Тұңғыш Президент және Ақмола мен көкшетау өңірлері

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің қай өңіріне болсын жұмыс сапарлары халықтың жігеріне жігер құятын маңызды оқиға саналады. Астаналық облысқа үнемі дәйекті көңіл бөлуімен, алға қойған міндеттер мен өңірдегі оң өзгерістерге зор тілектестігімен ақмолалықтар жүрегін бір тебірентіп тастайтын. Біз осынау іскер кездесу, тағылымды шараларға қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.

Абылай ескерткішінің ашылуы – тарихи әділеттілік салтанаты

Тәуелсіздік туралы сөз бастағанда Ұлы Абылай ханды айтпау мүмкін емес. Сол Абылай хан жер шоқтығы, көгілдір Көкшенің баурайында ақ ордасын тігіп, 48 жыл хандық құрды. Ұлы ханға арналған алғашқы ескерткіш 1999 жылғы 5 қарашада Көкшетауда орнатылды. Еліміздің әнұраны шырқалып, осы алып ескерткішті Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев салтанатпен ашты. Ескерткіштің іргесіне Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Абылай хан мүрдесі жатқан жердің топырағы салынған құтыны орнатты.
Елбасы: «Абылай – ұрпақтарымыз үшін құдіретті хан. Қазақ халқының мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі осынау даңқты есіммен тығыз байланысты. Ардақты бабамыздың үш арманы тыныштық, кәсіп, тәуелсіздік еді. Бүгінгі күні ол мақсаттар еңсесін тіктеп келеді. Ал, бүкіл Қазақстанда тұңғыш рет толыққанды Абылай ескерткішінің ашылуының өзі тарихи әділеттіліктің салтанат құруы», – деп толғанғаны ұмытылмайды.

Елбасы «Алтынтау» деп атын қойған

2010 жылдың 28 мамырында іссапармен Көкшетауға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ірі алтын өндірісінің бірі «Васильковка» тау-кен байыту комбинатының жаңадан салынған алтын шаю фабрикасын салтанатты жағдайда іске қосты.
Бұл кәсіпорын жылына 15 тонна алтын өндіреді. Іргелі кеніш елімізді әлемдегі ең көп алтын өндіретін 15 елдің, облысты Қазақстандағы №1 алтын өндіретін кәсіпорын қатарына қосты.
Сол салтанат үстінде Елбасы: «Қарағандыда Теміртау, Оңтүстікте Кентау бар, мына киелі Көкшетаудағы бұл кен орны енді Алтынтау деп аталсын. Васильковка дегенді қазірден бастап ұмытыңдар», – деп жұртшылықты аса бір ризалық сезімге бөледі. Сөйтіп, Алтынтауы бар Көкшетау елі өзінің Елбасына шынайы алғысын айтып, ел мен жердің атауын жарастырып кеткендігіне риза болысты.
Президенттік бағдарлама шарапатымен кеніште түбегейлі қайта құру жұмыстары басталды. Бұл іске 60 миллиард теңге немесе 700 миллион доллардан астам инвестиция жұмылдырылды. Көптен күткен алтын айыру фабрикасының құрылысы 2008 жылдың сәуірінде басталып, 2009 жылдың төртінші тоқсанында аяқталды. Мұндай серпіліс әлемдік тәжірибеде болмаған.
Жаңа фабрика 600 атаудан тұратын, көптеген көрсеткіштері бойынша заманалық озық құралдармен жабдықталған. Бұлар негізінен Канада, Австралия, АҚШ, Болгария, Швеция, Финляндия, Германия, Италия және Ресей мемлекеттерінен жеткізілген. Кен өндірісі паркінің жабдықтары толық алмастырылды. Қазір мұнда Америка, Жапония, Швецияның сыннан өткен заманалық 67 дана тау-кен техникасы жұмыс істеуде. Бұл техникалардың жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды.
Кәсіпорында Елбасы Н.Назарбаевтың айшықты етіп жазылған мынадай сөздері бар: «Әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс азулы мемлекеттердің өзін теңселтіп тұрған кезеңде біз жаңа кәсіпорындар салып жатырмыз. Астаналық Ақмола облысында бүгін шын мәніндегі «алтын зауыт» пайдалануға берілді». Баталы тілектің астарында «Алтынтау-Көкшетау» АҚ ұжымын алға бастар, ел игілігін еселеуге жігерлендірер қуат қайнары жатқанын анық.

Халықтар достығының жаршысы

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылы қыркүйектің 3 жұлдызында киелі Көкше жерінде болып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Алтын – Тау» ЖШС-нің 765,2 миллион теңгеге салынып, көкшеліктерге сыйға тартылған теннис орталығын көріп, елдің спортқа бет бұрып, саламатты өмір салтын қалыптастыруда нәтиже барына қуанған. Бұдан соң Елбасы орталықтан алыс емес, Қопа көлінің жағасына салынған «Достық» үйіне келіп, ынтымағы жарасқан 105 ұлт өкілдерінің басын қосқан 45 этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті. Елбасы этномәдени орталықтардың басшы, жетекшілерімен емен-жарқын сұхбат құрып, қара домбыраның үнін тыңдап, өзі де көпшіліктің құрметіне ән салып, елді бір жадыратып тастады.

Шаруашылықтар шарықтап келеді

Жері шұрайлы, табиғаты тамаша өлкеде экономиканың өрлеуіне ықпалын тигізетін ірі-ірі жобалар жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ақмола облысы Астананы жағалай орналасқандықтан, көпшілік бұл аймақты «астаналық» деп те атайды. Сондықтан да, өңірге артылатын жүк те салмақты.
Ауыл шаруашылығында да заман ағымына сай жаңа қадамдар жетегіндегі бастамалар назар аудартады. Солардың бірі – 2005 жылдың 1 желтоқсанында құрылған «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі десек болады. Бұл еліміздегі инвестициялық қанатқақты жобалардың қарлығаштары санатындағы сәтті ұжым ретінде қалыптасты.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев осынау қысқа мерзімде «Есіл-Агроға» екі рет келді. Елдің тұрмысын түзеп, қырманын қызылға толтырған есілдіктердің игі ұмтылыс үрдістеріне ризалығын білдірген.
Фирма әрбір тиынның тиімді жұмсалуын қатаң қадағалайды. Қайтарымсыз қадам деген жоқ, әлем таныған «АльПро» электронды жүйесі бәрін көріп тұрады. Соңғы жылдары сатып алынған ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігі шетелдік соңғы үлгідегі машиналар. Астық, бұршақ және майлы дақылдар фирма орналасқан Кенесары ауылындағы элеваторда сақталып, өңделсе, Щучинск қаласындағы «Айна» сүт зауытында сүт өнімдерінің отыз түрі дайындалады. Қазірдің өзінде «Есіл-Агроның» сүт бренді облыс аумағымен қоса, Астананың 26 дүкенінде тұтынушылар талғамынан шығуда.

Өңірдегі кезекті ірі жоба

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 2 желтоқсанында Ақмола облысына жасаған сапарында Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында жаңа инновациялық желі іске қосылды.
Өткен жылы қолға алынған бұл жобаға 3,7 миллиард теңге қаржы жұмсалған және көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туды. Жаңа өндірістік желі алкогольсіз сусын дайындаудың барлық айналымында кластерлік жүйемен жұмыс істейді, яғни, сусынды дайындап, өздері жасаған құтыларға құйып, тұтынушыларға дайын өнімді үздіксіз жеткізеді. Мұнда германиялық ең соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған. Жұмыстың бәрі автоматтандырылып, компьютерлік бағдарламамен басқарылады. Осылайша Көкше өңіріндегі іргелі кәсіпорынның өндірісін кеңейтетін тағы бір жаңа жобасы жұмысқа кірісті.
«Еліміз  тәуелсіздігін алған 1991 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 100-ге тарта өнім түрлері шығарылады. Оның ішінде  соңғы 15 жыл бойы «Туран» брендімен («TURAN») Ресей Федерациясына минералды сулар мен алкогольсіз сусындар тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Кәсіпорын да 2020 жылға дейін табиғи минералды суды жылына 400 миллион литрге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қуатты арттыру жоспарланған.

Бірлескен кәсіпорынның берері көп

Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай (23 қыркүйек 2016 жыл) Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тұңғыш бірлескен жоба – Көкшетаудағы «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынды. Мұндағы мақсат – Беларусьтің коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларының озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын.
Жалпы, беларусьтік компанияның Ақмола облысымен іскерлік байланысы 2010 жылдан бастау алады. Осы аралықта 5 миллион АҚШ долларына 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Шығарылған техникалардың бәрі – отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары.
Жалпы, 2012 жылы басталған бұл жобаны жүзеге асыру үшін 3,4 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жыл сайын 25 түрлі ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мың данасын шығарады.

Жалпыреспубликалық ашық сабақ

2019 жыл 29 қараша. Ақмола облысында ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Қазіргі заманғы Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» атты жалпы республикалық ашық сабақ өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі. Еліміздің егемендігін нығайту, ішкі және сыртқы саясаттың стратегиялық басымдықтарын, жаһандық және өңірлік бастамаларды іске асыру бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың 28 жылғы қызметін бүкіл халықаралық қоғамдастықтың мойындауы мен құрметінің заңды көрінісін бейнелейді.
Өңірдегі мектептер мен колледждерде өткен ашық сабаққа қоғам, мәдениет қайраткерлері, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері шақырылды. Мәдени сторителлинг барысында белсенді диалог өткізілді. Онда балаларға Елбасының әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке сөзсіз үлес қосқан бастамалары туралы баяндалды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы деректі фильмдер көрсетілді. Спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Мектеп фойелері және кітапханаларда Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметі туралы фотоматериалдардың көрмесі ұйымдастырылып, Елбасының өмірбаяны мен қызметіне арналған кітаптардың тұсаукесері өтті. «Қазіргі заманғы Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» атты жалпыреспубликалық ашық сабаққа Ақмола облысы бойынша 556 мектеп пен 33 колледждегі 144 мыңнан астам оқушы мен студент қатысты.

Елбасының жоғары бағасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған сапары барысында (14 қыркүйек 2016 жыл) өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне жоғары баға берді.
Әрдайым елдің болашағын әріден болжайтын Елбасы бұл жолы да Абылайдың ақ туын тіккен қасиетті Көкше өңіріне деген ыстық пейілін жан-жүрегімен білдіре келе, осы бір ғажап өңірдің заман талабына сай дамып, өркендеуіне мемлекетіміздің ешқашан ештеңеден аянбайтындығын жүйелі сөзімен жақсы жеткізді.
Тұңғыш Президент облыс активімен өткізген кеңесте «Жан-жақты қолдаудың арқасында Ақмола облысы экономиканың әр саласы бойынша үздіктер қатарына қосылды. Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда жүзге жуық жобаға 85 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ақмола облысы елдің өзге де солтүстік өңірлерімен бірге әлемдік маңызға ие астықты аймақ. Соған орай аграрлық өнімдердің көлемі мен сапасын одан әрі арттыру зор жауапкершілік болып саналады, – деген міндет қойды.

Аймақ туризмінің болашағы зор

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, Щучинск-Бурабай курортты аймағында жаңадан салынған осы заманғы «Риксос-Бурабай» қонақ үйінің салтанатты ашылуына қатысты.
Щучье көлінің солтүстік жағалауында орналасқан жаңа қонақ үй Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі негізгі жобалардың бірі. Ол курорттық бизнесті әлемдік деңгейге көтеру үшін және «Бурабай» арнайы экономикалық аймағын дамыту мақсатында салынды.
Қонақ үйдің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ашып отырған бұл тамаша нысанды салған түрік компаниясының құрылысшылары бұл жер суық болады, құрылысқа тиімсіз деп үлкен қарсылық танытқан еді. Бірақ, енді өздері де мұндай кереметті салғандарына риза. Мен Көкшетаудағы әуежайды жаңартуымызға, Астанадан Көкшетауға және Бурабайға дейінгі автобанды салуымызға және шағын авиация үшін нысандар тұрғызуымызға байланысты бұл жерде айналасы жаңа қонақ үйлер мен коттедждерге толатын тамаша демалыс орталығы болатынына сенімдімін», – деді.
Бурабайдың қайталанбас сұлу табиғатын сақтап, келер ұрпаққа қаз-қалпында қалдыру жөніндегі Елбасы жүктеп келе жатқан тапсырмалардың орындалуы да өңірде жоспарлы жүргізіліп жатыр. Демалыс, сауықтыру, туризм мен спорттық мақсаттағы инфрақұрылымдарды дамыту орайында бірқатар нысандардың салынып жатқандығы да Бурабай аймағының әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз. Бұл мәселеге орай, Елбасы өз Жолдауында Бурабай курортты аймағын дамытудың жүйелі жоспарын әзірлеуге тапсырма бергендігі осы бір аяулы өңірдің орманы мен көлін, тасы мен тауын, аңы мен құсын, сайып келгенде, бар ажарын сақтап қалу жолында бұдан бұрын да басталған игі іске жаңа бір серпін бергендігі анық.

Ауыл шаруашылығының ғылыми негіздері

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 15 қыркүйекте Ақмола облысына жасаған жұмыс сапарының аясында Шортанды ауданының ауыл шаруашылығы алқабында болып, «Жәкен-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторларымен кездесті және жиын-терін науқанының барысымен танысты. Қазақстан Республикасының Президентіне кәсіпорынның негізгі жұмыс бағыттары мен өңірдегі аграрлық секторды қолдау шаралары туралы баяндалды. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралады, онда жергілікті жағдайға бейімделген бидайдың жаңа түрі таныстырылды.
Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде республиканың агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы университеттері базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру қажеттігін атап өтті. Кездесу барысында астық жинау науқанын табысты өткізу облыс шаруаларының алдында тұрған маңызды міндеттің бірі болып саналатыны атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға және Өзбекстанға таяудағы сапарлары аясында Қазақстан астығын, майлы дақылдар мен ет өнімін экспорттауға қатысты бірқатар келісімдерге қол жеткізілгеніне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысына шаруалар елдің ауыл шаруашылығы саласына ұдайы көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс айтты.

Ел тірегі – жастар

2018 жылғы 29 қараша күні Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналып Жастар сессиясы өтті.
Мәдени шараны өткізудегі басты мақсат – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ мемлекеттілігін құрудағы рөлін, егемен Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолына қосқан жеке үлесін, сондай-ақ, Елбасының қоғамдық сананы жаңғырту бағытындағы бастамаларын Жастардың санасына ұғындыру.
Жиын барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев туралы бейнефильм көрсетілді. Аталмыш шараны Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманбай Сейітқасымов кіріспе сөзбен ашып, ұстаздар мен студенттер қауымын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.
Ол өз сөзінде бүгінде Елбасының стратегиялық жоспарларының арқасында Қазақстан қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсіп, жаңа тарихи жағдайда халықаралық беделі жоғары табысты мемлекетке айналып отыр. Президентіміздің бастамасымен бой көтерген жаңа Астана бүгінде болашаққа деген үміт пен сенімнің символына айналды. Жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына түскен Қазақстан ширек ғасырдың ішінде бүкіл әлемге қуатты, дамыған, ынтымағы жарасып, ырысы артқан мемлекет ретінде танылуда,–деп атап көрсетті.
Бүгінгі шараға арнайы келген жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев Елбасының білікті саясаткерлігіне, Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі даму барысына тоқталып, Елбасы тарихы, ел тарихымен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Президентіміздің қазақстандық жастарға үлкен үмітпен қарап, сенім артып отырғанын айта келіп, білім ордасындағы студент-жастарды сапалы білім, жақсы тәлім-тәрбие алып, ел игілігіне жарайтын білікті маман болуға шақырды.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанынан құралған «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Құрманбек Әділет: «Жастар – біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету біздің міндетіміз», – деген Елбасы сөзін алға қойып, елдің қуаты мен қозғаушы күші жастар екенін, бүгінгі жастардың сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, ел болашағының баянды болуы жолында үкімет тарапынан жастарға қажетті барлық жағдайлар жасалып жатқандығына ризашылық білдірді.
Шара барысында университеттің бірқатар студенттері мінбеге шығып, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, жалпы медицина факультетінің 1 курс студенті Нұрлан Байбек «Весна на Заречной улице» кинофильмінен үзінді келтіріп, Елбасының сүйікті әнін, Амалбек Дінмұхамедтің орындауында «Қазақтай ел қайда?» әні, информатика мамандығының 3 курс студенті Гүлнұр Әмірбек «Алтын бесік» әндерін нақышына келтіре орындады.
(Дайындаған
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар