Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай отандық лоукостер Fly Arystan компаниясы Түркістан мен Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы тұрақты рейсін бастады.
«Бірінші кезеңде Түркістан қаласының жаңа халықаралық әуежайынан «Fly Arystan», «Qazaq Air» және «SCAT» әуе компаниялары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына күнделікті рейстер орындайды және түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістан Қазақстанның басқа облыс орталықтармен байланысады. Халықаралық бағыттардың ішінде ең алдымен Ыстанбұл, Дубайға рейстер ашу жоспарланып отыр. Болашақта басқа қалаларға, оның ішінде Мәскеу, Баку, Самарқанд және басқа қалаларға рейстер ашылатын болады», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Облыс орталығы Түркістанға көшіп келгелі мұнда құрылыс өте қарқынды жүргізілуде. Салынған жаңа ғимараттардың қатарында халықаралық әуежайды атап өтуге болады. Ғимараттың жалпы ауданы 905,3 гектар, жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың шаршы метр, өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны құрайды. Әуежай Түркістан қаласынан шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Нысан «ашық аспан» режимінде жұмыс істейді және алғашқы халықаралық рейстерін Ыстанбұл мен Дубай қалаларына ашу жоспарланған.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.