Кәмелеттік жасқа толған, дені сау әрбір адам жұмыс істейді, ал, жұмыс істеген адамның жалақы алатыны белгілі. Адамның бай-бақуатты болуы немесе өмір бойы жоқшылықта күн кешуі – сол тапқан ақшасын қалай жаратуына тікелей байланысты болады екен. Мәселен, сіздің жасыңыз 40-қа келді дейік. 20 жастан бастап жұмыс істедіңіз, яғни, 20 жыл жұмыс істеп, жалақы тауып келесіз. Енді мынаған назар аударыңыз: осы 20 жылдың ішінде сіздің қолыңыздан қанша ақша өтті, яғни, сол уақытта қанша ақша таптыңыз?
Егер айына 100 мың теңге табатын болсаңыз, онда 20 жылда сіз 24 миллион теңге тапқан боласыз. Сол 24 миллион теңге ақшадан бүгінгі күні сіздің қалтаңызда қаншасы қалды? Ол үйіңізде сақтап отырған қолма-қол ақша ма немесе банк депозиті ме, болмаса жылжымайтын мүлік, автокөлік бола ма – бәрібір. Сіз осы 20 жыл бойы маңдай теріңізбен тапқан ақшаңыздың бүгінгі күні қайда жұмсалғанын, қаншасы өзіңізде қалғанын есептеп көріңіз. Егер сіз осы уақыттың ішінде ипотека алып, пәтер сатып алсаңыз, оның қарызын түгел жапсаңыз, онда сол пәтердің қазіргі күнгі бағамын алып қараңыз. Сіздің пәтеріңіз мысалы, 15 миллион теңге тұрады дейік. 20 жылда 24 миллион теңге таптыңыз, ал, бүгінгі күні сол ақшаңыздың 15 миллионын сіз сақтап отырсыз. Бұл – өте жақсы жетістік.
Өкінішке орай, адамдардың бәрінде бұлай бола бермейді. 20 жыл жұмыс істеп, пәтер жалдап тұратындар, тапқан ақшасын түгел тамағы мен киіміне, басқа да шығындарын жабуға жұмсайтындар көп. Бұндай адамдар ешқашан бақуаттылыққа жете алмайды. Мәселе табатын ақшаның көп-аздығында емес, мәселе сол ақшаны дұрыс пайдалана білуде. Егер сіз инвесторлардың бәрі қолданатын 10 процент шартын сақтайтын болсаңыз, яғни, тапқан жалақыңыздың 10 процентін ай са-йын депозитке немесе басқа да қаржы құралдарына салып отырсаңыз, онда 20 жылда сіз 2,4 миллион теңге жинайды екенсіз. Бір қарағанда әрине, бұл оншалықты көп ақша емес, бірақ егер сіз ақшаңызды жылына 12-14 процент өсім беретін отандық банктерде сақтайтын болсаңыз, әлгі 2,4 миллион теңгеңіз сонша уақыт ішінде өсімімен қосқанда кем дегенде 10 миллион теңгеден асып жығылады. Ал енді бұл біршама қомақты қаржы.
Егерде сіз ақшаңыздың бір бөлігін өсім пайызы жоғары шетелдік банктерде валютамен сақтайтын болсаңыз, онда бұл өсім кем дегенде екі есеге өсер еді. Яғни, сіздің есепшотыңызда 20 миллион теңге көлемінде ақша болады және ол ай сайын қомақты табыс түсіріп тұрады. Егер сіз ол қаржының бір бөлігін жылжымайтын мүлікке немесе құнды қағаз сатып алуға жұмсап, тапқан ақшаңызды сақтап қана қоймай, өсіру тәсілін меңгерсеңіз, осы 20 жылдың ішінде аса бақуатты адамға айналасыз. Бұл үшін қазіргі адамдардың көбі жасайтындай жанталасып екі-үш жерде жұмыс істеудің немесе инвестицияның қыр-сырын үйрену үшін қыруар ақша төлеп шетелге барып оқудың еш қажеті жоқ. Бұны кез-келген адам жасай алады және бұл кез-келген адамның қолынан келетін шаруа. Тек ниет болса болғаны.
Енді мынаған назар аударыңыз: қазір жасыңыз нешеде және қанша жылдан бері жұмыс істейсіз, айлық жалақыңыз қанша, қазіргі күні сол тапқан ақшаңыздан қаншасы сақталып қалды? Егер қалтаңызда бір тиын артық ақша болмаса және депозит есепшотыңыз, жылжымайтын мүлкіңіз, басқа да бағалы дүниелеріңіз болмаса, онда сізге тапқан ақшаңызды сақтап, көбейту жайын шындап ойлау қажет деген сөз. Егер бұл әрекетті бүгіннен бастамасаңыз, енді 10, 20 жылдан кейін де қалтаңызда көк тиын болмай, тапқаныңызды тамағыңыз бен киімге жұмсаумен уақытыңыз текке өтеді. Сондықтан, кеш болмай тұрғанда қазірден бастап осы пайдалы іске кіріскеніңіз абзал.
Қалкөз ЖҮСІП.