Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еліміз атқарылатын істермен алға басады - АРҚА АЖАРЫ

Еліміз атқарылатын істермен алға басады

Соңғы кезде елімізде болып жатқан ірілі-ұсақты мәдени-саяси, әлеуметтік оқиғалардан үшеуін ерекше атап өтер едім. Олардың біріншісі әрине, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде «Қазіргі жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ел халқына арнаған Жолдауы. Бұл Жолдаудың басты ерекшелігі тақырыбы да айтып тұрғандай, жаңа жағдайдағы Қазақстанның алдағы кезеңдегі даму жолын айқындап, осыған бүкіл елімізді жұмылдыруында болып отыр.

Биыл шынында да жағдай бүкіл әлем бойынша күрделі әрі алаңдарлықтай екенін әрқайсымыз да жақсы сезіне түскендейміз. Өйткені, басында тез өтеді деп онша мән бере қоймаған коронавирус індеті барша дүние жүзінде үлкен пандемияға айналды. Мемлекет басшысының өзі биылғы Жолдауында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша бұл індетті жеңу үшін кем дегенде екі жыл қажеттігін атап көрсетті. Ол тектен тек айтылған сөз емес. Коронавирустың қазіргі екінші толқыны да соны барынша растағандай. Ел қобалжу үстінде десек те артық емес. Себебі, көктем мен жаз айларындағы коронавируспен болған жағдай біраз өлім-жітімді де көрсетіп берді.
Міне, осындай алмағайып кезеңде әлемдегі дағдарыс сипаттарына жаңа бір стратегиялық іс-қимылмен қарсы тұру әрбір мемлекеттің өз халқы алдындағы басты міндеті болса керек. Біздің ел басшылығы да осыны барынша түсініп, етек-жеңді жинақтай түскенін Мемлекет басшысының Жолдауы жақсы көрсетіп отыр. Біріншіден, мемлекетіміз басқа елдермен бәсекелестік қабілетін арттырып, кейінгі кезде қолға алынған реформаларға тың серпін беру бағытында жұмыс істеуде. Қазір қоғамда жаңа Жолдауда алға қойылған міндеттерді орындау бағытындағы істер біртіндеп нақты қолға алынып, соның негізінде бірнеше құрылымдар да дүниеге келді. Бұл орайда Президент жанынан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне көп үміт артылып отырғаны түсінікті.
Осындай бір белсенді саяси-экономикалық жаңғыртулар кезеңінде еліміздегі саяси партиялардың көшбасшысы – «Nur Otan» партиясы да Елбасының партияішілік сайлау бастамасын қызу қолдап, өз араларында алдағы Парламент және мәслихаттар сайлауына лайықты кандидатураларды іріктеуі де қоғамымыз үшін үлкен бір тың жаңалық болды. Бұл бастама тұтастай елімізде үлкен қолдауға ие болып, праймериздің талапқа сай, барынша белсенділікпен өткендігіне куә болдық. Оны дауыс беруге бөлінген төрт күннің ішінде партияның 662 мыңнан астам мүшесі немесе 84,2 пайызы өздері лайық көрген үміткерлерді жақтап, дауыс берулерінен де жақсы аңғарылды. Ал, праймериздің өзінде 11 мыңға жуық кандидат бақтарын сынап, партияішілік сайлаудың үлкен додасынан өтті.
Менің өз басымды солардың үштен біріне жуығы 35 жасқа толмаған жастар екендігі қуантады. Ал, үміткерлердің орташа жасының 43-тен айналуы келесі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың жаңа депутаттары негізінен күш-қуаты бойында, еліміз үшін білімі мен еңбегін аянбайтын, алдағыны жақсы бағамдай білетін жас және жасамыс адамдар болатындығынан хабар бергендей.
Әрі бұл болашақта емес, осы таяу айларда шешілетін мәселе екендігі де еліміздің заң шығару органына озық бір толқынның келетіндігіне күмән туғызбайтын сияқты. Неге десек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны да күннен-күнге жақындап келеді.
Осы маңызды науқанның біздің Ақмола облысында да қалай өтетіндігі жоғарыда біз айтқан партияішілік праймеризден де айқын аңғарыла түскендей. Партияішілік сайлау ақмолалықтардың да арасында демократияның шын бәсекелестікке негізделген осы бір түрін қолдаушылар қатарының аз еместігін аңғартып берді. Облыс бойынша праймеризге 827 адам қатысқаны, олардың коронавирустан туындаған күрделі жағдайға қарамастан, бастауыш партия ұйымдарында үлкен жұмыстар жүргізгені, сөйтіп, партияластарының үміті мен сенімін арқалауға тырысқандары бір жағынан праймериздің керек екендігін, екінші жағынан партияның өз ішінде саяси белсенділіктің жоғары екендігін көрсетті. Ал, облыс бойынша кандидаттарға нұротандықтардың 91,4 пайызы дауыс беріп, бұл нәтиже республикадағы үздік көрсеткіштердің біріне айналғанын ескерсек, көпшілік бүгінгі праймеризге қатысқан әріптестерін қолдайтындығы әрі олардан еліміздің дамуы жолында үлкен іс-қимыл күтетіндігі анық аңғарылып шыға келеді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа жылдың басында, яғни, 2021 жылдың 10 қаңтарында белгіленген Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауында еліміздің келешек тағдырына жайбарақат қарамайтын әр сайлаушы өзі қалаған партиясы мен үміткерлерге дауыс беретіндігі анық. Бұл күнгі сайлау шын мәнісінде мемлекетіміздің жаңа сапалы деңгейге қадам басуына, заң шығарушы органдарымыздың ел мүддесін көздейтін сапалы заңдарды көбірек өмірге әкелуіне, сөйтіп, атқарушы, оған қоса, жергілікті өкілетті органдардың нығаюына жаңа бір серпін беретіндігін анық болжауымызға болады. Қазір «Нұр Отан», «Ауыл», тағы басқа партиялар Парламент мәжілісімен облыстық мәслихатқа партиялық тізімдерін бекітуде.
Сөз ретіне қарай атап өткен осы бір үш маңызды оқиға да бір-бірімен өте тығыз сабақтас. Өйткені, олардың қай-қайсысы болсын, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің бүгінгі қиыншылықтарға қарамастан, алға жаңа қадам басуының қам-қарекеті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі әр мәселені бүге-шігесіне дейін талдап, бүгінгі күннің іргелі міндеттерін айқындаған Жолдауы, партияішілік сайлау және де келер жылдың басында өтетін депутаттар сайлауы бір-бірімен тығыз ұштаса келе, мемлекетіміздің қоғамдық-саяси тұрғыдан одан әрі дамып, жетілуін ілгерілете түседі.
Ендігі бір мәселе, осы бүкілхалықтық іске ел болып, үлкен-кіші шама-шарқынша түгел атсалысуында жатыр. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, ынтымақ-береке бар елде ғана айтылған сөз жерде қалмайды, қағаз жүзінде белгіленген жоспарлар мен міндеттер қалайда іске асады. Мұны біздің Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің көп қырлы ұжымы да жете түсініп отыр. Қазір біздің бар мақсатымыз – оқу орны қабырғасында білім мен тәрбиені ғылыми ізденістер мен технологиялық талаптарды берік ұштастыра отырып, ел мүддесіне сай келетін мамандар даярлап шығару. Соның ішінде кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарға қарай бағыттау жөніндегі Жолдау талабы біз іске асырып келе жатқан, асыра да беретін үлкен бір жүйе. Қазір біздің университетті бітірген түлектеріміздің 94-95 пайызы еңбек рыногында сұранысқа ие болып отырғандығы осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстардың нәтижесі.
Еске түсіретін болсақ, біздің оқу орны көшбастаушы еуропалық оқу орындарының үлгісімен Болон декларациясына 2010 жылдың өзінде қол қойып, Қазақстан университеттерінің арасында алғашқылардың бірі болып сапалы білім жүйесіне ынта танытқан еді. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта қос халықаралық жобаның қатысушысы ретінде өз халықаралық ғылыми бағытымызға ие болып отырмыз. Жолдауда еліміздің білім және ғылым салаларына көрсетілген жанашырлық пейіл бізді де жігерлендіріп, өз жұмысымызда жаңа көкжиектерге жетелейтіні анық. Әр саладағы осы бір тың серпін, алдағы маңызды оқиғалардың бірі болып табылатын сайлау науқаны еліміздің даму жолындағы жаңа бір елеулі белестер болатындығына сенімдіміз.

Сағынтай ЕЛУБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
Ақмола облысының құрметті азаматы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар