Ел тәуелсіздігінің ең басты жемісі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл – тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі.
Сондықтан, ол – ұлттың өзгеден даралығын анықтайтын жалғыз да айрықша белгісі. Қай ұлт болсын тілі арқылы ғана ерекше болмысы мен табиғи қалпын, өзіндік дәстүрін көрсете алады. Ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретінде танылуы тіл бағының жануы. Мемлекеттік тілді білу сол мемлекеттегі әрбір азаматтың борышы саналуы тиіс. Мемлекеттік деңгейде тіл саясатының шешілуі – өте өзекті әрі маңызды мәселе.
1997 жылы «Тіл туралы» заң қабылданғаннан кейін істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселе көтерілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы Жарлығымен бекітілген тілдерді қолданумен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын 1998-2000 жылдар аралығында іске асыру барысында қоғамдық өмірдің барлық салаларында тіл құрылысы процестерінің одан әрі кеңеюі мен тереңдеуі үшін алғы шарттар жасалды.
Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жұмыс және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Ол біздің сот жүйесіне тікелей қатысты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпандағы «Іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» өкімі республикамыздың барлық соттарында қолданылады. Бүгінгі таңда іс-қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, сот тәжірибиесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақ хаттамалары мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Қазақтың бай тілі – біздің ата-бабадан қалған құнды қазына, ұлттық мұраның қайнар көзі. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып, тілдің қолдану аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Оны орындау – сот жүйесі қызметкерлерінің де басты міндеті.
Арман ЖАҚЫПОВ,
Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу сотының тергеу судьясы.