Жолдар жөнделіп, ауыз су беру жақсартылуда

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді, атқарылған жұмыстарға баға беріп, алдағы міндеттерді белгіледі.

Өткен жылы ауданда индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бройлер құсын өсіретін фабрика – «Blic – Terminal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын бастаған болатын. Жоба құны 1 миллиард теңгені құрайды. Серіктестіктің өндірістік қуаттылығы – 2300 тонна. Құс фабрикасының басшысы Ербол Жауаров әкімге құс өсіретін цехтарды аралатып көрсетіп, кәсіпорынның алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Бұдан бөлек, ауданда «AgroMilkProject» серіктестігінің жобасы сәтті іске асқан. Құны 297 миллион теңге болатын бұл тауарлы-сүт фермасы «Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде қаржыландырылды. Әзірге мұнда 100 бас ірі қара мал бар. Келер жылдың ақпан айында тағы 150 сиыр сатып алу көзделуде.
Жұмыс сапары барысында әкім ат басын бұрған «БиБорд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңының толық қуаттылығы бес мың басты құрайды, әзірге мұнда 1400 бас сиыр малы бағылуда. Алдағы көктемде ірі қара малдың санын 4 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Серіктестік директоры Азамат Сағынтаевтың айтуынша, мал біздің облыстан және жақын өңірлерден, негізінен, солтүстік аймақтардан сатып алынған. Серіктестік бордақыланған малды ет өнімдерін шығаратын «Бижан» кәсіпорнына жөнелтеді.
Бүгінде зеренділіктерді алаңдатып отырған жай – жолдардың сапасы мен ауыз су мәселесі. Осы бағытта биыл «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, бірқатар ауылдарда су, көше-жол желілері жөндеуден өткізілген. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады дейді аудан басшылығы. Өз сөзінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етіп, жолдарды жөндеу – өмір сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.
Бұл күні аймақ басшысы ауданға қарасты Алексеевка ауылындағы денсаулық орталығында да болды. Үстіміздегі жылы орталықтың №3 емдеу ғимаратының қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұл ретте, облыс әкімі науқастарға жағдай жасау, емдеу мекемесін жаңарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да басты назарда болу керектігін жеткізді. Одан әрі әкім Симферополь орта мектебінің спорт нысанының жанынан салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысан келер жылдың аяғында пайдалануға берілмекші.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек Данияров.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар