Облыс əкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Ақкөл ауданында болып, жаңа бала бақшаның салтанатты ашылу рəсіміне қатысты, сондай-ақ, балалар үйінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Бүгінгі күнге дейін аудан орталығында төрт бала бақша жұмыс істеп келсе, енді олардың қатары тағы бір ғимаратпен толыға түсті. 140 орынға арналған жаңа «Арайлым» бала бақшасы балғындарға есігін айқара ашты. Олардың біреуі балғындарға мемлекеттік тілде білім берсе, қалғандары аралас бала бақшалар. Жаңа бала бақша құрылысын бас мердігер компания өткен жылы қыркүйек айында бастаған болатын. Жобаның жалпы құны 170 миллион теңгені құраған.
Салтанатты ашылу рəсіміне қатысқан облыс əкімі Сергей Кулагин бұл жақсылықтардың барлығы Елбасымыздың тікелей нұсқауымен қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында келгендігін айта келе, бала бақшаға баратын бүлдіршін Дәрия Қураевамен бірге жаңа ғимараттың лентасын қиды. Жиналған қауым ішке еніп, балғындардың жатқа оқыған өлеңдері мен әсем әндеріне құлақ түрді. Ата-аналар атынан Екатерина Водолазова сөз алып, Президентіміздің және облыс басшылығының атына осынау қамқорлықтары үшін шексіз ризашылық сезімін білдірді. Жыл аяғына дейін
аудан орталығында тағы бір бала бақша ғимараты пайдалануға берілмекші. Сөйтіп, бала бақша кезегінде тұрған 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің мәселесі толық шешіледі деп күтілуде.
Одан кейін облыс әкімі №1 Ақкөл балалар үйіне ат басын бұрды. Мұнда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, осы іске жауапты «Камила» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына жұмысты абыроймен атқаруды тапсырды.
– Барлығын балаларға ыңғайлы болатындай етіп жасау керек. Еденге алдымен тақтай төселіп, ол линолеуммен жабылуы қажет. Жуынатын бөлмелер де әр қабатта жеткілікті болуы тиіс, – деген Сергей Кулагин мердігер компанияға жүктелген міндеттерді тағы бір пысықтап өтті.
Мұнда үстіміздегі жылдың шілде айында басталған жөндеу жұмыстары прокуратура органдарының тексерісінен кейін тоқтап қалған көрінеді. Қазіргі таңда су құбыры тартылып, бөлмелерді бөлу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құрылысшылар биыл төбені жауып, терезелерді орнатса, келесі жылы ішкі әрлеу жұмыстары басталмақшы. Құны 715 миллион теңгеге бағаланып отырған балалар үйі ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары келер жазда аяқталмақшы.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы «Пегас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астықты сақтап, кептірумен айналысатын жүк тиеу кешенінің құрылысымен де танысты. Серіктестік жетекшісі Алексей Анисиннің айтуынша, мұнда Ресей, Түрік елдерінен әкелінген қондырғылар орнатылуда.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Ақкөл ауданы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.