Ауыл дамымай, қала жарымайды

Бүгінде елді мекендердің еңсесін тіктеп, тамырына қан жүгірту мақсатында түрлі қадамдар жасалып жатыр. Соған қарамастан, ауылды дамыту күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселеге айналды. Сапалы білім, медицина, инфрақұрылым жоқ. Тұрғындар білікті мамандарға зәру. Табыс көзінің тапшылығынан жұрт көшіп, ауылдар қаңырап жатыр. Ал ауылды дамыта алмайтын болсақ, қаланы да қарық қылып жарыта алмайтынымыз ақиқат. Бұл ретте, біз ауылдағы жағдайдың жай-жапсарын сұрап, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевпен әңгімелескен едік.

– Әли Әбдікәрімұлы, жылдар жылжыған сайын түтіні түзу ұшқан елді мекендердің қадірі қашып, берекесі кетіп бара жатқан сыңайлы. Сенат депутаты, ауыл адамдарының үнін жеткізіп, дауысын естіртетін партия төрағасы ретінде биік мінберде қандай мәселелерді көтеріп келесіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Еліміздің тірегі ауыл екені бесенеден белгілі. Бүгінде бұл саланың мәселесімен, шешуін таппаған проблемаларымен «Ауыл» партиясы жақсы таныс. Жалпы, сенаторлық қызметім мен партия төрағасы ретіндегі міндеттерімді бір-бірінен бөліп қарамаймын. Депутаттық мандаттың құзыреті аясында ел азаматтарының түйткілді мәселелерін назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Осы уақытқа дейін Үкімет басшысының атына 34 депутаттық сауал жолданды. Сауалдардың басым бөлігі ауыл және ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған. Еліміздің қай өңірінде осы салаға қатысты мәселе туындап жатса, үнімізді қосып, түйінін шешуге атсалысамыз. Елді мекендердің экологиялық мәселелеріне, ауыл шаруашылығы жерлерінің сорлануына, ауыз су мен ағын судың ластануына, жайылым мен агроөнеркәсіпті қаржыландыруға байланысты және басқа да көптеген мәселелерді Үкімет басшысына жеткізіп, оң шешілуіне ықпал еттік. Өңірлердегі мәслихаттарда 38 депутатымыз бар. Жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешіміне олар да белсене атсалысады. «Қазақстанның фермерлер қауымдастығы», «Ауыл шаруашылығы кешені қауымдастықтарының альянсы» сияқты бірлестіктермен меморандум жасасып, жаңа бастамаларды қолға алудамыз. Негізгі ниетіміз – ауылдың дамуына мүдделі топтардың күш біріктіріп, ортақ мүдде жолында жұдырықтай жұмыла жұмыс істеулеріне жағдай жасау.
– Ауыл тұрғындарын алаңдататын көп мәселенің бірі – сапалы медициналық көмектің жоқтығы. Мәселен, елімізде амбулаториялық пункттері, жедел жәрдем көліктері, дәріханалары жоқ ауылдар бар. Мұны Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да мойындап отыр. Сіз басшылық ететін партия осы мәселелерді күн тәртібіне қоя алды ма?
– Пандемия кезеңі еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің олқы тұстарын анықтап берді. Әсіресе, ауылдық елді мекендердің эпидемиялық жағдайға даяр емес екендігі анық байқалды. Кейінгі бір айдың ішінде «Ауыл» партиясының белсенділері, волонтерлері 200-ден астам елді мекенді аралап, ондағы амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің, ауруханалардың жай-күйімен танысты. Өкінішке қарай ауылдағы медициналық қызмет көрсету саласының проблемалары шаш етектен. Мәселен, 3-4 ауылға бір ғана фельдшер қызмет көрсететін өңірлер кездеседі. Оның өзінде тиісті ауылдарды аралап шығатын көлігі жоқ. Тұрғындар саны 2-3 мыңнан асатын ауылдарда жалғыз фельдшер жұмыс істеп отырғанын да байқадық.
Бүгінде аталған мәселені шешуге бағытталған бірнеше жос-парымыз бар. Бұл бірінші кезекте, ауылдық елді мекендерді заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету үшін тиісті министрліктерге ұсыныстар жасау. Әрине, барлық ауылды бір сәтте сапалы әрі қымбат құрылғылармен қамти салу қолдан келмейтіні анық. Дегенмен, мұны шешудің бір жолы – ірі ауылдарда орталықтандырылған медициналық орталықтар ашып, олардың жалғыз өзіне ғана емес, сондай-ақ көршілес ауылдарға, аудандарға қатар қызмет көрсетуін қамтамасыз ету. Мұндай тәжірибе еліміздің бірқатар өңірінде енгізіліп те жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында осындай мәселені шешудің оңтайлы жолдары жақсы нәтиже беріп келеді. Атап айтсақ, аталған өңірдегі ірі ауылдар мен аудан орталықтарында инсульттік, «Ана мен бала», кардиологиялық, оңалту орталықтары ашылып, олар өздеріне ғана емес, сонымен қатар көрші ауылдар мен аудандарға да қатар қызмет көрсетуде. Яғни, ауыл тұрғындары бұрынғыдай сабылып бірнеше жүздеген шақырым қашықтықтағы облыс орталығына немесе ірі қалаларға ағылмай-ақ, сапалы медициналық көмекті көрші ауылдан немесе ауданнан ала алатын болды.
Жалпы, эпидемиялық заңдылықтар бойынша ауылда індеттің таралуы аз болуы тиіс. Өйткені, онда халықтың шоғырлану тығыздығы қаладағыдай жиі емес. Мыңдаған адам тұратын көп қабатты үйлер мен ірі нысандар жоқ. Ендеше, ауылдарда ковидтің таралуына не себеп?.. Әрине, жергілікті әкімдіктер індеттің алдын алу жұмыстарын дұрыс ұйымдастырғаны жөн. Ауыл халқы өте ұйымшыл. Нақты бас-тамашыл басшы мен бағыт беретін білікті маман болса, өз игіліктері үшін ештеңеден тартынып қалмайды. Айтпағым, ауыл әкімдері қандай істе болсын жоғарыдан нұсқау күтіп, қол қусырып отыра бермей, бар мүмкіндікті пайдаланып, іске кірісулері керек. Тағы бір байқағанымыз, тұрғындары ірі өндіріс орындарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін ауылдарда індет көбірек таралған. Сондықтан да ірі кен орындары мен өндірістердегі санитарлық бақылау мен профилактикалық шараларды да күшейткен абзал.
Шыны керек, ауылдағы ағайындар індеттің бірінші толқыны кезінде шарасыздықтан ем-домын үйде қабылдады. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. «Ауыл» партиясы пандемия жағдайында ауылдардағы медициналық қызметтің сапасына жүргізген мониторингтік шаралардың негізінде Үкіметке хат жолдадық.
– Қазақстанда ауыл тұрғындары жаппай көшіп жатыр деуге болады. Өткен жылдың өзінде «алтын бесікті» қаланың қым-қуат тіршілігіне айырбастаған отандастарымыздың саны жарты миллионға жетіпті. Ауылға халықты қалай тұрақтандыруға болады?
– Урбанизация ХХІ ғасырда әлемдік үрдіске айналды. Ауылдық елді мекендер құлдырай берсе, урбанизацияның алдын алу қиынға соғады. Сондықтан да бірінші кезекте ауылдардың әлеуметтік, шаруашылық инфрақұрылымын дамыту шарт.
Ел тұрғындарының 53,3 пайызының урбанизациялануы мақтанарлық жайт емес. Сол себепті, ауыл-аймақ тұрғындарын тұрғылықты жерлерінде ұстайтын жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін ең дұрысы, ауыл халқының қолында бар шаруашылығымен нәпақа табуына жағдай жасауымыз керек. Әрине, ұйымдастырылған түрлі агроқұрылымдарға жағдай жасаған жөн. Олар түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары. Бірақ олар да жұмыс орындарын беріп үнемі ұлғая беретін зат емес. Олар ауылдағы 4 миллион экономикалық белсенді халыққа жұмыс беруге қауқарсыз. Сол себепті ауыл халқына өзінің жеке шаруашылығы арқылы нәпақа табуға жағдай жасауымыз қажет.
Бүгінгі күні ауылдағы әр азаматтың қора-қопсысы, малы, бақшасы бар. Олар жыл он екі ай өз өнімдерін шығарып отыр. Статистикалық деректердің өзі-ақ бүгінгі күні елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарларының тең жартысынан астамын жеке шаруашылықтардың өндіретінін көрсетуде. Сол себепті, оларға өз өнімдерін әділ бағаға сату арқылы күн көрулеріне жағдай жасаған жөн. Ол үшін тұтыну-сервистік кооперативтер құру қажет. Олар ауыл халқының өнімдерін әділ бағаға сатып алып, басқа жақта сатуы керек. Сол кезде ауыл халқы қалалық жерлерге көшпейтін болады. Болашағы бар ауылдарды іріктеп алып, соларда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салуды, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасы әлі де жетілдіре түсуді талап етеді. Ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған жоба сөз жүзінде қалмай, нақты жұмыстарды атқаруы тиіс.
– Үкімет тарапынан ауылды, ауыл шаруашылығын өркендетуге арналған алуан түрлі бағдарлама бар. Бағдарлама аясында қыруар қаржы бөлініп те отыр. Алайда қазынадан бөлінген қаржы қаншалықты мақсатты түрде жұмсалады? Жұмсалған күнде нәтижесі қандай?
– Жоғарыда атап өткендей, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының олқы тұстары көп. «Ауыл» партиясының мүшелері жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, бұл бағдарлама «Еңбек», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты бағдарламалармен үйлестірілмеген әрі жан-жақты жүйелі ойластырылмай жасалған құжат деуге болады. Жобаға енгізілген тірек ауылдарын іріктеу принципі түсініксіз, қандай критерийлермен таңдап алғандығы белгісіз. Сол себепті 3561 елді мекенді құрайтын тізімнен шалғайдағы ауылдар тыс қалған. Біз бұл жобаны қайта қарауды ұсынып отырмыз.
АӨК-ті дамытуға 2019 жылы 448 миллиард теңге қаржы бөлінсе, соның 1,6 миллиард теңгесі ауыл түрғындарын тұрақты жұмыспен қамтитын 22 жобаға ғана жұмсалған. Аграрлық бағыт бойынша гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру көлемін арттыру мәселесін біз қолдайтын боламыз. Қазір мемлекет тарапынан АӨК-тің тұрақты дамуы мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне бөлінетін қаржыны ұлғайтуды ұсынып отырмыз.
– Бүгінде қала тұрғындарының жан басына шаққандағы табысы 66 207 теңгені құраса, ауылда бұл көрсеткіш небәрі 35 349 теңгені құрайды. Мәселен, табысы күнкөріс деңгейінен төмен аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде 6,6 пайызға жетіпті. Қала тұрғындарымен салыстырғанда бұл екі жарым есе көп көрінеді. Сіздіңше осы мәселені қалай шешуге болады?
– «Ауыл» партиясының жүргізген статистикасына сәйкес, ауылдағы отбасылардың ішінде әр бесінші әйел табыскер екен. Сондай-ақ, ауылда тұратын отбасылардың 10 пайызы әйелдер алатын жәрдемақы мен зейнетақы қаражатына күн көріп отыр.
Қазақстанда көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудағы жағдай түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Қазіргі қолданыстағы ана мен баланы әлеуметтік қолдау жүйесінде қайшылықтар бар. Мемлекет тарапынан баланы туғаннан бастап 18 жасқа толғанға дейін әлеуметтік қолдау стандартына кепілдік беріліп, оны айқындауға тиіс. Яғни, төлемдер отбасының табысына, балалар санын растаусыз жаппай барлық балаға төленуі керек. Мысалы, қазір атаулы әлеуметтік көмекті 766 мың адам алады. Олардың 492 мыңы балалар. Ал АӘК-тің орташа мөлшері 7,3 мың теңгеден сәл ғана асады. Көп балалы отбасылардың кедейлігі туралы ақпарат осы статистикамен-ақ расталып тұр. Сонымен қатар отбасының әкесі алимент төлеуден жалтарған немесе кәсіби біліктілігінің төмендігіне байланысты жұмысқа орналаса алмайтын отбасылар кедейлік шегінде қалады. Ал анасы болса, жұмысқа шығу керек немесе мемлекеттен ең аз АӘК алып үйде отыруы тиіс. Мұны аналар үшін әлеуметтік әділетсіздік деп білеміз.
Әйелдер үшін жоғары ақы төленетін жұмыс орындарының болмауы, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің және мектеп жасындағы балалар үшін ақылы қосымша білім алудың қолжетімсіздігі қазіргі кезде үлкен әлеуметтік мәселеге айналған. Бір сөзбен айтқанда, ана мен баланы қолдау саясатында түйіні шешілмеген түйткілді мәселелер баршылық. «Балалар – біздің болашағымыз» дейміз, ал егер біз қазір әлеуметтік көмекті кедейлік шегінің 70% шегінде төлей отырып, тәрбиелейтін болсақ, онда болашақта олардан отансүйгіштікті күтуге, «елге қызмет ет» деп талап қоюға моральдық құқығымыз жоқ.
– Ауылдың жолын, инфрақұрылымын дамыту да күн тәртібінде тұр. Пандемия жағдайында жығылғанның үстіне жұдырық болып, бұл мәселелерге интернет тарту қажеттілігі қосылды. Осы мәселелерді шешуге қатысты партия қандай да бір бастамаларды қолға алып жатыр ма?
– Пандемия цифрландыру саласында кемшіліктердің көп екендігін көрсетті. Әсіресе, білім саласы қашықтан оқытуға көшкен сәттен бастап интернет мәселесі туындады. Интернеттің кейбір ауылдарда мүлдем жоқ екендігі айқындалды. Онлайн оқыту үшін бірыңғай платформаның болмауы, сайттардың әлсіз жұмысы, сонымен қатар кең жолақты интернетпен барлық ауылдар қамтылмағаны, интернет болса да, оның сапасы мен жылдамдығы қанағаттандырмайтындығы белгілі.
Ал, ауыл-аймақтың интернет желісімен қамтылуы бөлек әңгіме. Бұл бірінші кезекте интернет жылдамдығының өте әлсіз болуы, екіншіден, шалғай ауылдарға кабель тартуда провайдер компаниялардың оны шығын көруінде. Ауыл-аймаққа ұялы байланыстың сымсыз интернетін ғана жеткізіп үйренген монополист компаниялар оптикалық-талшықты кабельдер тартуды тым қымбат әрі шығыны көп шаруа деп есептейді. Өздерінің бас пайдасын ғана ойлаған осындай компаниялардың кесірінен қарапайым халық зардап шегіп отыр. Бұл мәселе осы уақытқа дейін білін-бес те еді. Бірақ коронавирустық пандемия бар шындықтың бетін ашты. Қашықтықтан оқытуда ауыл-аймақтың интернеті түкке татымай қалды. Осы ретте еліміздің байланыс нарығына басқа компанияларды енгізу тиімді деп ойлаймын. Бұл монополист компаниялар арасындағы келісім мен өзара аймақтарды бөлісіп алу жоспарларын бұзып, сапалы интернеттің ел тұрғындарына қолжетімді бағада берілуін қамтамасыз етеді. Бәсекелестік болған жерде ғана бұл мәселе шешіледі.
Қазіргі таңда Қазақстанда көптеген ауыл интернетпен қамтылмаған. Ең алдымен, осы мәселеге байланысты оқушылар зардап шегуде. Сондай-ақ, елдің кенттері мен ауылдарындағы ұялы байланыстың сапасы әлі де өткір күйінде тұр.
– «Ел тірегі – еңбек адамы» дейміз. Алайда өнім өндіріп, елді асырап отырған еңбек адамдары – шаруалар да шалқып отырмағаны белгілі. Қашанғы олар субсидия, несие, дизель отынын сұрап Үкіметке алақан жаяды. Бәрі керісінше болуы керек емес пе еді?
– Отандық агроөнеркәсіптік кешен шамамен 17 мың заңды тұлғадан, 200 мыңнан астам шаруа қожалығы және 1,7 миллион жеке қосалқы шаруашылықтан құралады. Соңғылары барлық өнімнің жартысынан көбін өндіреді: мал шаруашылығында – 72 пайыз, көкөніс шаруашылығында – 90 пайыз, сүт өндірісінде – 80 пайыз. Осыған қарамастан, көптеген жыл бойы жеке шаруашылықтар мемлекеттік қолдаудан тыс қалып келеді. Қазіргі күні ауылдарда шамамен 8 миллион адам немесе халықтың 42 пайызы тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы бұл жай ғана экономика саласы емес, ол әлеуметтік-экономикалық сала, өмір салты. Оның өзегі шаруаларға жақсы табыс табуға және ауылдағы өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін күшті кооперативтер болуы керек.
«Ауыл» партиясының өкілдері жер-жерлерде фермерлер мен жеке шаруа қожалықтарына кооперация құру, оны дамыту мен артықшылығы туралы кеңес айтып, сұрақтарына жауап беріп келеді. Дамыған елдерде, мысалы Израиль, Жапония елдерінде ауыл шаруашылығы осы кооперация арқылы дамып отырғаны белгілі. Кооперацияның басты міндеті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көмек көрсету. Ол қандай көмек? Мысалы, ауылдағы шағын қожалықтар, жеке кәсіпкерлер, ЖШС-лар ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, тағы басқа өнім түрлерін өндіреді, бірақ өткізу жолдары тұрақты емес. Осы жерде кооперация көмекке келуі тиіс. Яғни, қожалық өнім өндірумен, ал өткізумен кооперация айналысады. Кооперациялардың дамуы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ал қала тұрғындарының экологиялық таза өнім тұтынуларына мүмкіндік жасайды. Келесі қадам – бүгінде бизнеске айналған малға қыстық азық дайындау. Бір тонна шөптің өзіндік құны – 7-8 мың теңге, шабындық барысында ол 20 мың, күзде – 30 мың, қыста – 40 мың теңге, ал қыс қатты жылдары 50 мың теңгеге дейін жетеді. Шаруалар шөп үшін өздерінің аз пайдасын беруге мәжбүр.
Әр шаруа қожалығы өзінің малына, техникасына, қаржысына өзі меншік иесі болып қала береді. Тек өнім өткізуде, жемшөп дайындауда немесе сатып алуда, жанар-жағармай сатып алуда кооперация көмегіне жүгіне алады. Мысалы, жанар-жағармайды әр қожалық 1-2 тонналап жеке-жеке бөлшектік бағамен сатып алғаннан гөрі, бәрі бір кооперацияға бірігіп көтерме бағамен сатып алған арзан және пайдалы болады. Сол сияқты тұқымды, пестицидтерді, шағын техникаларды тағы басқа өндіріске керек заттарды алуға септігін тигізеді. Қазіргі күні шағын шаруашылықтардың банктерден кредит алу мүмкін емес, кредит алу үшін лайықты кепілзат болуы тиіс. Алған күнде де пайыздық өсімі жоғары. Осы жерде де шағын шаруаларға көмекке кооперация қол ұшын соза алады. Мысалы, кооперация құрамындағы үлкен шаруалар артылған қаржысын кооперацияға пайыздық өсіммен береді, ал кооперацияның шағын шаруаларға төмен пайызпен кредит беру мүмкіндігі туады.
– Бүгінде елімізде ауыл халқының үлесі 42 пайызды құрайды. Бұл үлкен күш. Ауылдың жайын айтқанда «Ауыл» партиясының қазіргі қызметін айналып өте алмаспыз. Партияның бүгінгі қызметі мен саяси әлеуеті туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінде «Ауыл» партиясы қайтадан қалыптасу кезеңін аяқтап, партиямыздың іргесі бекіп, қанаты қатайып, қатары толығып келеді. «Ауыл» партиясы – өзіндік тәжірибесі мен тарихы бар, жұмыс жүйесі қалыптасқан, танымал саяси бренд. Партиямыз құрылымдық тұрғыдан күшейіп, аяғына нық тұрды. Барлық өңірлер мен аудан, аймақтарда партияның филиалдары мен ұйымдары тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. «Ауыл» партиясының аймақтарда шынайы беделі бар. Еліміздің әр өңірінен алынған ақпараттарға сүйене отырып, мен тұрғындардың біздің партияға деген көзқарасы одан сайын жақсарып, партия мүшелеріне деген сенімнің артқандығын атап өткім келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген азаматтың «Ауыл» партиясына өтуге ниет білдіруі – партиямыздың артып келе жатқан абыройының тағы бір айғағы. Тек 2015-2020 жылдар аралығында біздің партияның құрамы 52 мың адамға артты.
«Ауыл» партиясының кадрлық әлеуеті де күшейді. Біздің қатарымызда еңбегімен жетістікке жеткен ірі кәсіпкер де, қарапайым шаруа да, ауыл шаруашылығы ұйымдарының, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, қызметкерлері, білікті мамандар, ғылым докторлары мен қандидаттары да бар. Оларды партияның алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырып келе жатқан «Ауылдың» алтын қоры» десек те болады.
Қыркүйек айынан бастап «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасын өткізудеміз. Сауалнама ел азаматтарынан қоғамдағы саяси-әлеуметтік, экономикалық мәселелерді жинақтап, шешу жолдарын айқындауға бағытталған. Мұндағы негізгі мақсатымыз – қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап, тиісті үкіметтік органдарға жеткізу, еліміздің дамуы бойынша тұрғындармен пікір алмасу арқылы қордаланған мәселелерді қоғам елегінен өткізіп, оларды «Ауыл» партиясының бағдарламасына енгізу. Қазіргі күнге дейін «Ел аманаты» сауалнамасына 130 мыңнан астам респондент қатысып, өз ұсыныстарын жолдады. Сауалнама интернет арқылы цифрлы форматта және дәстүрлі түрде өткізілуде. Аты айтып тұрғандай, азаматтарымыздың мәселелерін өзімізге аманат етіп алып, сол мәселелерді шешу жолында партияның әлеуетін жұмылдырамыз. Бір сөзбен айтқанда, «Ел аманаты» партиямызды қоғамның нақты мәселелерімен айналысуға бағыттайтын басты нұсқаулық болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Рауан ҚАБИДОЛДА.
(«Egemen Qazaqstan», 5 қараша 2020 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар