Ертеден ата-бабамыздан келе жатқан «жер дауы, жесір дауы бітпеген» деген сөз бар. Шындығында да солай. Жер жүзінде қаншама мемлекет бар нақты шекарасын анықтай алмай жатқан. Оның үстіне қазақ малы жүріп өткен жерді біздің жеріміз дейді деп жүрген Жириновский сияқты арандатушылар да жетіп артылады. Қанжығалы Бөгенбай сияқты батырларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерімізді сыртқы жаулардан қорғап қалған. Кеңес Одағы бұдан бір ғасыр бұрын орнап, Қазақ автономиясы осы одаққа кірді. Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері біздің автономияға қай жерлер кіреді деген сұраққа жауап іздеді.
Жауап – В.И.Ленин бастаған Кеңес өкіметі басшыларының көзін жеткізетіндей баяндама жасап, мәселені оң шешу. Алаш арыстары сол кезде жап-жас, отызға да жетпеген шешен Әлімхан Ермековке баяндаманы дайындап, В.И.Ленин бастаған топтың көзін жеткізуді тапсырады. Осы тапсырманы Әлекең ойдағыдай орындап шығады. Еліміздің дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын, қойнауында Менделеев таблицасының барлық элементтері бар жер аумағына Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Әлімхан Ермеков мырзаның қажырлы, батыл да зор еңбегінің арқасында ие болып отырмыз.
Осындай ұлан-байтақ жерімізге көз алартушылар болды. Солардың бірі Кеңес Одағын басқарған әпербақан Хрущев қазақ жерін бөлшектеп, басқа республикаларға бергісі келген арам пиғылда болды. Халқымыздың ардақтысы Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, бейбіт күннің батыры Жұмабек Тәшенов ештеңеден қорықпай, жоғары лауазымды қызметін пида етіп, Қазақстанның астықты, жер қойнауы бай бес облысын Ресейге беруге қарсы шығып, жеріміздің тұтастығын сақтап қалды. Сол кезде Жұмекеңдей батыл азамат шықпағанда бүгінде боданды ел, тәуелсіздікті ұмытқан халық болар едік.
Мінекей, жеріміздің тұтастығын сақтап қалу үшін күрескен Бөгенбай батыр, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Жұмабек Ахметұлы туралы кішкене сыр шерттім. Әрине, бұл төрт азамат қана еліміздің тұтастығын сақтап қалған жоқ, еліміздің азаттығы үшін күрескендер өте көп.
Қанжығалы Бөгенбай мен Жұмабек Тәшенов Ақмола облысының тумасы. Туған жерлерінде өз дәрежесінде ұлықталып жүрген жоқ сияқты. Көше, жекелеген мекемелерге есімдері берілді. Менің пайым-
дауымша бұл жеткіліксіз. Бұл азаматтар ең кемі ауданға есімі берілуге лайық ұлт жанашырлары. Осындай мәселені орыс тілділері бізден басым Солтүстік Қазақстан облысы жақсы шешіп жатыр. Бірнеше аудан зиялылардың атымен аталады. Кезінде Бөгембай атамыз жүрген, ізі қалған бүгінгі Степногорск қаласы сол кісінің есімін беруге сұранып тұр. Қаланың атын қазақшаға аударғанда меніңше, даладағы қала. Ол қала далада емес, орман қойнауында тұр. Ал, Жұмабек Тәшеновке келетін болсақ, ол кісі Аршалы ауданының тумасы. Бұрынғы Вишневканы Аршалыға ауыстырды. Менің естуімше, Аршалы деген сөздің тарихи маңызы жоқ. Әлі де кеш емес. Осы ауданға Жұмекеңнің есімін берсе, аршалылықтар жерлестерінің алдындағы парызын орындаған болар еді, онымен қоса, бұл жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеуге қанша септігін тигізер еді.
Менің естуімше, қарағандылықтар жерлестері Әлихан Бөкейхановтың есімін қаланың бір ауданына бере алмай жатқан көрінеді. Ал, Әлімхан Ермековтың есімі Алаш зиялыларының бел ортасында тұруы керек сияқты. Олай дейтінім, Кеңес Одағының азулы басшыларының алдында қазақтың жеріне қай жерлер жататынына көздерін жеткізу әркімнің қолынан келмейді. Мұнысымен өзі математик бола тұрып, қазақтың жер тарихын терең білетіндігін танытты. Сол баяндаманың негізінде В.И.Ленин декретке қол қойды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Осыны да, басқа да қазақ елінің болашағы үшін күрескен еңбегін «бағалап», Кеңес үкіметі Әлекеңді он сегіз жылға Сталиннің «шипажа-йына» жіберді. Сол ауыр жылдарды өткеріп келіп, қазақ жастарына жоғары білім беруге қаншама еңбек сіңірді. Сөздің реті келгенде айта кетейін, бірде Сәбит Мұқанов Қарағандыға Сәкен Сейфуллин пьесасын қоюға келеді (Жайық Бектұровтың естелігінен). Сонда Сәбең Ермековке «Әлімхан, әңгіме айт» дейді. Әлімхан ағамыз былай деп жауап беріпті: «не айтамыз сендер жеңген итсіңдер, біз жеңілген итпіз» деп. Мен институтта оқып жүргенде Әлімхан Ермековты екі-үш рет көрдім. Кішірек келген, жұқа өңді, ұзын көк пальтосы бар елеусіз адам сияқты көрініп жүрді. Әлімхан ағамыздың есімін бір шекаралық жоғары оқу орнына немесе өзі қызмет атқарып, жас мамандарды тәрбиелеген Қарағанды политехникалық университетіне берсе, артық болмас еді деп ойлаймын.
Бұл тақырыпты қозғағаннан кейін айта кетейін, Петропавл мен Павлодар қалалары Пётр мен Павелды неге қадірлеп отыр? Егемендік алғанымызға қанша жыл болды, білесіздер. Содан бері жоғарыда аталған екі облысты қанша қазақ азаматтары басқарды. Солардың қолынан келмеді дегенге сенбеймін. Бұған онша мән бермеген шығар деп ойлаймын. Бір газеттен оқыдым, Абай атамыздың 150 жылдығы болған жылы қазіргі Ақмола облысының Есіл ауданының кейбір белсенді азаматтары аудан орталығындағы үлкен мектепке Абай Құнанбаевтың есімін беру мәселесін көтереді. Көбі орыс тілділер істейтін мектептің ұжымы құлықсыз болады. Бұл сөз аудан басшысы Амангелді Нұрхамитұлы мырзаның құлағына жетеді. Бұл дұрыс ұсыныс екенін түсінген басшы бірде осы мәселеге қатысы бар-ау деген қызметкерлерді жинап алып, бүгіннен бастап мектепке Абай есімі берілді деп есептелсін деген шешім шығарып, батылдылық көрсетеді. Қазақ ұлтының мәселелерін шешуде біздің азаматтарға осындай батылдылық қажет. Құдайға шүкір, мемлекет құраушы қазақ ұлтының саны жетпіс пайызға тақады және үкіметтің, жергілікті жерлердегі әкімдердің басым бөлігі біздің ұлттың өкілдері. Сол кісілер халыққа экономикалық, әлеуметтік жағдайлар жасаумен қатар, өзі басқарып отырған өңірдің тарихына үңіліп, ұлтқа керек, патриоттық тәрбиеге қажет мәселелерді шешіп отырса, ұтарымыз көп болар еді. «Жатқан тастың астынан су ақпайды» демекші, жергілікті жердің көзі ашық белсенділері қозғау салса, қай мәселе болса шешімін табады деп ойлаймын.
Өз тәжірибемнен бір-екі ауыз сөз. Жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың есімін бір мектепке бергізу үшін осы жұмыспен он жеті жылға таяу уақыт айналыстым. Мұндай мәселелерді шешу оңай шаруа емес. Ол үшін қажымай-талмай ойлаған шаруаңды шешетін мекемелердің алдына жиі-жиі мәселе қойып, көздерін жеткізетіндей дәлелдер келтіре беру өте қажет.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.