Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отанның шын ұланы болсаң, әскери борышыңа адал бол! - АРҚА АЖАРЫ

Отанның шын ұланы болсаң, әскери борышыңа адал бол!

Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінде әскерге күзгі шақырылым басталды. Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті де бұл науқанмен белсене айналысуда. Биылғы жылы өңірден 1993-2002 жылы туған азаматтар әскер қатарына шақырылып жатыр. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында 18-27 жас аралығындағы 9683 адам әскери есепте тұрса, биылғы күзгі шақырылымда 186 азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланған.

– Жер­гілікті басқару орган­дарының, денсаулық сақтау және құрылымдық күштердің өкілдерінен құралған шақыру және медициналық комиссиясы әскерге қабылданушыларды түбе­гейлі тексеруден өткізу­де. Комиссия мүшелері әр үміт­кер­дің алған білімін, маман­дығын, отбасы жағдайын, қызы­ғу­шы­лықтарын, спорттағы жетіс­тік­терін назарға ала отырып, ден­сау­лық жағдайына қарай мерзімді әскер қатарына қабылдау туралы шешім шығарады, – дейді Көкшетау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының уақытша міндетін атқарушы, подполковник Шыңғыс Утжанов мырза.
– Болашақ сарбаздардың денсаулығын тексеретін медициналық комиссиялардың даярлық деңгейі өте жоғары. Биылғы жылы елімізде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты әскерге баратын жастар ПТР тест тапсырады. Мұның барлығы сақтық шаралары аясында жасалып жатыр. Сарбаздардың денсаулығы үнемі жіті бақылауда. Өздеріңізге мәлім, елімізге індет тараған тұста денсаулық күзетінің алғы шебінде дәрігерлермен қатар, әскери қызметкерлер, сарбаздар жүрді. Жалпы әрбір ер азамат үшін Отан алдында азаматтық борышты өтеу міндет. Әрбір адам өз баласына, өз немересіне бір сөзбен айтқанда, желкілдеп өсіп келе жатқан көкөрім жастарға елжандылық, Отансүйгіштік, елге деген сүйіспеншілік сияқты адамгершілік абзал қасиеттердің мән-мағынасын тереңірек ұғындыра білсе, – дейді подполковник.
Шынында да, «Тәрбие тал бесіктен» дегенді қазақ халқы бекерден-бекер айтпасы белгілі. Соңғы жылдары әскерге барудан басын бұқпантайлап жүрген жастардың көбейгені туралы жиі айтылып жүр. Бұрын сарбаз атанып, Отан қорғау ер-азамат үшін абыройлы міндет еді. Ал, қазір ше? Сананы тұрмыс билеп кетті ме, әлде жастардың бойындағы туған жерге, елге деген сүйіспеншілік азайды ма? Бәлкім, дұрыс тәрбие бермей жүрген шығармыз? Біз осы орайда, әскер қатарына шақырылған жастарды да сөзге тартып көрдік. Солардың бірі Нариман Шынғожин:
– Жасыратыны жоқ, бұған дейін оқу оқып, өзімнің қалаған мамандығым бойынша білім алдым. Сол себепті, әскерде борышымды өтеуден уақытша босатылған едім. Әлеуметтік желіден әскерде болып жатқан түрлі келеңсіз жағдайларды көріп жатырмыз. Бәлкім содан да болар, қазіргі жастардың көбі әскерге баруды қаламайды. Мәселен, қалада жалға пәтер жалдап тұрамыз. Ата-анамыз ауылда. Олардың денсаулығы да сыр беруде. Жас келгесін, оларға күтім керек. Ал, біздің тапқанымыз өзімізден артылмайды. Сол себепті бір емес, бірнеше жұмысты қатар алып жүрмін. Ал, мен бір жыл әскерде болсам, ауылдағы ата-анама кім жәрдемдеседі? – дейді.
Ал, Еркін Елебекұлының пікірі басқа. Ол қазіргі таңда Ақмола облыстық жасөспірімдер мен балаларға арналған спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Өткен жылы Назгүл есімді арумен отбасын құрып, бұл күнде Айару есімді ханшайымды тәрбиелеп отырған жас отбасылардың бірі. Еркіннің айтуынша, ол Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің дене шынықтыру факультетін тәмамдасымен әскер қатарына шақырылып, өзінің азаматтық борышын абыройлы өтеп келген. Әскерден оралған соң өз мамандығы бойынша, қызметке орналасып, бүгінде өскелең ұрпақты спортқа тәрбиелеуде.
– «Сыныққа сылтау көп» деген. Меніңше, ер жігітке сылтау айтқан жараспайды. Әрбір ер жігіт әскерге баруы тиіс. Әскер жігітті өмір мектебінде шыңдайды десек артық айтқандық емес. Біздің әкеміз мектепте алғашқы әскери дайындық сабағынан тәлім берді. Сол себепті үйде әскерге бармаймыз деген сөзді айтудың өзі ұят саналатын. Әлі есімде, үлкен ағаларымыз әскер қатарында жүргенде үйге ата-анамыздың атына Алғыс хаттар жолданатын. Сол хаттарды ата-анамыз бізге үлгі ретінде көрсетіп отыратын. Кейін менен үлкен төрт ағам да әскери қызметтерін абыройлы өтеген соң әскер қатарында келісім-шарт бойынша қызмет етуді жөн көріп, бүгінде ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп келеді, – дейді Еркін.
Еркін дұрыс айтады. Қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Жалпы өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиеге мектеп жасынан бастап үйрету керек. Осы орайда облыс орталығындағы мектептердегі ахуал қандай деген сұраққа да жауап іздеп көрдік. Көкшетау қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, облыс орталығында орналасқан №11 орта мектеп-гимназиясында 2016 жылы алғаш рет әскери-спорттық сынып ашылды. Бұл сыныптың негізгі бағыты оқушыларды әскери қызметке даярлау болып табылады.
Мектеп директорының орынбасары Татьяна Владимированың айтуынша, 2017 жылы қосымша 5 әскери-медициналық сынып ашылды, онда тек қыздар оқиды. Биыл міне, екі жыл қатарынан мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарға қабылдау жүргізілуде. Қазіргі уақытта әскери-медициналық, әскери-заң және әскери-спорт сыныптарында 5 сыныптан 8 сыныпқа дейін барлығы 152 оқушы оқиды.
– Мұндай сыныптарды ашудың басты мақсаты – азаматтық және патриоттық құндылықтарға бағдарланған, әскери қызмет үшін қажетті дағдыларды меңгерген жоғары білімді тұлғаны қалыптастыру. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен құқық қорғау органдарындағы қызметтердің беделін нығайту болып табылады. Оқыту жалпы білім беру бағдарламасы бойынша гимназия сыныптарында әскери өнер тарихы, әскери іс, топография, медициналық білім негіздері және тағы басқа бағыттар бойынша бейіндік пәндер оқытылады. Оқушылардың көпшілігі әртүрлі спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысатын секцияларға қатысады. Олардың арасында облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де аз емес. Мәселен, М.Евченко, Р.Қуанышбаев, Д.Құсайынов, А.Смағұлов, Д.Әміржанов, С.Омарова, Д.Баязитов, А.Дулат, Н.Головин және басқаларын атасақ та жеткілікті. Сыныптар ашылған күннен бастап Ақмола облысының полиция департаменті, Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімі, медициналық колледжімен тығыз ынтымақтастық жүзеге асырылуда, – дейді Татьяна Владимировна.
Жүрегі елім деп соққан жастар өсіп келеді. Ел үшін туған ерлер көп болсын!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар