Мәлік батырдың ерлігі – ел рухының айғағы

Мәлік Ғабдуллин аспирантурада оқып жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталады. 1941 жылдың шілдесінде Алматыда 316 атқыштар дивизиясы құрылып, оның №1075 полкінің бір ротасының саяси жетекшісі (политругы) қызметіне тағайындалады.

Осынау қаҺарлы күндерде Мәлік Ғабдуллин соғыс тағдырын шешетін бірнеше майдан операцияларына тікелей араласады. Осындай аса қауіпті тапсырмалардың бірі – 1941 жылғы қазан айында немістерді Москваға өткізбеу еді. Сол жолы взвод автоматшылары көрші ротамен бірге жаудың кезекті бір шабуылын тойтару барысында қанша қарсылық көрсеткеніне қарамастан, күш теңсіздігінің салдарынан қаптаған фашистердің қоршауында қалады. Дегенмен Мәліктің алғырлығы мен жауынгерлердің ынтымақ-бірлігінің арқасында әскери құрылым тығырықтан ойдағыдай шығады. Олар орман ішінде қоршаудан шыққандар топтарымен бірігіп, фашистердің мол қару-жарағын, яғни, 12 станокты пулеметін, 20 қол пулеметін қолға түсіреді. Мұнымен қатар 27 фашисті тұтқынға алып, 16 жаралы полктас жауынгерлерін кезектесе көтеріп, әупіріммен жүріп өз дивизиясына қосылады.
Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой темір өзек жауынгерлерді көзімен көріп, таңғажайып ерліктеріне сүйсіне елжіреген дивизия командирі, генерал-майор И.В.Панфиловтың толғанысын былайша суреттейді:
«…Өзінің көргісі келді. Сұңғақ бойлы, талдырмаш жасты Панфилов ұзақ айналдырып қарады. Шынын айтқанда бұл Мәліктің денесіне соғыстың әскери кимі әлі де қона қоймаған кезі еді.
– Мә, саған ғылым адамы! Жарайсың! Жаман солдат болмассың, – деді ол Мәлікке жарықшақты даусымен. Сөйтті де, Мәлікті өзіне қарай тартып алып, орыс халқының әдетінше, бетінен үш рет сүйді. Бұлардың қасында жақын тұрған әскерилер, көп езу тартпайтын, салқын жүзді атақты генералдың сыр бермейтін жүзінде әкелік қуаныштың лап бергенін байқап қалысты».
Генералдың бұл сүюінде үлкен мағына жатыр еді.Соғысқа енді ғана енген қазақ жігітінің ақылына, тапқырлығына, нағыз қысылтаяң кездегі терең оймен шешетініне деген сүйініш еді ол. Қолына ұстаған қаламын автоматқа ауыстырған жігіт сұрапыл күндерде осылайша өзін-өзі көрсетсе, оған қалай таңданбассың. Етігімен су кешіп, қанды көбік жалатқан қатыгез күндер өз батырын осылай тудырды. Батыр Мәлік «өзіне қанша қатал болса, қарауындағы адамдарды да сонша жинақы, әрі әмірді бұлжытпай орындайтын халде» ұстады.Ол әркез жауынгерлерге ақылшы жанашыр бола білді.
1941 жылдың қазан айының 18-21 күндері Осташево қаласы үшін шайқас болды. Бұл қаланы басып алу үшін немістер Руза өзенін кешіп өтуге әрекет етуде.
Бірақ, фашистердің алдын ала дайындалып, тұтқиылдан жасаған шабуылы алғашқы сәтте тым басым болатын. Олар келесі күні қаланы қорғаушыларды ұшақтарымен, ауыр артиллерия мен минометтерінен, танкілерінен атқылай отырып, кеңес жауынгерлерін едәуір шегіндіріп тастаған еді. Мәлік ағаның 40 адамнан тұратын взводы да қоршауда қалады. Бұл тығырықтан тек командирдің айла-ақылымен, соғыс өнеріне төселген тәжірибесімен, кездескен қиыншылықтарды жеңудегі тапқырлығымен ғана шығуға болатын еді. Осы қасиеттердің қай-қайсысы болмасын Мәлік ағаның бойынан табылғанына бүгінгі тарих куә.
– Мысалға ағаш арасында кездескен әрбір топ, тіпті, жеке адам оған бірден қосыла қоймайды. Ол үшін оған не сөзің өтіп, не ақылың жетуі керек. Ол алғашқы кездескен топқа алдымен бір тал шыбықты сындыруды сұрайды. Топтан суырылып шыққан бір жауынгер ол шыбықты оп-оңай сындыра салады. Одан кейін бір бау шыбықты ұсынады. Оны олай әлектеніп, бұлай әлектеніп, ешкім де сындыра алмайды. Міне, біз де осындай бір бау шыбықтаймыз. Көп болып, ақылдасып отырып, жол табамыз, – дейді Мәлік аға. Сөйтіп, ол ротадан тірі қалған 24 адамға орман ішінде босып жүрген 119 жауынгерді қосып, дивизияға оралады.
Елсіз орман іші. Қыс болса түскен, киерге киім, ішерге ас жоқ жерде оның үстіне жан-жағың қаптаған жау болса, неше күн неше түн ашқұрсақ жүру, жаралы, жарымжан адамға талғажау етіп, өзек жалғар бірдеңе тауып беру де оңай іс емес. Сөйтіп жүріп, мұздай құрсанған жаумен арпалысу, оларды түп орнымен жойып жіберу де қиынның қиыны екені белгілі. Ол отрядты саз батпақ, милы жермен, жүрсе жүріс өнбейтін жермен бастап, өзі де аш, өзекті жалғауға бір тілім нан табылса, оны өзі жемей, алдымен жаралы жолдастарына ұсынады. Мұның өзі көпшілікті таңқалдырмай қоймайды.
Мәселен, орман ішінен шыққанда екі-үш шақырым жерде бір село көрінеді. Оған барып, не бар, не жоғын анықтау үшін жауынгерлер Коваленко мен Сахновты жұмсайды.
– Осы саяси жетекшінің сөзіне еріп, аштан қаттық-ау, өзі. Өз бетімізбен жүре берсек, бірдеңе тауып жер едік, – деген күңкіл сөздер о жерден де, бұл жерден де естіле береді. Оны саяси жетекші естісін дегендей, кейбіреуі әдейі қаттырақ айтады. Мәлік аға сол жігіттердің қасына келіп:
– Жігіттер айтқан сөздеріңді мен естіп отырмын. Біз осы майданға қара басымыздың қамы үшін, қарнымызды қампайту үшін келген жоқпыз, жаумен соғысуға келдік. Соғыс ауыртпалықсыз, қиыншылықсыз, шығынсыз болмайтынын білесіңдер. Бірде аш, бірде жалаңаш болатынымыз белгілі. Мұның бәріне шыдау қажет. Халық бізден шыдамдылықты талап етеді, – деп әрі ақыл айтып, әрі жауынгерлерді шыдамдылыққа шақырады.
Үш сағаттан кейін Коваленко мен Сахнов келіп, екі құмыра сүт пен нан әкеліп, Мәлікке ұсынады.
– Әкелгендеріңе рахмет, – деп Мәлік аға сүт пен нанды жаралыларға береді. Оған басқалар риза болады. Міне, шыдамдылық, міне, төзімділік, міне, басқаға деген қайырымдылық пен қамқорлық.
Сол жерде 150 адамнан отыз жауынгерді таңдап алып, оны үш топқа бөледі. Селодағы немістерге күтпеген жерден шабуыл жасап, қару-жарақтарын, азық-түлік қоймаларын тартып алады. Мәлік ағаның арқасында жауынгерлер мен село тұрғындары азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Мәлік Ғабдулиннің ерлігі туралы алғашқы хабар «Правда» газетінде 1943 жылдың 2 ақпанында жарияланады. Бұл белгілі публицист жазушы Борис Плевойдың «Эпостың тууы» атты көлемді очеркі болатын.
Б.Полевойдың «Правда» газетінің 1943 жылғы 25 сәуірдегі санында жарияланған «Елдің ері» тақырыбындағы еңбегінде «Мәлік батыр, әрі күшті, әрі ержүрек. Қыр түлкісіндей айлакер, ақбөкендей саққұлақ, жау дүрсілін қырымынан біледі. Ақ тұйғындай қырағы, бұққан жауды қиядан көреді. Темірдей қатты білектері неміс төбеттерін қырудан қалжыраған емес. Қанша қырса сонша күшейе береді. Үрейі ұшқан немістер Мәлікті көрген жерде-ақ зыта бастайды», – деп жазған.
Қызыл Армияның саяси басқармасы 1943 жылы қазақ тілінде Мәлік Ғабдуллинге арналған қызыл әскерлік листовка шығарады. Онда: «Сендер де Мәлік сияқты ержүрек, батыр болыңдар, сендер де Мәліктей тайсалмай, қорықпай неміс басқыншыларын қирата біліңдер», – деп оларды ерлікке шақырады.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Ақмола облысының құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Баян Жанғалов өзінің «Үш кезең» атты кітабында: «Мәлік кешегі Отан қорғау соғысында Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ол атақ қалайша, қандай ерлігі үшін берілгенін халық біледі. Мәліктің тек ержүректігі ғана емес, оның соғыс өнерін толық меңгеріп, аз күшпен көп жауды талқан етудегі ақыл-парасаты, шеберлігі қай қолбасшымен салыстырсаң да кем түспейді. Мәліктің ерлігі майданда жүргендерді түгелдей қанаттандырып, ерлікке бастап, қайрат- жігерімізді арттырды. Мәліктің Кеңес Одағының Батыры атағын алғанының шапағаты тылдағы әскер отбасыларының көңілін көтеріп, рухани қуат берді», – деп жазады.
Сонау сұрапыл соғыс жылдары ерлігімен, сирек кездесетін ақыл-парасатымен халқының маңдайына біткен жарық жұлдыз болды. Ондай жұлдыздардың сөнуі мүмкін емес. Қанша уақыт өтсе де батыр ағамыздың есімі әр ұрпақтың санасында бірге жасайды!

Әскер Әміржанов,
М.Ғабдуллин атындағы Зеренді қазақ орта мектебі-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар