Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова облыстағы мәдени ұйымдардың биылғы жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындылары туралы айтып берді.
Гүлмира Саматқызы өз сөзінде уақыттың жаңа болмысында мәдениет пен мұрағат саласындағы негізгі міндеттер «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламалары шеңберінде жұмыс орындарын ашып, мәдениет пен мұрағат инфрақұрылымдарын әрі қарай дамыту, мәдени-демалыс орындары мен мұрағаттардың материалдық-техникалық базаларын әрі қарай нығайту екенін айтты. Пандемияға байланысты биылға жоспарланған мерейтойлық іс-шаралардың көбісі онлайн форматқа ауыстырылғаны белгілі. Осы ретте, мәдениет ұйымдарының жақсы жұмыс істегені атап өтілді.
Ақкөл ауданының Амангелді ауылында және Целиноград ауданының Қараөткел ауылында кітапханалар ашылған. Біржан сал және Целиноград аудандарында ауылдық клубтар жұмысын бастады. Жалпы, бізде бұл салада 625 мемлекеттік мекеме мен 21 мемлекеттік мұрағат бар. Облыста 3155 маман мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырумен айналысады. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 26 жас маман жұмысқа келген.
Ауылға келген жас мамандарды жергілікті атқарушы органдар баспанамен қамтамасыз етеді. Мәселен, биыл Шаңтөбе ауылында бағдарламамен барған жас маманға үй берілген. Сондай-ақ, бағдарлама қатысушылары біржолғы көтермеақы алып, еңбекақыларына ай сайын үстемеақы түрінде әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ… Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде» деген болатын. 2019 жылдың 1 қаңтарынан төменгі еңбекақы алып келген экскурсия жетекшілерінің, дыбыс операторларының, сахна қызметкерлері мен техникалық персоналдың еңбекақылары 20 процентке артты. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап мәдениет пен мұрағат саласы қызметкерлерінің еңбекақылары жұмыс өтіліміне байланысты орта есеппен 35 процентке көтерілді, – деді Гүлмира Бекназарова.
Биыл бірқатар мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде мәдениет саласындағы 3 жобаны іске асыру үшін бюджеттен 710,4 миллион теңге қаржы бөлінген. Атап айтсақ, Краснояр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Шортанды ауданының демалыс орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атбасар ауданының Бастау ауылында жастардың демалыс орталығы салынуда.
–«Жұмыспен қамтудың жол картасы» республикалық бағдарламасына Ақмола облысының мәдениет пен мұрағат нысандары бойынша жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгені құрайтын 38 жоба енді. Нәтижесінде 26 мәдениет үйі, 4 кітапхана, 1 мұрағат, барлығы 31 нысан жөнделетін болады. Бүгінде 27 жоба аяқталды, 10 жоба бойынша жұмыстар аяқталуға жақын, – деген басқарма басшысының міндетін атқарушы мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нығайтылуы облыс ұжымдарының шығармашылық әлеуетінің артуына зор ықпал еткенін атап өтті.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Рухани қазына» III-ші республикалық онлайн конкурсының қорытындысы бойынша Ақмола облысы 4 номинация бойынша жеңімпаз атанған. «Үздік облыстық маңызы бар музей» номинациясы бойынша Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі жеңіске жетсе, «Бір отбасы – бір кәсіп» номинациясында Қорғалжын ауданының Құсайыновтар халықтық отбасылық ансамблі топ жарған. Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Мемлекеттік кітапханалардың үздік сайты» номинациясы бойынша үздік деп танылған. «Аудандық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» номинациясы бойынша Жақсы орталық аудандық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Қайдауылова жүлделі орынға қол жеткізген.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.