Жәрмеңке тұтынушылар көңілінен шықты

Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов сауда шатырларын аралап көріп, саудагерлер мен тұтынушылардан сауданың барысы жөнінде сұрап білді, азық-түлік тағамдарының сапасы мен бағасына назар аударды.

Өңір басшысының орынбасары бізбен әңгімесінде жәрмеңкеге Көкшетау қаласы мен Аршалы, Ақкөл, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Шортанды, Қорғалжын, Целиноград аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері және «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы 68,1 миллион теңгенің 104,3 тонна азық-түлік тағамдарын әкелгенін, игілікті шараға 90 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері қатысып отырғанын айтты.–Қала тұрғындары мен меймандары жергілікті өндірушілер өндірген азық-түлік тағамдарының отыздан астам түрін сатып алуда. Өнімдердің бағасы нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен. Облыстың аграрлары 24,7 тонна ет және шұжық өнімдерін, 3,4 тонна балық, 7,3 тонна сүт және сүт өнімдерін, 272 мың дана жұмыртқа, 5,1 тонна ұн, 4 тонна өсімдік майын, 58,8 тонна картоп пен көкөніс және өзге де өнімдер әкелді. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге жеміс ағашының көшеттері, отын, шөп, жарма сатылуда. Мұндай жәрмеңкені қыс түскенге дейін бірнеше рет өткіземіз,–деген облыс әкімінің орынбасары Қорғалжын ауданының сауда шатырларына келді.Бұл өңірдің 8 ауылдық округі жәрмеңкеге келісі 1700 теңгеден 3 тонна ірі қара етін, келісі 550 теңгеден 3 тонна шортан, көкжал тәрізді балық өнімдері мен сүт өнімдерін әкеліпті. Ол жөнінде Қорғалжын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құсайын Жұмашев айтып берді.–Саудамыз таңғы сағат 7-де бас-талды. Етіміз қоңды болғандықтан, сөреде көп жатпады. Шатырлар тігіп, бізге барлық жағдай жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына алғысымызды білдіреміз,–деді ол. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ерейментау ауданындағы «Ақмырза», «Новомарковка», «Олжабай батыр», «Қойтас», «Өлеңті» ауылдық округтерінің саудагерлері тұрған шатырға бұрылды. Аудан әкімінің орынбасары Баттал Ыбыраев өз сөзінде ірі қара мен қой етін, қымыз бен сүт әкелгендерін айтты. Мұнда да ірі қара етінің бір келісі 1700 теңгеден, қой етінің бір келісі 1800 теңгеден сатылып жатты. Егіндікөл ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Балғабай Әбенов жәрмеңкеде 1 бас жылқы мен 6 бас ірі қара, 7 қой етін,  сүт өнімдерін сатты. Ол өз сөзінде жерлестерінің өнімін жинап әкелгенін, бір қой еті 48 мың теңгеге сатылғанын айтты. Облыс әкімінің орынбасары Бурабай ауданындағы «Абылайхан», «Кенесары», «Атамекен», «Ұрымқай», «Успено-юрьевка», «Веденовка», «Златополье», «Қатаркөл» селолық округтерінің сауда шатырларын аралап көрді. Бұл округтер 13 бас ірі қара, 25 бас жылқы, 6 қой етін, 15 мың дана жұмыртқа, 1,5 мың литр бал және 1 «КамАЗ» шөп әкеліпті. «Агроинвест» серіктестігінің құс фабрикасы шатырының алдында жұмыртқа сатып аламын деген тұтынушылар саны көп болды. «Айна» серіктестігі 500 келі сүт, қаймақ, сары май сатты. Бурабайлық жеке кәсіпкер Омаров 1,5 тонна картоптың келісін 80 теңгеден сатып тұрды. Одан әрі Ғалымжан Әбдіхалықов Ақкөл ауданының сауда шатырларына келді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлжан Кенжина өздерінің 10 бас ірі қара, 1 бас жылқы, 8 қой етін әкелгенін баяндап берді. Жәрмеңкеге Ақкөл қаласы мен «Кеңес», «Новорыбинск», «Урюпинка» селолық округтерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері тартылыпты. «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы шатырларының сөрелерінде күнбағыс майының бір литрі 390 теңге, тазаланған күріштің бір келісі 280 теңге, қарақұмық жармасы – 267 теңге, қант – 200 теңге, бірінші сортты ұн – 110 теңгеден сатылды. Біз қала тұрғыны Нұртай Меңдібаевты әңгімеге тарттық.–Пандемияға байланысты қалаішілік қоғамдық көлік жүрмеген соң көршім екеуіміз жәрмеңкеге такси жалдап, келдік. Азық-түлік тағамдарын нарық бағасынан төмен бағамен сатып алдым. Жәрмеңкені егде адамдар айында ұйымдастырған облыс әкіміне алғысымды білдіремін,–деді зейнеткер. Ең үздік шығармашылық ұйымдарының қатысуымен болған концерттік бағдарлама да жұртшылықтың көңілінен шықты. Сөйтіп, жақсы ұйымдастырылған бұл жәрмеңке қала тұрғындары мен меймандарының көңілін бір көтеріп тастады. Рамазан ТІЛЕУОВ,«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар