Өмірімнің ұмытылмас кезеңі

Ұлттық Банктің Көкшетау облыстық басқармасын 1992 жылдың сәуір айынан бастап, 1997 жылдың шілдесіне дейін басқару бақытына ие болғанымды мен өмірімнің ең бір ұмытылмас кезеңі деп санаймын. Өйткені, туған елімнің тәуелсіздігінің таңы атып еді. Сол тәуелсіздікке байланысты туындаған істерді атқарудың бел ортасында жүрдім. Қазақ елі теңгесін енгізу сияқты тарихи ұлы істің Көкшетау сияқты қасиетті жерінде жүзеге асыруға басшылық жасап, атсалысқанымды өзім ғана емес, менің ұрпақтарым да мақтаныш етіп жүретін болар әлі.

Тәуелсіз еліміздің валютасы – теңгенің айналымға қосылып, қолданыла бастағанына, міне, 27 жыл толып отыр. Бұл кезең, әрине, ел өмірінің, оның саясаты мен экономикасының орнығуындағы тарихи кезең болса, сол тарихи жауапты істі атқаруда теңгенің мән-маңызы орасан болғандығы ақиқат. Өйткені, бұған дейін Қазақстанның қаржы-несие, бюджет, салық, әлеуметтік, ішкі-сыртқы саясаты Ресейге тәуелді еді. 1993 жылғы банкнот Қазақстанға аса қауіпті болды. Енді Ресейден, ТМД-ның басқа елдерінен қолданыста болған бұрынғы ескі ақшалар ағыны күшеюге айналды. Мұның өзі еліміздегі инфляцияны күшейтіп, қаржы-несие саясатын тізгіндеп ұстау мүмкіндігінен айыратын еді. Міне, осы бір аса жауапты кезеңде Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев ұлттық валютаны енгізу жөніндегі ұйғарымға келді. Сөйтіп, ұлттық валютаны енгізу жөніндегі жұмысқа басшылық жасау мақсатымен Президент Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылды.
Мемлекеттік комиссия өзіне берілген құқықтарға орай жұмысшы тобын құрды. Елімізге белгілі қаржыгер Д.Сембаев басқарған топтың құрамында Қазақстан Республикасының экономика министрі О.Жандосов, Республика вице-президентінің көмекшісі Г.Марченко, ҚР Министрлер Кабинеті бөлім меңгерушісінің орынбасары Ө.Шүкеев, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары М.Тұрсынов, осы Банк төрағасының кеңесшісі Қ.Назаров болды.
Ұлттық валютаны енгізуге байланысты ой да, пікір де, ұсыныс та жетерлік еді. Алайда, сол көптеген ұсыныс пен пікірлердің арасынан ең тиімдісін таңдап алу – мәселенің мәселесіне айналды. Бұл орайдағы әрбір пікір терең ой елегінен өткізілді. Сол барлық ұсыныстар екшеленіп келіп, ең соңында ұлттық валютаны бірден енгізу жөніндегі ұйғарым жасалды. Мұндай шешім қабылдаудың негізгі мәні республикамыздың қаржы-несие саясатын ешкімге тәуелді болмай жүргізу үшін қажеттілікке келіп тірелді. Теңгені бірден енгізу арқылы халықты әлдебір сенімсіздіктен арылту қажет болды. Сондай-ақ, ұлттық валютаның шетелдік валютаға сәйкес айырбас бағамын белгілеу мүмкіндігі туды.
Әр банк қызметкері теңгені айналымға енгізу ісінің жауапкершілігін де, маңызын да барынша сезіне білді. Бір ғажабы, айналымда жүрген қолма-қол ақша аса көп болғанымен, ол жетпей жататын. Өйткені, инфляцияның деңгейі 784,1 пайызға барып қалған болатын. Сол кездегі әлеуметтік ушығушылықты болдырмай және халық шаруашылығының қолма-қол ақшаға деген сұранысын қанағаттандыру үшін Алматыдан самолетпен ақша тасу ісі ұйымдастырылды.
Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілер сәттің аса күрделі, аса қарбалас болғандығы да күні бүгінгідей есімде. Ресей бо-
йынша айналыстан алып тасталған ескі ақшалар тасқыны елімізді басып кетті. Бұл экономиканың қалыпты дамуына кері әсерін тигізе бастады. Міне, осындай аласапыран сәтте Көкшетауға ұлттық валютамызды тасып, жеткізе бастадық. Бұл шара аса құпия жағдайда жүзеге асырылды. Теңге арнайы жәшіктерге салынып, су өтпестей етіліп, тығыз жылтыр қағазбен қосымша оралып тасталды. Бұл жәшіктердің сыртына ештеңе жазылмады да, ешбір белгі де салынған жоқ болатын. Тек бұл жәшіктердің анықтаушы құжаттарында латын әрпімен салынған шартты шифрлары ғана көрсетілген-ді. Ол шифрлар теңге айналысқа енгізілетін күні ғана айғақталды. Сол жылдың қарашасы да жайсыз болып еді. Күн суытып, терістіктен үнемі ызғырық жел соқты да тұрды. Сондай күндері әуежайдың ұшу алаңдарынан сан мәрте аса маңызды жүкті қабылдап алып жүрдік.
1993 жылдың қараша айының 15-сі мен 20-сы аралығында Ұлттық Банктің Көкшетау облыстық басқармасы бойынша 72 миллион 280 мың теңге сомасындағы ұлттық валюта айналымға шығарылды. Бұл – 1961-1962 жылдар үлгісіндегі банкноттардың 36 миллиард 140 миллион сомы айырбасталды деген сөз.
Сол кезде Ресей ақшасына деген сұраныс аса көп болды. Өйткені, бір-бірімен іргелес орналасқан екі ел арасындағы экономикалық байланыс әлі де мықты болатұғын. Ұлттық Банк біздің облысымызға бір орталықтан 10 миллион Ресей рублін бөлді. Осыған байланысты субкорсчет ашуға рұқсат берілді. Сондай-ақ, біздің басқарма қызметкерлері 1993 жылдың қарашасынан бастап, сол жылдың аяғына дейін 58 миллиард 120 миллион 877 сом ақшаны санап, қоймаға жөнелтті. Осы айналымда жүрген қолма-қол ақшаның барлығы ұлттық валюта – теңгеге ауыстырылды. Осынау жауапты кезеңде Көкшетау қалалық есеп айырысу-касса орталығының қызметкерлері жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетті. Бас бухгалтер Б.Ахметова, касса меңгерушісі С.Кенжеғарина, кассирлер В.Рева, А.Сейсембаева, Ә.Қапезова, Н.Куликова, И.Шестакова, Н.Герасимюк, тағы басқаларының қолдарынан нешелеген сомадағы ақша өтті десеңізші. Бұл кезде орталықтың инкассация бөлімін Төлеген Жақанов басқаратын еді. Төлеген Балташұлы былтырғы мереке қарсаңында, облыстық «Арқа ажары» газетінде, сол қарбалас шақтардағы инкассаторлық қызметке қатысты оқиғаларды шынайы суреттеген мақала жариялағанын айта кеткім келеді.
Айналысқа ұлттық валюта – теңгемізді енгізгеннен кейін де көптеген саяси мәні бар экономикалық бағдарламалар жүзеге асырылды. Бұл жөнінде мен «Тәуелсіздік теңгесі» аталатын кітабымда жан-жақты қамтыған болдым.

Асылхан Оспанов,
Қазақстан Ұлттық Банкі Көкшетау
басқармасының бұрынғы басшысы, ҚР Ұлттық
Банкіне еңбегі сіңген қызметкер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар