Берік Жанбаев бастаған топ тұз-дәммен қарсы алды. Жергілікті өнерпаздар Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Мәрия Рекинаның әйгілі «Дударай» әнін шырқады. Осы ретте, бұл әнді алғашқылардың бірі болып казақтың біртуар әншісі Әміре Қашаубаев орындағанын, М.Рекинаның Сабынды ауы­лында жерленгенін атай кеткенді жөн санадық.
Кешен басында экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысов қорғалжындықтарға ақ қоржынға салынған «Абылай ханның қара жолы» кітабы мен картасын, облыс әкімінің қолдауымен жуырда жарық көрген жеті ақынның кітабын және туризм басқармасынан жарық көрген журналдарды сыйға тартты.
Содан кейін Бытығай (Ботағай) тарихи кесенесін тамашаладық. ХІ-ХІІ ғасырларға жататын сәулет өнерінің туындысы Нұра өзенінің сол жақ жағалауында, Қорғалжын ауылынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Ботағай кесенесі ерте замандардан келе жатқан бай тарихымыздың куәгері және Қазақстандағы ортағасырлық жалғыз кесене. Ғалымдардың пайымдауынша бұл еліміздегі сәулет-құрылыс өнерінің қайталанбас үлгісі болып табылады. Мұндай деректер алғаш рет ХVІІІ ғасырдың ортасында П.Рычниковтың еңбектерінде аталады. Барлық зерттеушілер секілді, И.Шангин Ботағай кесенесін ерте замандағы Татығай (Бытығай) қаласының қалдықтары деп есептеген. 1949 жылы Ботағай кесенесінің қалдықтары ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым академиясы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттелген. Қазба жұмыстары жүргізілгенге дейін ескерткіштің диаметрі шамамен 30 метр, биіктігі 1,5-2 метр сопақ қалыпты төбе ретінде табылған. Сақталған суреттер, әдебиет көздері және зерттеу материалдары бойынша, кесене күйдірілген қызыл кірпіштен көтерілген үш бөлмелі порталды-күмбезді құрылыс болып табылады. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларының жоспарларында Ботағай археологиялық ескерткішін түбегейлі зерттеу, сонымен қатар, кесенені толығымен қайтадан қалпына келтіру көзделген.
Жәнібек ханның зиратына барып Құран бағыштадық. Қорғалжын ауылының іргесінде Қазақ хандығының негізін қалаушы қос сұлтанның бірі Хан Жәнібектің кесенесі табылғаны биыл дүйім жұртты елең еткізген еді. ХV ғасырға тән бұл кесененің орны 2007 жылы кездейсоқ жағдайда белгілі болды. Ғалымдардың мұндай болжам жасауына кесене кірпіштеріндегі айрықша белгілер түрткі болған. Онда Қазақ хандығы байрағында белгіленген мәңгілік түйінге ұқсас  өрнектер бейнеленіпті.
«Кесене «Жәнібек-Шалқар» деп аталатын  көлдің жағасында орналасқан. Сонымен қатар, Қорғалжын көлдерінің жүйесінде Керей атты көл мен оған келіп құятын Керей өзенінің болуының өзінде үлкен мағына жатыр», – дейді жергілікті өлкетанушы Тәшім Оспанов.
Зиратқа 2010 және 2020 жылдары археолог Марал Хабдуллина барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мүрденің Жәнібек хандыкі екендігін анықтау үшін, оның элементтері Ұлыбританияға (Бельфаст) – радиокөміртегі; Ресей Федерациясына (Башқұртстан, Уфа) – антропология, бас сүйегі бойынша бетті қайта құру; Қарағандыға – металлографиялық; Өскеменге – геомагнитті; Нұр-Сұлтанға – сандық; Алматыға – Нумизмикалық зерттеулер үшін жіберілді. Қазіргі күні Кореяның Сеул қаласында ДНК сараптамасы жүргізіліп жатқан көрінеді. Осыған орай, аудан әкімі Берік Жанбаев «зерттеулердің оң нәтиже беретінінен үміттіміз, бұл еліміздегі үлкен оқиға болар еді және Қорғалжын өңірінің туристік әлеуетін күшейтетіні айқын» деген пікірін білдірді.
Күннің батар алдындағы қызыл шапағына бөленіп, Қарағанды облысы, Нұра ауданының Баршын ауылына келдік. Бұл жерде көне қорымдар мен әулиелер кесенелері өте көп. Баршынгүл кесенесіне келіп дұға жасадық. Бізді ауданның белді азаматы, Нұра аудандық мәслихатының депутаты, меценат, жылқы мен сиыр өсіріп отырған кәсіпкер Боранбай Қасымбекұлы Мұқанәлиев, Баршын ауылдық округінің әкімі Зәуре Қазанбайқызы Мұқанәлиева, немересі Әлинұр Боранбайды әдейі Нұр-Сұлтаннан алдырып, құшақ жайып қарсы алды. 2018 жылы Әлинұр үш жаста еді, бойы өсіп, жігіт болып қалыпты. Қонақжай шаңырақ бізге арнап тай сойыпты. Дастархан ұлан-асыр. Кезегінде экспедиция жетекшісі үй иесі мен жергілікті кітапханаға «Абылай ханның қара жолы» кітабын, картасын сыйлап, Сәрсенбайымыз Арқаның әсем әндерін шырқады.
Сапар мақсатына сәйкес, Баршын бейітіне қатысты Боранбай Қасымбекұлы, Тәшім Оспанов айтқан аңыздар мен Тәшім ағамыздың докторантурада оқитын қызы ГауҺардың қос кітабынан алынған деректерді жазып алған едік. Сіздер де құлақ түре отырыңыздар: Баяғыда бір қарапайым адамның Баршын деген қызы бо­лыпты. Ай десе аузы, күн десе көзі бар дегендей, керемет сұлу әрі ақылды ару екен. Содан бір уақыттарда бойжет­кен қызға жан-жақтан құдалық басталады. Бірақ, әкесі: «Бала әлі жас. Кезі келгенде өзі қалағанына беремін», – деп ыңғай бермейді. Менменсіп келген талай сабаздың тауы шағылып қайтады. Өкінішке орай, әлгілердің арасынан сөзге түсінбес дүлейлері де кездеседі. Бір күні түнде Баршынды бір еңгезердей ер адам атқа өңгеріп ала жөнеледі. Бір сайға алып барып, қол-аяғын шешкенде Бар­шын байғұс: «Ағатай-ай, мендей қарындасыңыз бар шығар. Аяй көріңіз. Арымды таптамаңыз»,–деп жалына шырылдайды. Оған көнген дүлей бар ма? Баршынды жерге алып ұрады. Сонда Баршын әлгі дүлейдің қынындағы қанжарды суырып алып, бір сәт те ойланбас-тан өз жүрегіне бойлата сұғып алады. Қаршадай қыздан мұны күтпеген дүлей зәре-құты қашып тұра жөнеледі. Не болғанын таңертең бір-ақ білген әке-шеше, ағайын-туған арын арашалап, опат болған ару Баршынды ақ жауып, арулап қойған екен. Содан бері бұл жер Баршын бейіті деп аталады.
Баршын еліне алғысымызды айтып, зор шабытпен Шұбаркөл ауылына бағыт алдық. Мұнда да кәсіпкер Мұстафа Оспанов қойын сойып, дастарханын жайып, күтіп алды. Отағасының ыстық ықыласына бөленіп, осы шаңыраққа түнеп шықтық. Түннің бір уағына дейін ел тарихы, жер жағдайы, Құлан өтпес, Кеңгір, Қара кеңгір туралы әңгіме өрбіп, Арқаның әндері шырқалып жатты. Мұстафа Оспанов «Шұбаркөл» шаруа қожалығына жетекшілік етеді екен. Ол 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, орта есеппен 80 мың теңгеден жалақы төлейді. Шаруа қожалығының берекелі тірлігін осындағы «Премиюм» руднигіне күніне 60 келі ет, «Шерубай көмір» кенішіне 700 келі және Теміртау электрмеханикалық комбинатының руднигіне айына 2 тонна ет жөнелтіп отырғанынан-ақ аңғаруға болады.
Таң қылаң берісімен Шұбаркөл көмір кенішін жағалай өтіп, ауылдан 25 шақырым жердегі, бұған дейін белгісіз болып келген, Кенесары ханның батыры Арғын Қалқаман руынан шыққан Қара батыр мен оның ұлы Әжібай Қарабатырұлының кесенесіне барып, Құран оқыдық. Кесене қазақтың киіз үйіне ұқсас, ХVІІІ-XIX ғасырдың көрнекті сәулет ескерткіші саналады. Кесенеге Астана қаласының Құрметті азаматы Сансызбай Есілов ескерткіш тақта қойыпты. Аталған кесенеден 40 шақырымдай жерде Алтай қожаларының «Қызыл мешітінің» орны сақталған. Мұнда Кеңес өкіметіне дейін балалар дәріс алып келіпті. Мұрат қажы бұл екі нысанды экспедицияның жаңа дерегі деп белгіледі.
Жүрегіміз алып-ұшып хандарымызға тірек болған, арыстардың қара шаңырағы, Ұлт ұясы – Ұлытауды көргенше асығып келеміз. Этнограф, тарихшы, қазақтың салт-дәстүрін зерттеуші, ғалым, аудан әкімі Берік Әбдіғалимен кездестік. Әкім «Абылай ханның қара жолы» кітабы мен біздің жасаған картамызға маман ретінде жоғары баға берді. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің директоры Бақтияр Қожахметовтың қатысуымен кітаптың тұсаукесерін өткізіп, карта сыйладық. Бұдан кейін саяхатшылар Әулиетаудың (1133 м.) үстіне шығып, Сапар әулие ата мен оның жұбайы Гүлсара ана бастаған ондағы жеті әулиеге тәу етіп оралды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бұл – бүкіл қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке. Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан, біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп ерекше құрметпен қараймыз! Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұламалар да мойындаған…» – деген сөзі де Ұлытаудың тарихи орнының қаншалықты құнды екенін аңғартады. Ұлытау – Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Алтын Орда жұртына атақоныс болды. Бірақ, ешбір дәуірде Ұлық өлке бір ғана тайпаның, не бір ғана рудың иелігінде болмаған. Бұл берекелі жер барша көшпелілердің жүрегі, ұясы саналған. Ұлытау жерінде Шыңғыс ұрпақтарымен байланысты сәулеттік ескерткіштер жетерлік. Бұлар: Жошы, Құтлық-Темір, Болған ана, Келін-там мазарлары. Соның ішінде еңсесі биігі Шыңғысханның үлкен ұлы – Жошыға тиесілі кесене.
Кешке Сәтбаев қаласында бізді бұрынғы подполковник, кәсіпкер Серікбай Әбдікәмәлұлы Дәрменше деген азамат қарсы алып, қонақ үйге орналастырды. Алакөбеден тұрып Жезқазған арқылы Бетпақдалаға бет түзедік. Жезқазған – Болған ана, Құлан ана (кесенелері)-Талмас – Мибұлақ – Бесқауға – Қарақойын – Уанас – Қыземшек (Степной) –Жуантөбе – Созақ – Шолаққорған маршрутының ерекшелігі, бір бөлігі құмның ортасымен өтеді және бірінші рет жүргелі отырмыз әрі Шолаққорғаннан Түркістан – Отырарға апаратын жол Қаратау арқылы өтеді екен. Бір қызығы осы маршрутта бізге жолбасшы болып, ұлты корей Олег Хван алып жүрді. Мұрат қажы бұдан бұрын жол бастайтын адам іздеп, біраз қиналғанын айтады. Жезқазғаннан, Созақтан, сол маңайдағы басқа елді мекендерден жер жағдайын жетік білетін кісі табылмапты. Шұбаркөлдік Мұстафа Оспанов өзінің досы Олег Хванның жер жағдайын бес саусақтай білетінін айтып, бізге осы жігіт лайықты деп кеңес берген екен. Сол Олег бауырымыз бізді Бетпақтың шөлді даласынан қиналмай алып шықты. Бұл «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының Бетпақ даладағы алғашқы сапары болатын.
Осы жерде Жезқазған қаласының  оңтүстігінде,  40-45 шақырым жерде, Сарысу өзенінің жағасында биік төбенің басында Болған ананың күмбезі тұрғанын айта кеткіміз келеді. Жанында тағы бірнеше күмбездер бар. Еңселісі де, үлкені де, осы күнге қирамай жеткені де Болған Ананың кесенесі. Ол кім? Неге ол кісіні жұрт әулие санайды?
Болған бикенің жарты әлемді жаулап алған атақты Шыңғыс ханның немересі екендігі, ол сонау 1211 жылы қаңлы мемлекетінің ханы Сығанақ-тегінге (кейбір тарихи туындыларда Суқнақ деп жазылған) ұзатылғандығы туралы бұдан сегіз ғасырдай бұрын-ақ талай ғұламалар араб, парсы, түркі тілдерінде жазған болса, одан кейінгі тарихшылар да бұл тақырыпты аттап кете қойған жоқ. Ел-жұрттың әлі күнге дейін аузында сақталған аңызға қарағанда Болған ана тоқсан жаста дүниеден өтіп, артында көп ұрпақ қалдырған. Ал, оның жұбайы – қаңлы ханы Сығанақ-тегіннің мазары да Сарысу өзенінің төменгі жағында Талмас ата күмбезі деген атаумен сақталған. Болған бике бүкіл әлемді жапырақтай қалтыратқан Шыңғыс ханның немересі болғандықтан қаймана қазаққа ұзатыла салмағандығы, саяси саудада қолданылған ірі адами капитал болғандығы күмәнсіз. Болған ана қаңлы мемлекетінің ірі билеуші тұлғаларының бірі ретінде жұбайы өмірден өткен соң хан тағында отырғандығы да ел аузында сақталуы тегін болмаса керек.
Болған ана күмбезін ұрпақтары Жошы хан мазарынан 100 шақырымындай жерде тұрғызған. Тарихи жазбаларда күмбездің сырты ақ түсті болған деген мәліметтер бар. Қазір ол ақ түсінен айырылып, күйдірілген қызыл кірпіші ғана қалыпты.  Күйген кірпіштерде 20 шақты ру таңбасы, арабша жазулар бар. Оның басында 1771 жылы Еділ бойынан қашқан қалмақтарды қуған орыс әскерінің капитаны Н. Рычков та, өз ғұламамыз Шоқан Уәлиханов та, атақты археологымыз Әлкей Марғұлан да, басқа да көптеген экспедициялар болып, түрлі деректер жинаған.
Біз жүріп өткен Бетпақдала Қазақстанның орталық бөлігіндегі кең байтақ аймақты алып жатқан шөлді өңір. Батысында Сарысу өзенінің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, оңтүстігінде Шу өзені аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі. Батыстан шығысқа қарай 500 километр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 километр аумаққа созылған. Сай-жыралармен тілімденген Бетпақдала жазығында сор, тақыр және жазда құрғап қалатын тұзды көлдер кездеседі. Көктемде жауын суымен толығып, жазда құрғақ арнаға айналатын Қарқаралы, Қарасу, Талдыеспе сияқты кішігірім өзендер бар. Жазы ыстық, құрғақ, қысы суық. Солтүстік-шығысындағы таулы қыраттарда арқар, елік, қасқыр, түлкі, жазықта ақбөкен, алақоржын, саршұнақ, аламан, жылан, кесіртке, дуадақ, ақ құр мекендейді. Бетпақдала көктемгі және күзгі мал жайылымы саналады. Әйткенмен, Бетпақдала елсіз емес, түйе, сиыр, жылқы малдарынан басқа құмды мұнай құбыры басып өтеді. Оның бойындағы көзі қырағы, қару асынған күзетшілермен сөйлестік. Бізді тоқтатып жөн сұрады. Еркін Әуелбековтің Сыр еліне тартуы – Қызылордадағы Құмкөлден және Шымкенттен шығатын мұнай құбырлары осы жерде түйісіп, Павлодар мұнай зауытына бет алады.
Құмнан шығып, асфальт төселген жолға түстік. Бұл жерден Қыземшек (Степной) ауылына дейін 58 шақырым. Осы жерде
көліктерге жанармай құйып жатқанда ауыл белсендісі Сәкен Үсенов өзі келіп, экспедиция жайлы білетінін айтып, қызық жәйттерге қанық қылды. Оның атасы Әжібек кезінде атақты ғалым Кәрім Мыңбаевтың жолбастаушысы болып, бүкіл Бетпақдаланы аралатыпты. Кәрім Мыңбаев: «Бетпақдалада 5 миллионға дейін мал өсіруге болатынын дәлелдеген және Бетпақдаланы Бақдалаға айналдыруға болады деген арманы болған екен. Бұл жерде де тұнып тұрған аңыз, әңгімелер жетерлік. Жуантөбеге, Сәкеннің атасы Әжібекке салған еңселі кесенеге келіп, сол жердегі марқұмдарға дұға оқыдық.
Кешке таман қарай Түркістан облысындағы Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанға жетіп, түнеп шықтық. Таңертеңгі сағат 8.00-де бізді аудан орталығындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы музейде, директоры Ниязәлі Дүйсенбек ұжымымен, «Созақ үні» газетінің (бұл күндері газеттің 90 жылдығы аталып жатыр екен) қызметкерлері Мақсат Қарғабай, Біржан Жандәулетов болып күтіп алды. Музей ішіндегі жәдігерлермен танысып, қасиетті қара шаңырақтан Созақтың бал татыған қымыраны мен қымызынан дәм татып, музей қыздары

әзірлеген қызыл күрең шайдан ішіп, жылынып алдық. Музей төрінде «Абылай ханның қара жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, картасын сыйға тарттық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» тарихи бағдарламасы аясында бастау алған «Абылайдың қара жолы» экспедициясы келешек ұрпақ үшін маңызды екені тілге тиек етілді.
Музейден шығып көне Созақ шаһарына атбасын бұрдық. Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ бап, Қарабура кесенелері бар киелі Созақтың тарихы тереңде жатыр. Созақ – Қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған қала. 1465-1469 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген екен. Бұл жерде орта ғасырға жататын екі қаланың орны бар. Алғашқысының аты – Тарсатөбе. Қала қазіргі ауылдың солтүстік-шығысына қарай орналасқан. Ал келесісі ауылдың ортаңғы жағындағы жергілікті халық «Өргешігі» деп атайтын бұрынғы Созақтың орны. Мұны кемеңгер зерттеуші Әлкей Марғұлан дәлелдеп берген. Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан) археологиялық экспедициясы жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Созақ қаласы ХІV-ХVІ ғасырларда гүлденіп тұрған. Ал, қаланың нағыз көркейген тұсы Қазақ хандығының құрылғандығымен тығыз байланысты. Археолог Ақышевтің мәліметінше, Созақ қаласы арқылы хандықтың басты қалаларына апаратын Суындық, Ақсүмбе секілді асулар өткен. Міне, сол себепті де бұл қала сауда-экономикалық маңызға ие болған.
Шаһардағы Қарабура әулие кесенесіне зиярат жасап, көне қаланың ескі орнымен таныстық және Хақназар ханның кесенесіне тағзым еттік. Созақ ауылындағы мектеп директорының орынбасары, тарихшы Нұрмахан Сейітмаханұлы бауырымызбен жолығып, дәйекті деректер алдық.
Қарабура әулие кесенесі 1997 жылы қайтадан жаңартылып салынған екен. Кесене ақ кірпіштен өрілген, әрқайсысы сегіз қырлы екі бөлмеден тұрады. Төбесі – күмбезді, бірінші бөлмесі 100 шаршы метр, төбесі ашық екінші бөлмедегі ескі кесене ХІV ғасырда тұрғызылыпты. Қарабура әулиенің зираты осы ескі кесенеде. Кесене шой тастан құралған, ірге тас үстіне қам қыш қаланып, қабырғалары саз балшықпен сыланған. Ескі кесененің оң жағында Құрбан ата сүйегі жерленген, басында белгі тасы бар. Оның жанында Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с), Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ысқақ баб (Баба ата), Баба Түкті шашты Әзіз бабалардың зираттарының басынан әкелінген топырақтар қойылған қара мәрмәр тас белгілер бар. Ескі кесененің артқы жағында Ақназар хан, Белгібай қажы, Шілмембет би, Құлтас би, Қожамқұл ғұлама, Дәулет-Қарабура батыр, Шахасум-ахун (шырақшы) сияқты белгілі адамдар жерленген, олардың бастарына қара мәрмәр тастар қойылған. Кесененің биіктігі 17 метр. Кесененің шығыс жағында қазақ халқының белгілі сазгері, күйші Сүгір Әлиевке күмбез орнатылыпты. Қарабура әулие кесенесінің жалпы аумағы 240 шаршы метрді алып жатыр.
Осы орайда Хақназар хан туралы қысқаша өрім жасағымыз келеді. Ол Қазақ хандығының 1538-1580 жылдары билік құрған ханы. Қасым ханның Ханық сұлтан ханымнан туған баласы. Хақназар хан тұсында қазақ хандығы қайта бірігіп дами түсті. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол қиын-қыстау кезеңде, ел басқару, әскери-саяси істер жағынан қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екендігін көрсете білді. Дулыға түріндегі зәулім кесенені Жантеке Жәрімбетов деген азамат бастама көтеріп, Маңғыстаудың ақ тасынан салдырған екен.
Біз үшін мына бір маңызды мәселеге де назар сала кетейік. Кенесары осы жерге Арқадан алты күнде жеткені туралы дерекке қанықтық. Сондай-ақ, Кенесарының Айғаным атты қарындасының зираты да осы көне Созақ қорымында екен. Кенесарының «Қара қазақтың қамы үшін, Қарындастың ары үшін» деген сөзі осыдан қалған. Бұған қоса, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» өлеңі де осы жерде туғаны айтылды.
Шолаққорғаннан Түркістан-Отырарға апаратын жол Қаратау арқылы өтеді. Қазақстанда Қаратау аталатын таулар көп. Соның бірі біздің облыстағы Ерейментау ауданында. Ал, біз ел тарихы мен тағдырындағы айрықша орны бар Қаратаудың қойнауына ерекше толғаныспен еніп келеміз. Үш облыстың жерін қамтып, 420 километр аумақты алып жатқан тілімделген тік жартасты баба тау кім-кімді де толғандырмай қоймайды. Өз-өзіңнен
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді,–
деп мұң аралас ыңылдай бастайсың. Тау ішіндегі мың бұралған асфальт жолдың таңғажайып иірімдерінде бірнеше рет дамылдадық. Айналадан ерекше мүсінді хантағы, алып түйетас,  кемпіртас, найза тас  және  басқа кейіптегі табиғаттың  өзі  ұзақ уақыт  аралығында  жасаған ғажайып сәулет нысандары көз жауын алады. Бұлар жайында ел аузында сақталған сан алуан аңыз әңгімелер өзіне еріксіз елітіп отырады.
Үлкен және Кіші Қаратау жоталарынан тұратын ұлық таудың ең биік шыңы – Бессаз тауының биіктігі 2175 метрге тең екен. Ғалымдар таудың бұдан бірнеше миллиондаған жылдар бұрын Жерорта теңізі мен Тынық мұхитының  түбінен біртіндеп көтерілген ең ежелгі  тау жоталарының бірі болғанын айтады. Мұндағы табиғат байлықтарының ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негізінде 2004 жылы Қаратау мемлекеттік қорығы ұйымдастырылған. Жалпы, Қаратаудың ұмытылмастай әсерлерін сипаттап жеткізу мүмкін еместей көрінді.
Қасиетті Қаратаудың қойнауынан шығып, Кентау қаласында ұлағатты ұстаз Құралай Әпетпен, кітапхана директоры Гүлнар Исабекқызы Коколовамен мәнді әрі тағылымды кездесу өткізілді. Алдыңғы жылы «Абылай ханның қара жолы» туралы хабарды естісімен тарихшы Құралай Әпет елең етіп, Абылай ханның өмірі мен ұлы жолдың маңызы туралы оқушылармен ашық сабақ өткізіпті. Жәдігер кітаптың тұсаукесері барысында Гүлнар Исабекқызы «Абылай хан іздерімен» атты толымды еңбек жазып жатқанын, Көкше елімен үнемі байланыста болатынын айтты.
Кешке қарай Түркістандағы қасиетті Арыстан баб кесенесіне келіп зиярат еттік. Экспедиция жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы мен дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов сәлем намазын оқыды. «Баб» сөзі Құдайға ашылар есік деген мағынаны білдіреді. Мұндай атақ-дәреже сопылық жолды ұстанатын әулиелерге берілген. «Отырарда отыз баб, Сайрамда бар сансыз баб, Бабтардың бабы Арыстан баб» деген сөз осыдан қалған. Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Бұл кесене XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарында салынған. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Сол құрылыстан кесілген айван тізбектері сақталған. 1971 жылы жоғары деңгейдегі қарғын сулары салдарынан мешіт құлаған, әйткенмен, алғашқы салынған ою өрнектері айтарлықтай сыр бермепті. Қазіргі кезде Арыстан баб мазары үстінде 30х13 метр аумағы бар кесене тұр. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кешеннің ең көне бөлігін қабірхана деп білдік. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Тарихи деректер бойынша XII-XVIII ғасырларда кесене бірнеше рет қайта жаңартылған. Қазіргі кезде бұл кесене Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін мұсылмандардың киелі жерлерінің бірі болып саналады. Мешіт қабырғасында Мекке бағытын көрсететін ойық-михраб бар.
Арыстан баб қабірханасының едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Тігінен көтерілген қабырғалары бір биіктікте сәулет өнерінде «желкен» деп аталатын өріммен иіліп барып күмбезге ұласады. Күмбез ауқымы кең һәм биік етіп тұрғызылған. Қабірхананың есігі күнбатысқа, дәлірек айтсақ, Меккеге бағышталған. Бұл – қасиетті қабірлерге тағзым етудің мұсылмандық ережелерінен туындайды: зиярат етушінің беті сағанаға, арқасы құбылаға қарауға тиіс болған. Әулиеге кірер есіктің екі жағында екі қабір орналасқан. Шырақшылар бұларды Лашын баб пен Қарға баб дейді. Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттерінің бірі бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін». Халық аңыздарына және жазба деректеріне қарағанда («Рисолаи Сарем-Исфижоб» және Куприлозада кітабы), Арыстан баб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізеді. Сондықтан да, зиярат етушілер алдымен Арыстан баб кесенесіне барады.
Арыстан баб кесенесінен кейін ұлы бабамыз Әл-Фарабидің туған қаласы –Отырар қаласының қақпасына ат басын тіредік. Ауыл әкімі Сағынтай Сәтібайұлы Құттыбай мен музей директоры Абылайхан Зия Отырар қаласы тарихынан мол мағлұмат берді.
Отырар (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб) – ортағасырлық қала орны. Отырар 8 ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларда кездеседі. Отырар 5-15 ғасырларда Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған. Жалпы аумағы 200 гектарға тең бүгінгі Отырарда үлкен ауқымдағы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Көне дәуірді елестететін қала дуалмен қоршалған. Қамал қаланың үш қақпасы болғаны көрініп тұр. Отырар-Қаратау мәдениеті – Оңтүстік Қазақстан өлкелерін мекендеген қаңлы тайпаларының көне мәдениетімен өзектес.
Кешкісін қасиетті Түркістанға зор тебіреніспен келдік. «Алпамыс» қонақ үйінде педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Нұрмақұлы Қалиев экспедицияның бес күндік жұмысына шолу жасап, Мұрат қажы Ыдырысов қорытындысын шығарды. Сапарға қатысушылардың барлығы да алған әсерлерімен бөлісіп, келелі әңгіме қозғалды. Қазір Түркістанда қызмет атқаратын жерлес жігіт Дамир Бақытжан бізге арнайы сәлемдесуге келіп, Бұқпа тауына арнап жазған сағынышқа толы өлеңін тебіреніспен оқыды. Қажы ағамыз талапты жасқа ақ батасын берді.
Келесі күні таңертең Түркістан облыстық кітапханасында Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Ғани Аманқұловтың және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсын мен Нұртас Оңдасынов атындағы қоғамдық қордың төрайымы Нұра Дүйсенбайқызы Оңдасынованың қатысуымен мағыналы мәжіліс болып, кітаптың тұсауын кесіп, карта тапсырдық. Түркістандық ғалым кітапқа жоғары бағасын берді. Осынау білім ордасында Нұртас Оңдасыновтың інісі Әбділләнің ұлы Бимырза Оңдасынов, жиені Озат Тұяқбаев мемлекет қайраткері туралы естеліктерімен бөліссе, сегіз жасар шөбересі Бимұхамед Әбділләтегі Бимырзаұлы «Ерке сылқым» күйін орындап, қажы атасының батасын алды.
Қожа Ахмет Яссауи мемориалдық кешеніне барып, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың, Абылай ханның, Қанай бидің, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың, Жәпек батырдың аруақтарына Құран бағыштадық.
Ұлы әулие әрі діни көріпкел Қожа Ахмет Яссауи 1103 жылы туып, 1166 жылы қайтыс болған. Мұсылмандар ішінде Қожа Ахмет Яссауи Мұхаммед пайғамбардан соң екінші болып саналады. Аңыз бойынша, о дүниеге кетер алдында Мұхаммед пайғамбар Арыстан бабқа аманат тасбиғын берді, ал, ол 11 жастағы бала Қожа Ахмет Яссауиге ұсынды делінген.
Бұған қоса, халық арасында кең тараған мынадай аңыз бар: «Қожа Ахмет кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні алып жасыл өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға тағы да қайталанып, бәрі үйілген төбеге айналады. Бұл жайт Әмір Темірді көп ойландырады. Түсінде бір шал келіп, аян береді, ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы, Арыстан баб моласының үстіне мазар көтеруге әмір ететінін жеткізеді. Бұл талап орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы құрылысын ойдағыдай аяқтайды». Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – XIV ғасырдың соңында тұрғызылған сәулеттік ғимарат. Кейін бұл кесене мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды. Софизм талаптарын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, жоқшылықта өмір сүрген. Қожа Ахмет Яссауиді жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атап кеткен екен.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аса үлкен күмбезді құрылыс. Мұнда Қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, Мешіт сияқты бөлмелер тобы бар. Айтпақшы, біз осында болған күні Жоңғар шапқыншылығында ерлігімен танылған Бөрібай батырдың Берікбол Қасымов бастаған ұрпақтары кең ауқымды зиярат жасап жатты. Бөрібай батырдың мәйіті осы кесенеде жатқанын арнайы тізімнен білдік.
Қасиетті кешендегі ғажайып этноауылға бас бұрмау мүмкін емес. Бұл жоба өткен ғасырлардың тарихынан сыр шертетін Қ.А.Яссауи мұражай-мемориалдық кешенінің органикалық жалғасына айналды деуге болады. Себебі, мұнда келген жан қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары және мәдениетімен анағұрлым жақынырақ таныса алады. Өткен замандарға өтіп кеткендей күй кештіретін этноауылдың сиқыры кіреберісінен басталады.  Келген қонақтарды ұлттық нақышта киінген шығыстың сұлулары мен батырлары күтіп алады. Сондай-ақ, күш сынасқан жас палуандар қазақ халқының сонау замандардан спортқа қаншалықты бейімді болғанын көрсетеді. Ал, балалар жағы асық атып, тоғызқұмалақ ойнаса, абыз ақсақалдар салиқалы ойларымен бөлісіп өмірдің мәнін ұғындырып жатады. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлері дайындаған ұлттық киімдер мен бұйымдардың көрмелері ұйымдастырылып тұрады екен. Арнайы мамандар қазақ әйелдері мен қыздарының киімдері әр аймақта несімен ерекшеленетінін түсіндіреді.   Шеберлер қышпен, ағаш және металмен тұрмыстық бұйымдарды қалай жасау керектігін, сондай-ақ, ежелгі тоқыма станогында кілем тоқуды, былғары өндірудің әдіс-тәсілдерін үйретеді екен. Сонымен қатар, Шығыс стиліндегіше базарда бүгінге дейін жеткен және ұмытыла бастаған көшпенді халықтың ұлттық сусындары дайындалып, қонақтарға тарту етіледі.
Облыс орталығының заман талабына сай қарыштап өсіп келе жатқаны туралы бізге жанашырлық көрсеткен кәсіпкер, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматшасы Жәмила Төреханқызы Сүлейменова зор мақтанышпен әңгімелеп берді.
Сол күні Мұрат қажы бастаған топ Сыр елі, жыр елінің орталығы Қызылордаға жетті. Осы жерде Батыс Қытай және Батыс Еуропа халықаралық жолының бо-
йында Раббым Бораш және жұбайы Айзада Борашпен қимай қоштастық. Ертеңінде Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Нұрлыбек Кәрбозұлы Мыңжасов, «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Серікұлы Ыбыраев және Абылай хан атындағы №140 орта мектебінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұсабаева Айгүл Нәжімиденқызының қатысуымен «Абылай ханның қара жолы» кітабы кеңінен талданып, тұсаукесері өткізілді.
Бір айта кететіні, Көкшетау әуежайының директоры Айбек Болатбекұлы Китебаевтың тапсыруымен туған інісі, жас кәсіпкер Айдарбек Молдабаев пен оның жолдасы Алмат Есенбеков қажы ағамызды арнайы қарсы алып, ертеңінде ұшаққа отырғызып жібергендігі болды. Бұл жастар да біздің жігіттерге үлгі тұтуға тұратын азаматтар. Сондай-ақ, барлық кездесулерде Мемлекет тарихы институты ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Нұрмақұлы Қалиев «Абылай ханның қара жолы» кітабына талдау жасап, жиылған жұртқа шығарманың маңызы мен құндылығы туралы терең түсінік беріп отырды. Ал, экспедиция жетекшісінің оң қолы болған Ерейментау аудандық білім бөлімінің басшысы Советбек Нұрғалиевтің баршамыздың тұрмыстық және ас-суымызды қамтамасыз етудегі еңбегіне дән риза көңілдеміз.
Жетінші тәуліктегі түнгі сағат 2-ден аса шамдары жарқыраған Көкшетаудың құшағына келіп жеттік.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Көкшетау-Түркістан-Отырар-Көкшетау.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар