Ассамблея өз миссиясын орындады

Тәуелсіз Қазақстанның дамуы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіздік алғаннан бергі еліміздің ішкі және сыртқы саясаты тек қана Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында жүргізіліп отырды. Әрине, тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз ауыр жағдайды бастан кешті. Оған көбіміз куәміз. Сол кезде мен Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің 12-інші шақырылымының депутаты болатынмын. Ол кеңес үкіметі ыдырап, экономика құлдырап, өндірістің тоқтаған кезі.

Соның бәрін көрудің өзі қиын болды, халық уақытында жалақы мен зейнетақысын ала алмады. Дүкен сөрелері бос тұрды. Міне, сол уақытта ел басқарған Н.Ә.Назарбаевқа жүктелген жауапкершілік өте жоғары болды. Халықты сол тығырықтан алып шығу екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін декларация, Тәуелсіздік туралы конституциялық күші бар Заң қабылданды. Шекарамыз бекітілді. Өзіміздің төл теңгеміз шықты. Рәміздеріміз қабылданды. Сол Заңдардың қабылдануына мен де атсалыстым. Осының бәрі сол кездегі біздің мемлекет болып қалыптасуымыздың негізі еді. Оның бәрінде Назарбаевтың рөлі жоғары болғаны даусыз.
Президентпен әр кездескен сайын ауыл шаруашылығының күйзелгенін, өндірістің тоқтағанын айтатынбыз. Ол сонда: «Осының бәрін білемін, жүрегіммен сезінемін. Бұл өтпелі кезең. Халыққа түсіндіру керек, шыдамдылық, төзімділік керек. Қазіргі жағдайды жақсартуға бар күшімізді салуға тиіспіз» деп халықпен тығыз жұмыс істеуге шақыратын. Н.Назарбаев Қазақстанның өзінің өндірісін көтеру үшін шетелдерге барып, «Қазақстан деген ел, қазақ деген халық бар, оның жер асты, жер үсті байлығы бар» деп инвесторлар тарту мақсатында үлкен жұмыстар атқарды. Олардың біздің елге келуіне жеңілдіктер де жасады. Сол уақытта ол кісінің жанында жүрген облыс басшылары, бірқатар лауазымды адамдар нарықтың не екенін әлі танып білмеген кез. Жекешелендіру басталып, көп нәрсе талан-таражға түсті. Жер-жерде жүйесіздік орын алды. Соның бәріне шыдамдылық қажет болды. Әрине, оған мың өліп, мың тірілген қазақ халқы төзімділік таныта білді. Жетістіктер бірден бола қойған жоқ. Оған бірте-бірте қол жеткізе бастадық. Бұл істе Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі орасан еді.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні тек біздің елімізде ғана емес, басқа елдерде де аталып өтеді. Ол кісінің еңбегі тарихта мәңгі қалатын еңбек. Соның ең бастысы, ел астанасын Алматыдан Арқаға көшіру. Бұл үлкен күш-жігерді, қажырлылықты талап етті. Ол кезде бәрімізде үміттен де күдік басым болды. Бірақ, бұл шешімді дұрыс деп есептедік. Алайда, «осындай тоқырау кезінде бұлай істеудің қажеттілігі бар ма, жоқ па?» деген сұрақ та тұрды. Міне, сол қала қазір әлемде тез дамыған астаналардың бірі.
Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттің негізін қалаған Конституциялық күші бар заңдарды, егемендік туралы декларацияны қабылдауда сол кезде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Нағашыбай Шәйкенов, Зинаида Федотова, бастаған біздің заңгерлер үлкен қызмет атқарды. Оның бәрін атап өткен жөн. Декларация, тәуелсіздік, олардың мән-маңызы туралы мен сол 12-ші шақырылымның депутаты болып жүргенде білдім. «Бұл Тәуелсіздік неге керек? Бұрынғы жағдайымыз да жаман емес еді ғой» деген алып-қашпа сөздерді де естігенімізбен, осы тарихи шешім бәрібір жеңіп шықты.
Шын мәнісінде ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсаған Тәуелсіздігі еді бұл. Олар сол Тәуелсіздік, Азаттық үшін жандарын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күресті. Оның соңы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне әкеп тіреді. Сондықтан, осы Тәуелсіздіктің тұғыры биік болуы үшін бүгінгі біздің міндетіміз – оны жастардың санасына сіңіру, жастарға еліне, халқына қызмет етуді, Отанын сүюді үйрету, халықтың жүрегіне патриоттық сезім ұялату. Келешек жастардың қолында. Рас, қазіргі жастар білімді, мәдениетті. Дегенмен, олар Отан үшін, халық үшін, Қазақстанның өркендеуі үшін қызмет етудің не екенін әлі де жете сезінуі керек.
Кезінде көкейімді мазалаған мына бір сұрақты Президенттің өзіне де қойғанмын. Ол – Ұлттық идеологияны қабылдау керек деген ой еді. Тәуелсіздік алған жылдары ұлттық идеологияға жете мән берілгенде, қазіргі қоғамымыздағы қазақ тілінің кенже қалуы сияқты бүгінгі кейбір келеңсіз жағдайлар орын алмас еді деп ойлаймын. Сондықтан, тәуелсіздіктің тұғыры биік болу үшін жастар алдымен, Отанын сүюі керек. Алашорда азаматтарының елі үшін жанын бергені, қандай қиын кезеңде де халқы үшін күрескені баршаға аян. Соның бәрін жастарға үлгі етіп айтып, санасына жеткізе білуіміз қажет. Бұл үшін жүйелі түрде жастармен жұмыс істеген жөн. Мәселен, тәлім-тәрбие даңғаза шоудан гөрі тал бесіктен, отбасынан, мектептен басталуы тиіс. Қазіргі қоғамдағы кейбір қайшылықтар осы тәрбиенің осалдығынан. Жалпы, жастар білімді, бәрін көріп, біліп отырады. Бірақ, соларға ұлттық идеология тұрғысынан дұрыс бағыт бере алмай отырғанымыз шындық.
Мен 1999 жылғы баламалы сайлауда Тұңғыш Президентіміздің Көкшетаудағы сенімді өкілі болғанмын. Ол кісі барған жерде ең алдымен өзінің сенімді өкілдерімен жүздесіп, елдің жайын сұрап білетін. Біздің Көкшетауға жұмыс сапарымен 5-6 рет келгенде, сол кездесулердің барлығына мен де қатыстым. Сондықтан, ол кісі «қандай сұрақтарың бар?» дегенде, өз басым «мені бір-ақ сұрақ мазалайды» дегенмін. Ол – Көкшетауға облыстық мәртебе беруді халықтың атынан өтінгенім. Ол кезде біз Солтүстік Қазақстан облысына қосылғанбыз. Сонда Мемлекет басшысының «Бұл мәселе шешімін табады» дегені есімде. Содан 1999 жылы Ақмола облысының орталығы болғанымыз белгілі. Одан кейінгі кездесулерде ауыл шаруашылығындағы қиындықты жеткіздім. Бұрынғы совхоз, колхоздардың таратылып, халықтың жағдайы ауырлаған кез еді ол. Әрине, мұндайда үнсіз қалу – ерге сын. Оны Президентіміз де түсініп, сабырға шақыратын. Ақыры, көп нәрсе өз орнына келді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін көрнекті саясаттанушы, журналист Сейдахмет Құттықадамның «Ұлтқа қызмет ету» атты кітабы шықты. Онда мемлекет басқарудың әлемдік 10 мысалы сөз болды. Рональд Рейган, Людвиг Эрхард, Хуан Юу, Маргарат Тэтчер, Кемаль Ататүрік, тағы басқа ірі мемлекет қайраткерлерінің пікірлерінде халықтың әл-ауқатын көтеру басты орында тұр. Сонда адамның сана-сезімі де басқаша болатыны айтылады. Рас, өткен 30 жылда еліміз айтарлықтай алға басты. Алайда, әлі де өркендеп, өсе түсу үшін алдымен ұрлық пен коррупцияны жою керек. Бұл өзі қазіргі вирустық пандемиядан кем болмай тұрғаны, өкінішті-ақ.
Тағы бір айтарым, өткен жылдары Тұңғыш Президенттің Ассамблея тұрғысындағы рөлі де өте жоғары болды. Негізі, Ассамблеяны алғаш құрғанда ол кезде де «бұл неге керек?» деген қарсылықтар болған. Көп ұлтты мемлекет болғаннан кейін бірлік, татулық, тыныштықты сақтау басты мақсаттардың бірі болды. Н.Ә.Назарбаев Ассамблеяны сол себепті де құрған болатын. Сондықтан, бұл қоғамдық институт өзінің құрылған кезіндегі рөлін жақсы атқарды. Ондағы өзге ұлт өкілдерінің тілі мен дінінің, салт-дәстүрінің дамуына үлкен мүмкіншілік берілді. Қазір олардың бәрі өз жағдайларын жасап, жұмыстарын жалғастырып отыр. Поляктар, немістер, татар-башқұрттар, бәрі де балаларын өздерінің елдеріне оқуға жібере алады. Алайда, олардың Қазақстанда бай-бақуатты өмір сүріп отырып, осы өздері тұрып жатқан елге деген көзқарастары аздап алшақтап кетті ме деген ой мазалайтыны рас. Қазір қарап отырсақ, олар өз қызметінде тілі мен дәстүрін насихаттап кеткендей көрінеді. Сондықтан, мемлекет құрушы ұлт қазақ болғандықтан, қазіргі Ассамблеяның жұмысына ойлана қарағанымыз дұрыс па деймін. Жалпы, ұлттық идеология болса, осылардың бәрі ретке келер еді. Қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт болып, қалғандары соның маңайына тығыз топтасса ғана елдің өркендеуі мығым болады. Қазақстанда тұрған соң, алдымен сол елге қызмет ету, қазақтың салт-дәстүрін сақтау басты бағыт болуы тиіс.
Елбасы қашанда елдің қамын ойлады. Қазір де солай. Ол кісі құрған Ассамблеяны алып қарасақ та, ол өз міндетін атқарды, яғни, елдің тыныштығы мен ынтымағы жолында өз миссиясын орындады деп айтуға болады.

Болат ЖАНӘДІЛОВ,
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің
12-інші шақырылымының депутаты,
мемлекет және қоғам қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар