Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік қызметтің беделіне ғана емес, мемлекетіміздің экономикасына да нұқсан келтіреді - АРҚА АЖАРЫ

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік қызметтің беделіне ғана емес, мемлекетіміздің экономикасына да нұқсан келтіреді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі стратегиясының облысымызда орындалу барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов баяндама жасады. Оның айтуынша, аталған бағытта облыста «Ақмола – адалдық алаңы», «Адал көмек», «Сапалы жол» секілді 15 жоба жүзеге асырылуда. Жасөспірімдер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыс мектептерінде «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» адалдық мектептері ашылып, жұмыс істеуде. Комиссия отырысында Шортанды, Ерейментау, Қорғалжын және Біржан сал аудандарының «Сервистік әкімдіктерінің» дұрыс жабдықталмағанына және жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмағанына қатысты сын-ескертпелер айтылды.

Үстіміздегі жылы Ақмола облысының аймақтарын дамытудың  2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатты индикаторы енгізілген. Осы ретте, облыс әкімі Ермек Маржықпаев сыбайлас жемқорлық қаупін азайту мақсатында мемлекеттік қызметтердің цифрландырылу барысы қалай жүргізіліп жатқандығына назар аударды. Сонымен қатар, бірқатар басқарма басшыларына бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстарын тездетуді тапсырды.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаевтың айтуынша, жемқорлық әрекеттерінің басым көпшілігі жер қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына тиесілі екен. Әр ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерімен айналысатын бір-бір қызметкердің қажет екені және де шалғай ауылдарда тұрғындарға арнап мектептердің ішінен «өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын» ашу қажеттілігі туындап отырғаны да  отырыста айтылды. Үстіміздегі жылы облыс аумағында 145 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп, материалдық шығын көлемі 350 миллион теңгені құраған. Осы жылдың он айында 49 лауазымды тұлғаның ісі сотқа тапсырылған.  Осы орайда облыс әкімі қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеттері үшін тікелей бірінші басшы жауап беретінін еске салып, аталған заңбұзушылық мемлекеттік қызметтің беделіне ғана емес, мемлекетіміздің экономикасына да зор нұқсан келтіретінін айтты.

Одан әрі комиссия отырысында Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловтың Көкшетау қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында атқарылған шаралар жайлы баяндамасы тыңдалып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты бірқатар ұсыныстар қабылданды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар