Еріктілер қатары өсіп келеді

Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына сәйкес, Ерейментау ауданында барлық салада мақсатты жұмыс жүргізілуде. Волонтер жылы аясында ауылдық округтерінде 44 жоғары сыныптың оқушысы мен студенттер жұмыс істейтін бес орталық құрылған екен.

«Qazvolunteer» cайтында олардың 10-ы тіркелген. Жоспардағы жұмыс жалғасуда. Ерейментау аудандық жас-тар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Аяжан Қабылдинованың айтуынша, Волонтер орталықтары Новомарковка, Ақмырза, Еркіншілік, Тайбай ауылдары мен агротехникалық колледжде жұмыс істейді. Мәселен, Еркіншілік ауылдық округіндегі «Өрлеу» бастамашыл тобының негізін қалаушы, мәдениет үйінің меңгерушісі, хореограф, педагог, магистр, ғылыми мақалалардың авторы Александра Блохина көрінеді. Тек қана жастардың мүддесін ғана емес, жұмыстың түр-түрін ұсынатын қоғамдық пікір көшбасшыларының базасы құрылыпты.
– Волонтерлер егде адамдар мен мүгедектердің ауласын қардан тазартып тұрады, көктемдегі су тасқынына қарсы шараларға қатысты. Өмірдің қиын жағдайына кезіккен адамдарға материалдық көмек жеткізеді. Коронавирус індетінің бірінші толқыны кезеңінде мұндай көмекті жалғыз тұратын 67 зейнеткер, материалдық жағынан аз қамтылған 10 отбасы және 7 жесір адам алды. Қаржыны аудан әкімдігі, жергілікті кәсіпкерлер және өзге де демеушілер бөледі.«Nur Otan» партиясы бастаған «Біз біргеміз» акциясына қатысып, қажетті азық-түлік тағамдары салынған 30 әлеуметтік пакетті тегін тараттық. Қасиетті Рамазан айында Тоқан Хазірет мешітінің имамдарымен бірге көп балалы отбасылардың үйлеріне барып, азық-түлік пакетін тапсырдық. Орталық аудандық аурухана мен емханаға көмектесіп, 200 отбасына қорғау маскасы мен антисептиктерді тегін тараттық. Медициналық есепте тұрған егде адамдар мен мүгедектерге дәрі-дәрмек жеткіздік. Жас-тар ресурстық орталығында азаматтардың қайырымдылығы есебінен тұрақты толтырылатын жақсылық жәшігі орнатылған. Одан мұқтаж жандар өзіне және балаларына аяқ киім мен киім таңдап алады. Волонтерлер әлеуметтік нысандарды залалсыздандыру жұмысына қатысты, індеттен қалай сақтану керектігі жөнінде бейнероликтер жасады,–дейді орталық директорының міндетін атқарушы.
Аудан тұрғындарының 20 пайызы жастар. 147 жас жігіт Отан алдындағы борышын атқарып жүр. Жоғары оқу орындарында 730 студент, колледждерде 689 шәкірт оқиды. Олардың арасында жаман жолға түскендер жоқ. 204 жас жұмыссыз жүр. Олардың 140-ы орталыққа келіп, ақыл-кеңес алыпты. Жұмыспен қамту орталығы 64 жасты жұмысқа орналастырыпты. Жүз шақты жастар кәсіпкерліктің негізін оқып, қазір шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Бесеуі мемлекеттік грант алыпты. Олардың арасында мүгедектер мен көп балалы отбасылардың өкілдері бар. Бұл көрсеткіштер 2013 жылы құрылған аудандық жастар ресурстық орталығының мекенжайлық жұмысының арқасында мүмкін болды. Аяжан Қабылдинова өз сөзінде бұл жұмысты өз ісіне берілген білікті ұйымдастырушы
Зарина Хабибулина жеті жыл басқарғанын айтты.
–Аяжан Шынтасқызын аудан басшылығы балалардың шығармашылық үйі тұсында көшбасшылар мектебін бітіргеннен бері біледі. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Есеп және аудит» және жастармен жұмыс жөнінде мамандық алған ол жастар ресурстық орталығында бір жарым жыл бухгалтер болып жұмыс істеп, мені осындағы жұмысқа тартты. Қазір теолог Еркебұлан Исенов, Медина Шоқымова, Айжан Құдайбергенова менің сенімді көмекшілерім болып табылады. Мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін аудан волонтерлерінің бастамасымен вацапта «Ерейментау ауданының белсенділері» тобы құрылды. Аудандық «Ерейментау ақпарат» газетімен бірлесе жұмыс істейміз. Сондай-ақ, үш әлеуметтік жүйенің бетіне Ақмола облысы жөнінде материалдар орналастырылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында әлеуметтік желіде екі жылдан бері «Менің жетістігім» интернет жобасы жалғасуда. «Мемлекеттік бағдарламалар», «Дипломмен – ауылға!», «Гүлдене бер, Ерейментауым!» айдарлары бойынша ауданның дарынды жастарының жетістіктері, дәрігерлер ерлігі, патриоттық акциялар, қызықты тарихи фактілер, жаны жайсаң жандардың жұмысы жөнінде айтылады,–дейді Аяжан Қабылдинова бізбен әңгімесінде.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар