Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде облыстың 2020 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалуы және күзгі егін орағы жұмыстарының қорытындалары шығарылып, алдағы күннің міндеттері белгіленді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, экономиканың маңызды саласы өңірдің агроөнеркәсіп секторында өсім қамтамасыз етілді. Осының арақасында өсімдік шаруашылығы өсімі 27 пайызға, ет өндірісі 6,1 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға артып, республика бойынша өңір ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемінен бірінші орынға шықты. Пандемия жағдайына қарамастан, өңірдегі кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан жоқ.
Осының нәтижесінде тоғыз айда өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда біршама өсіп, 732 миллиард теңгені құрады. Бұл – республика бойынша екінші орын. Айталық, өнеркәсіп саласының 80 пайыздан астамын құрайтын өңдеуші салалар – металлургия, машина құрылысы, тағам өнеркәсібінде жыл басынан бері 8,8 пайыз өсім болды.
Тау-кен өндірісінде құрамында алтыны бар руда өндірісі 13,9 пайызға кеміген. Бұған Зеренді ауданындағы «Алтынтау Көкшетау», Степногорск қаласындағы «Қазақалтын» ТМК» және Бурабай ауданындағы «RG Gold» акционерлік қоғамдарындағы қордың артуы себеп болған. Сонымен бірге, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша оң динамика қалыптасып, республика бойынша 3-орыннан көрінді.
– Облыс экономикасына шамамен 297,6 миллиард теңге инвес-
тиция салынды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 23 пайыз жоғары, – деді Қанат Дүзелбаев. Сондай-ақ, инвестор тарту арқылы «КБ Интерпрайзис» серіктестігі қуаты 100 МВт болатын күн электр стансасының, «Макинск құс фабрикасы» серіктестігі құс фабрикасының екінші кезеңінің, «Вичи» және «Golden Energy Corp» серіктестігі жел электр стансаларының құрылысын іске асыруда.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде өңірде 417,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Құрылыс көлемі 104 миллиард теңгені құрады. 20 822 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 12 483 – тұрақты. Шортанды, Зеренді, Бурабай және Аршалы аудандарында жалпы, құрылыстың, ал, Жарқайың, Атбасар аудандары және Степногорск қаласында тұрғын үй құрылысының көлемі кеміген.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәжілісте өңірдің тоғыз айының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріндегі олқылықтар үшін бірқатар аудандар мен қала әкімдерін, басқармалардың басшыларын тұрғызып, осының себебін сұрады және әрқайсысына жіберілген кемшіліктердің орнын толтыру бойынша биылғы жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Облыстық құрылыс, өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармаларының басшыларына өңір әкімдерімен бірлесіп, тиісті салалар бойынша көрсеткіштерді жақсарту қажеттігін ескертті.
Бюджеттің орындалуы бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов жан-жақты айтып берді. Басқарма басшысының айтуынша, 2020 жылға арналған бюджеттің көлемі 393 213,4 миллион теңгені құраған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджетке 62 222,5 миллион теңге салықтар мен төлемдер түскен. Облыс бюджеті 113 пайызға орындалған. Бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, 1215,3 миллион теңге қаржы игерілмеген. Бұған негізінен, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларында жол берілген. Осы орайда, облыс әкімі қай салада нақты қандай кемшіліктер жіберілгенін және оның себебін түсіндіруді талап етті. Әр басқарманың басшысын орнынан тұрғызып, жол берілген кемшіліктердің себептерін сұрады.
Облыс басшысы Ермек Маржықпаев баяндамашыларды тыңдай келе, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, аудан және қала әкімдеріне бөлінген қаржыны жыл соңына дейін толық игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан әрі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев күзгі егін орағы жұмыстарының қорытындысы туралы баяндады. Оның айтуынша, облыс бойынша 4,4 миллион гектар егіс алқабынан 5,2 миллион тонна астық жиналды. Биылғы жаздағы ауа райының жайсыз болғанына қарамастан, әр гектардан 11,8 центнерден астық алды. Сонымен бірге, 253,5 мың тонна картоп, 53 мың тонна көкөніс, 135,9 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Қажетті жемшөп, мал азығының қоры да жасалды.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты басшыларға Президенттің, Үкімет басшысының биылғы жылға алға қойған міндеттерін басшылыққа алып, оны орындау бойынша нақтылы тапсырмалар берді. Әкімдік мәжілісінде айтылған барлық міндеттер мен тапсырмалар облыс әкімдігінің бақылауына алынатын болды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.