Әлемнен алғыс алған Тұлға!

Әлқисса, сонау Еуропаның төрінде, Гаага қаласында 2014 жыл­дың 24 наурызында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһан­дық ІІІ­ саммитке қатысып, сөз сөйлеген Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа қыз­ғал­дақтың және де 2016 жыл­ы Жапонияға сапары бары­сын­да таныстырылған «Прези­дент Назарбаев» атты хризантема гүлдерінің жаңа түрлері таныс­тырылғандығы қазақ елі тәуел­сіздігінің абыройлы бір беттері болып, тарих жылнамасының санасында сайрап тұр.

Еуропаның «Президент Назар­­баев» қызғалдағы мен Жапон елінің хризантема сынды қос сабақ гүлдері қазақ пер­зенті, Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті, Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баевқа деген тұтас дү­ниенің құрметі мен сыйы болған­дығын қазақ елінің бүгінгі де, келер ұрпағының да білгені абзал.
Айта кететін бір жайт, кейін «Пре­зи­дент Назарбаев» хризантемасы «Мәр­тебелі» атағына ие болды. «Прези­дент Назарбаев» хризантемасы сары түй­­­некті гүл екен. Ал сары хризантема Жа­­по­ния­ның символы болып сана­ла­ды және им­ператор тағы мен осы ел аза­­мат­тары­ның ұлттық пас­­порт­тарын әшекей­лей­тін мем­лекет­тік гербін біл­діреді және де хри­зантема гүлі­не бұған дейін бір­де-бір мемлекет бас­шысының есі­мі берілмегендігін ескерген абзал.
Бұл қос сабақ гүл –Тұң­ғыш Прези­дент­тің әлемдік абыройы болып жер бетінде мәңгі құлпырып, жайнап тұрары да сөзсіз. Біз осы бір ойымызды Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Рес­пуб­ли­касының сайланған Президенті қыз­метіне ресми кірісу рәсімінде (12 маусым 2019 жыл) сөйлеген сөзіндегі «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз», деген пікірімен сабақтастыруды жөн санадық.
Және де биылғы 2020 жыл­дың 29 та­мызында өткен Бірік­кен Ұлттар Ұйымы­ның 75 жыл­ды­ғы­на арналған сессиясында Ядро­лық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының ат­қарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақ­станның ядролық қару­сыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігер­ге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұр­сұлтан Назар­баевқа жаңа мәртебе беру туралы баста­ма көтер­­гендігін алға тарта сөйлеуді жөн санадық.
Әлемдік мәртебелі ұйымның өкілі Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық поли­гондарының бірі –
Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды ты­­йым ретінде ғана емес, сонымен бір­ге ха­л­ық­аралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болғандығын да атап көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігінің Telegram каналы­ның хабары жария­лаған Ядролық сы­нақ­тарға жаппай тыйым салу шарты ұйы­­мының атқарушы хатшысы Лассина Зербоның бұл мәлімдемесі әбден орынды.
Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған немесе Қазақ­стан 1991 жылы өз тәуелсіздігіне ие болған тұста, біздің еліміз қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядро­лық арсеналды иеленіп отырған еді. Ел­басының осы жойқын қарудан өз еркі­мен бас тартуы туралы шешім қа­был­­дап, тұм­сығында алапат атом заряды бар сол қаруларды аса қатаң қауіпсіз­дік жағ­да­йын­да Ресейге өткізуі ең әуелі Қазақ елі­нің баянды болашағын ойлағандығы еді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жылғы қырғи-қабақ соғыс дүниесіне жаңа дем бергендігі, сол дүниенің үміті мен сенімін оятқандығы кешегі Кеңес Одағын уысында ұстап тұрған Ста­лин­нің 1947 жылдың тамызында қол қойған қаулысымен қазақ жерінде құрылған қасіретті Семей ядролық полигонын 1991 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы­ның тұсында өзінің Жарлығы­мен жапқан кезінен бастау алар еді. Осы орайда айта кететін бір жайт сол, 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Ода­­ғы Семей ядролық полигонында бі­рін­­ші атом бомбасының сынағын өткіз­ген­­­дігі адамзат тарихында қырғи-қабақ со­ғыс­­тың басталуымен есте қалған болатын.
Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» («Egemen Qazaqstan» газеті, 2 шілде, 2020 жыл) атты мақа­ла­сында: «Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты әлемде ядролық сынақтан қатты зардап шеккен халық ретінде жойқын қаруды таратпау туралы бастама көтерді. Тұңғыш Пре­зидент­тің тоқтамын халықаралық қауым­дастық та оң қабылдады», дей келіп, Қазақ­станның және оның Тұңғыш Прези­дентінің бастамасын қуаттаған бір­қатар мемлекет те ядролық поли­гон­дарын жауып, қолдау көрсе­тіп келе жатқандықтарын айта­ды, нақтылы мысалдар келті­реді. Мәселен, Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің Жаңа жердегі, АҚШ аумағындағы Невада, фран­цуздардың Тынық мұхиттағы және Қытайдың Лоб­нор ядролық сынақ алаң­дары жұмысын тоқтатты.
Қырық жыл бойы қырғын салған ядролық сынақтың ауыр зар­дабын, сөз жоқ, ең әуелі қазақ даласы мен қазақ бала­сы тарт­қан еді. Елбасы сол өз даласы мен өз халқын ауыр қасіреттен бір­­жолата құтқару үшін 1991 жыл­дың 26 жел­тоқсанында Қазақ­стан мен АҚШ кең ауқымды дип­лома­тия­лық қарым-қаты­нас орна­тып, Қазақстандағы ядролық арсе­налдың тағдырына қатысты мәсе­ле екі ел басшылары үшін алдыңғы қатарлы маңызға ие болды.
1991 жылдың 30 желтоқсаны­нан бастап Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін тоқ­татқан тұста, Қазақстан 370 ядролық оқтұм­сықты «Х-55» қанатты зымыран­дармен жарақтандырылған 40-қа тарта «ТУ-95» ауыр бом­балау­шы эскадроны бар, сон­дай-ақ 104 «МБР РС-20» (НАТО жүйелеуінде SS-18 «Сатана») кон­тинентаралық баллистика­лық зымырандары үшін әрқайсы­сы­ның тротилдік баламасының қуаты 1040 ядро­лық оқтұмсықты құрайтын ядролық арсеналға ие болып қалған әлемдегі төртінші мем­лекеттің бірі болатын-ды.
Қазақ елінің Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бастаған біздің тарихи жолы­­мыз­дың ең бір есте қалар тұсы тағы да мына бір жай бол­са керек-ті. 1992 жылдың 23 ма­мы­рын­да Қазақстан Кеңестік Со­циа­лис­­тік Рес­пуб­ликалар Одағы мен Америка Құра­ма Штат­тары арасындағы страте­гия­­лық шабуылдаушы қаруларға шектеу қою және қысқарту жөніндегі Лис­сабон хаттамасына қол қойып, ядро­­лық қару­ды таратпау міндет­теме­­сін бекітті және ядро­лық қару­­­ға ие болудан өз еркі­­мен бас тарт­­­қан­дығы да әлемдік тарих бет­терін­де қат­тау­лы тұр. Сөйтіп, Нұр­­сұл­­тан Назар­баев әлемдік тарих­тағы адам­зат баласының ядролық қару­сыз дамуы­ның жаңа кезеңін бастап берген саяси дара тұлға бола білді.
Тәуелсіздік тарихының абыройлы бір беті мынаны айтады: Қазақстан Пар­ла­менті әлемдік та­рихқа «СНВ-1»
деп ен­ген келі­сімді 1992 жылдың 2 шіл­де­сін­де бір ратификациялап алды да, 1993 жыл­дың 14 қаңтарында елі­міз химиялық қару­ды қолдану, жи­нау, өндіру, жасап шы­ға­руға ты­йым салу және оны жою тура­лы конвенцияға да қол қойған бо­ла­тын. Ядро­лық қаруды таратпау жөнін­дегі шарт­ты Қазақстан Пар­ламенті 1993 жыл­дың 13 желтоқ­са­нында ратификацияла­са, дәл сол күні Алматыда Қазақстан Пре­­зи­­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың вице-президенті Аль­­берт Гор Қазақ­­­станда ядролық қа­уіп­терді бір­лесе қыс­­қар­ту бағ­дар­­ла­­ма­сын жүзеге асы­руға жол аша­­тын Негіздемелік келісімге қол қойған еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 14 ақпанында ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде, ядро­л­ық қаруды таратпау жөнін­дегі шартқа Қазақстанның да қосы­латындығы жайындағы рати­фи­­кациялық құжаттарды Вашинг­тонда АҚШ-тың сол кездегі пре­зиденті Б.Клин­тонға табыс етті де, сол 1994 жылдан бері біздің тәуелсіз еліміз ядро­лық қару­дан бас тарту туралы және ядролық қаруды таратпау саласында әлемдегі көшбасшы мемлекет болып келеді.
Сол тұста, яғни, 1994 жылы Қазақ­­стандағы ядролық оқтұм­сық­тар саны 1400-ге жетіп қал­­ған. Осы арада қазақ елін­дегі тажал қаруының Франция, Ұлы­­бри­та­ния және Қытай сынды әлем­нің үш бір­дей қуатты мемле­кетін қоса алғанд­ағы­дан да көп болған­дығын айта кету керек.
Қазақстан Республикасы 1994 жыл­дың ақпанында Атом энергиясы жөнін­дегі халықаралық агенттіктің мүшесі болып кірді. 1996 жылдың 21 сәуірінде республика аума­ғынан 1216 дана ядролық қару-жарақты алып кету үдерісі аяқталды да, сол 1996 жыл­дың 30 мамырында Семей полигоны­на орнатылған соңғы ядролық сынақ заря­ды жойылды. Сөйтіп, ядролық сы­нақ­тардан жапа шеккен қазақ жері та­жал­ды қарудан біржолата босатылып, хал­қы­мыз­дың көз жасын құрғату басталды.
1999 жылдың 5 тамызында Қазақ­стан Женевада Қарусыз­дану жөніндегі конференция­ның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Бұл әлем бойынша Қазақ­станның аймақтық және жаһан­дық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесін, ізгі қадамын, сауапты ісін мойындау еді.
Ағарып атар әрбір арайлы таңмен, қызарып батар әрбір шырайлы күнмен жаңарып тұрар сол кең дүниенің тіршілік тағдырын күн сайын қауіп пен қатерге ұрындыра берер Адамзаттың тартып келе жатқан қасіреті аз ба еді?! Міне, қазір де сол…
Тіпті, адамзат баласы өз дамуы­­­ның ең бір жауапты да қауіп­ті кезеңін бастан кешіріп отыр­­­ған сыңайлы. Күні кеше ғана зор үміт артып, қайырын сұрап қарсы алған ХХІ ғасырымыз да адамзаттың тағдыры мен тір­шілігін сынаққа салуын, тіпті, қажет десеңіз, сол сынақтың ең ауыр тезіне салып бағуын да қояр емес. Күні кеше басталғандай болып отырған сол ХХІ ғасырдың толық емес жиырма жылы мына мазасыз дүниенің мысын басар, тіпті ойға келмеген, тіпті ойлап та, болжай да алмаған сан алуан оқиғаларымен оқшауланып бара жатыр. Сол сан алуан оқиға­лар­дың ең қауіптісі де, ең ауыры да қарулы қақ­тығыстардың үй іргесіне жақындай түсуі де адам­зат баласының әлі де болса талай бір қансырап қалған небір соғыстар мен алапат қыр­ғын­дардан сабақ ала алмай келе жат­қандығын аңдатқандай болатын.
Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев өзінің президенттік қызметі кезінде осыны ойлады. Бүгінгі күні әлемді біртіндеп жайлап бара жатқан қарулы қақтығыстар мен түрлі дағдарыстардан алып шығуға шынайы адал көңілімен алаңдап, адамзаттың жалпы мүддесі үшін құр ғана алаңдап қоймай, сол Адамзаттың да, мемлекеттердің де бір-бірімен сенімді түрде өз дамуы­ның ілгері жылжуына нақ­тылы үлес қоса білген де қазақ Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев болғандығын әлем тарихы ешқа­шан жоққа шығара алмасы анық.
Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев әлемді қару­сыздандыру мен ядролық қару­сыз дүние құрудың жаңа кезе­ңін бас­таған әлемдегі тұң­ғыш саясаткер болумен қатар қыр­ғи-қабақ соғыстың ауыр зар­да­бынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берді. Ертеңіне елең­деп, болар күніне алаңдап отыр­ған дүниенің үмітін оятты. Бір-бірі­мен жауласып жатқан дүниені жарастыруға болар сенімін оятты.
Адамзат мүддесі үшін қару­сыз­дан­дыру мен ядролық қарусыз әлем құру­дың осы бір аса қажетті тарихи шара­ның бастамашысы және оны батыл­дықпен жүзеге асырушысы Қазақ­стан Респуб­ли­касының Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Міне, қазір де ендігі әлем ядролық қару-жарақты таратпаудың және қауіпсіздікті сейілтудің жаңа бір кезеңінде тұр. Бұл жайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев өз кезінде, яғни, 2014 жылы Гаагада өткен жаһандық қауіпсіздік ІІІ сам­миті қарсаңында жарияланып, Euractiv және Washington Times сынды әлемнің жетекші ин­те­рактивті саяси алаңдарында ор­на­ластырылған мақаласында: «Біз, ядролық сынақтардан көп зардап шеккен ел ретінде, дүние жүзі ядролық апат қатерінен барынша қорғалуы үшін өзіміздің айтар­лықтай үлесімізді қостық. Қыр­ғи-қабақ соғыс теке­тірес кезеңі кел­меске кеткенімен, бүгін­де алаң­дау­шылықтың өзге де себеп­тері пайда болып отыр. Ядролық қару­­дың экстре­мис­тердің қолына түсу ықти­мал­дығы да жоқ емес. Бүкіл әлем үшін террор­лық топ­тар­дан шығатын қатер арта түсті. Олардың саны ғана емес, қаты­гез­діктері мен адам өміріне жүрдім-бардым қарау деңгейі де өсіп отыр», – деп тыншымай отырған мына дүниенің алаң жайын тағы да әлем назарына жеткізе білген-ді.
Ендігі әлемде ядролық лаң­кес­тік басталып кетпес пе екен? Елбасы осыны ойлаған болатын. Елбасы осыны ойлады да, халық­аралық қауіпсіздік үшін өз жауап­кер­шілігін тереңінен сезіне түсіп, дүние жүзінен алпыс шақты мем­ле­кет басшылары қатысқан Гаага­дағы жаһандық қауіпсіздік ІІІ сам­митінде ең әуелі айналымда жүр­ген ядролық материалдардың са­нын одан әрі қысқартуға және олар­­ды шашау шығармау, яғни, тара­лып кетуіне жол бермеу шараларын күшейтуге, зама­нымыздың тағы бір сын-қатері «ядролық клуб» ел­дері аясы әзірге кеңейіп емес, бұ­ған керісінше тежеліп отыр­ған­дығына да әлем назарын аудара білді.
Әлемде атом дәуірі басталған кезең­дер­ден бері ядролық тех­нология­лардың дамуына кедергі жасамай, ядролық қару-жарақтың таралуын қалай болдырмау керек деген мәселенің жауабын адамзат әлі де таба алмай отырғандығы және де бар.
– Қазақстан аталған салада тама­ша тәжірибеге ие, – деді Елбасы. – Семей полигонынан «мұраға қалған» эле­мент­тердің бірі плутоний мен жоғары байы­тылған уран болса, оларды атом бом­басын жасау үшін пайдалану қатері де жоқ емес еді. Қазақстанның, Ресей мен АҚШ-тың сарапшылары атал­ған материалдарды тауып, залалсыз­дан­дыру бойынша бұрын-соңды бол­маған бағдарламаны жүзеге асырды. Ол он жылға созылды. Біз осындай сезімтал салада жаһандық ауқымдағы бейбіт­шілік пен қауіпсіздік секілді жоғары мақ­саттарға қол жеткізу үшін, тіпті ұлттық мүддемізді де құрбандыққа шалдық!
Гаагадағы саммитте сөз сөй­леген Нұр­сұлтан Назарбаев ядролық қауіп­сіздікті күшейту үшін бірқатар нақты шара қа­был­дау ойын алға тартты. Әри­не, Назарбаевтың сол ядро­лық қауіп­сіздікті күшейту бағы­тын­дағы осы шешімдерін жүзеге асыру үшін мемлекеттер мен басшылардың саяси ерік-жігері де керек болатын. Адамзат мүддесі жолындағы сол саяси да адами ерік пен жігерді тағы да алғаш болып Назарбаев танытты.

«Тәуелсіздік алған сәттен бас­тап Қазақстан өзінің бірде-бір қадамымен, іс-әрекетімен немесе тіпті бірде-бір сөзімен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке нұқ­сан келтірмеген мемлекеттің өнегесі болып табылады».
Мұны кезінде Елбасы айтты. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев өз елімді «Мәңгілік ел» етсем екен, туған халқымды ешкімге тәуелді етпесем екен, сол туған халқым ешкімнің алдында жанарын төмен салып, сағы сынбай тұрса екен деген өзінің қашанғы адал ой-ниетімен, кемел де кемеңгер саясатымен, болашақты болжай білер даналығымен, ең бас­тысы, барша адамзаттың ұлы мұраттары үшін жасап келеді.
Адамзат сол үшін де Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа әлем гүлін сыйлады. Әлемнен алғыс алған Елбасы деп мақтан етеміз әрдайым!

Жабал Ерғалиев,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. («Egemen Qazaqstan», 30 қараша 2020 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар