Абайтану біз үшін Алаш тану,
«Алаш орда» рухымен алаштану.
Түркілену. Тіліміз, дініміз бір,
Отарлық, құлдық ділден аластану.
Байлық, мансап – рухани ыластану,
Таныстық, жемқорлыққа жылыс бару.
«Заманың түлкі болды, күлкі болма»,
Ойлан жас, жараспайды қағыс қалу.
Шақ туды, заманауи кеме шықты,
Батпайтұғын болса егер неге шықты?
Сарқылмас қазынаның жолын тауып,
Сан ұрпаққа несібе еге шықты.
«Абай жолы» арқылы ел қанықты,
Сол жолды көрген бөгде жұрт таныпты.
«Қалың елін, қазағын» данасымен,
Паш еткізді, әлемге шын алыпты.
Абай, Мұхтар өсірді шексіз нуды,
Егіз ұғым сананы ессіз буды.
Теңдессіз қос ұлының арқасында,
Абайтану ілімі енді туды.
Бұл ілім тоқсан жылдай жалғасуда,
Сансыз пікір тоғысып арбасуда.
Басында Мұхтар тұрды. Әрбір ұрпақ,
Өзінше қабылдауда алмасуда.
Қолдады Кенжебаев заманында,
Ыдырыс Мұстамбай да аманында.
Қазірде жартастай боп Мекемтас тұр,
Жас ұрпаққа шашуға тәмамында.
«Алланың өзі де шын, сөзі де шын»,
Хакімді сарала да осыны ұғын.
«Тарихи Рашиди» мен «Бабырнаме»,
Сол арқылы санама жеткен бүгін.
Ел тілін, әкем сөзін, шешем үнін,
Естігем бесік теуіп жатқан күні.
Шығысты тек Абаймен сезінгенмін,
Батысты, арқалаумен мектеп жүгін.
Социолог емеспін, әлде сыншы,
Теолог, не жазушы, пәлсапашы.
Абайдың құдіретін-шыншылдығын,
Сезінген жай қазақпын ащы, тұщы.
Мақыжан Тарғын.
Жақсы ауылы.