13 қарашадан бастап Көкшетау қаласына басқа облыстардан қатынайтын азаматтардан санитарлық посттардан өтетін кезде ПТР тестілері талап етіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.
Облысымызда соңғы тәуліктерде коронавирус індетінің көптеп тіркелуіне байланысты 13 қараша күні сағат 00:00-ден бастап бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы күшіне енеді. Соған сәйкес, облыс орталығының периметрі бойынша орнатылған санитарлық посттарда бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендердің, сауда орындарының жұмыс уақыттарына шектеу қойылады. Егде жастағы адамдар ауруға бейім келетіндіктен, 65 жастан астан тұрғындарға далаға себепсіз шығуға тыйым салынады. Үйге қонақ шақыруға, той өткізуге бұрынғыша рұқсат жоқ.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.