АБАЙ – РУХАНИ РЕФОРМАТОР: БАСТАУЫ, КЕҢІСТІГІ ЖӘНЕ ӨРІСІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 15 қазаны күні Семей қаласында абайтанушылармен кездескенде академик Ғарифолла Есімнің сөйлеген сөзін автордың ұсынысымен «Арқа ажары» газетінің оқырмандары назарына ұсынып отырмыз.

Мемлекет басшысы 10 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында «Абай – рухани реформатор» деп бағалап, анықтады. Бұл – жаңа сөз. Тың тұжырым. Хакімнің реформаторлық идеясы Әл-Фарабидің ғұламалық ойларынан бастау алған. Мұны ғылыми лексикаға салсақ, Абайдың реформаторлық ойының генезисі дейміз. Әл-Фарабиден хакім Абайға дейін 9 ғасыр, яғни, осы мерзімде халқымыздың рухани реформаторлық ойлау мәдениеті үзілмеген. Мұны ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық деу орынды. Рухы берік халық – мәңгілік деп ұрпақтарымызға өсиет қалдырамыз.
Ұсыныс: Әл-Фарабиден хакім Абайға дейінгі рухани сабақтастық жоғары оқу орындарында пән ретінде оқытылуы қажет.
Абай әлемдік деңгейдегі ойшыл. Қазақ халқы әлемнің бір елі. Қазақ елінің амандығы күллі дүние саулығына тікелей қатысты. Мұны, әлемді еңсерген пандемия дәлелдеп берді емес пе? Жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалаған тарғыл төбеттегідей» бәріміз бір қайықта отырмыз, бағытымыз айқын ба?
Қайық қайда жүзіп барады. Адамзат тағдыры – бір қайық.Хакім Абай осы жайды адамзаттың алдына жайып салып, ұран ұсынған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – деген. Амал жоқ. Бәріміз бір қайықтамыз.
Хакімнің дүние туралы ойының өзегі осы!
***
Абайдың рухани реформаторлығының кеңістігі дегенде, оның ойшылдық мінездемесін айқындайтын мұсылман-түркілік әлемі. Мұны ғылымда типология дейді.
Абай және түрік ойшылы Юнус Эмре.
Абай және өзбек ғұламасы Әлішер Навои.
Абай және әзербайжан ойшылы Низами
Абай және түрікмен ғұламасы Мақтымқұлы.
Абай және пәкістанның тамаша ақыны, ойшылы Мұхаммед Икбал.
Бұл тұлғалар Әл-Фараби ғұламалығынан нәр алған.
Ұсыныс: Қазақ елінде мұсылман-түрік ойшылдарын кеңінен насихаттауда Мемлекеттік бағдарлама қажет.
Оған мүмкіндік бар, ол «Қазақстан» телеарнасы жанынан ашылған «ABAI TV» телеарнасы. Құнанбай Абайды Семейден он үш жасында алғызды. Осы кезге дейінгі оқыған оқуың жетеді деген сыңайда. Ал, өмірге, ілімге, ғылымға табиғатынан құштар жас Абай өз ынтасымен, қайрат-жігерімен, талап-талантымен, талмас ізденісімен, парасатты ойшыл деңгейіне көтерілді.
Ал, біз болсақ, ұзақ-ұзақ оқыдық, бірақ Абайтануда ізденістеміз. Неге? Себебі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дөп басып айтқандай, Абай – рухани реформатор.
Абай секілді тұлғалар сол заманның өзінде-ақ ешқандай Wi-Fi-сыз білімді аян арқылы қабылдай алған. Абай білімі – аян білімі.
Хакім айтады: «Алланың сөзі – қаріпсіз, дыбыссыз» деп. Аян білімі – дыбыссыз, қаріпсіз. Ол аян арқылы қабылданады. Ондай білімді қабылдаушы тұлғалар әлемді апаттан сақтаушы – хакімдер.
Сондықтан да, біз хакімдерді құрметтейміз, оларға бас иеміз. Ақын Мағжан Жұмабаев Абайдың «сөзі мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деген.
Ұсыныс: Абай мұрасын ХХІІ ғасыр жастарына жеткізетін 100 жылдық бағдарлама жасау қажеттілігі бар.
***
Керемет ақын, данышпан ойшылды туғызған Семейдің қасиетті топырағы мен қандай қилы, зар замандарды басынан кешпесін үнемі, үздіксіз жан қиярлықпен даналықтың сақшысы болып келген – қазақ халқы.
Абай – дана халқымыздың рухани сұранысынан дүниеге енген – Ғұлама!
Сөзімнің соңында ақынның рухани реформаторлығының өрісі туралы ойымызды түйіндесек, оны ғылымда Абай парадигмасы демекпіз.
Парадигма дегенде, біз ақын, ойшылдың бүгінгі күнге қажеттілігін айтамыз.
Бүгінгі күні Абайға рухани сұраныс бар ма? Әрине, бар. Бар болса нендей мәселелерде? Мәселе көп, бірақ соның негізгісіне тоқталсақ, ол – шыншылдық.
Хакім айтқан адамның бес дұшпандары: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ деген кімнің болмасын өмір сүруінің формуласы, мектеп жасындағы жастар санасына сіңсе, ертең олар атжалын тартып, ел басқарғанда халыққа, еліне адал қызмет ететін тұлғалар шықпай ма?
Ұсыныс: Мемлекет қызметкерлері арасында аттестация жүргізгенде, олардан кем дегенде Абайдың бес өлеңін және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын білуді талап ету қажет деп санаймын. Себебі, қазіргі заманға Жолдауда айтылғандай Ұлт сапасын кемелдендіру үшін жаңаша, инновациялық ойлайтын креативті жақсы қазақ керек.
***
ХХ ғасыр адамзатты өтірікпен шаршатты. Адам дағдарысқа түсті. Адамды Алласынан ажыратты. Құдайсыздық дәуір басталды. Ем – шыншыл болу. Шындық үстемдік құруы керек. Абай осы істе аса қажет. Ол бәрімізді шыншыл болуға шақырады.
Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Ақынның мерейтойының негізгі мақсаты осы ойды іске асыру. Шыншыл болу – Әділеттілік жолы. Әділет жолы жеңіл деп кім айтты? Халқымыздың осы жолға түсуі – Абай арманы болатын.
Еңсесі түскен халықтың намысын оятып, үміт шамын жаққан Абай болатын. Абай рухани реформатор дегеннің мәнісі. Ол азат ойды тірілткен – Ғұлама. Ойы азат ел – бақытты ел. Ойы азат ел – басына бақ қонған ел. Абайы бар Қазақ елі – бақытты!

Ғарифолла Есім,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, абайтанушы, жазушы, қоғам қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар