Эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеевтің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне облысымыздағы эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат беріліп, Көкшетау қаласының периметрі бойынша қойылған санитарлық бекеттердің орналасуы өзгертілетіні және Зеренді ауданының тұрғындарына «stopcorona.kz» сайтына тіркелген жағдайда облыс орталығына қатынауға рұқсат етілетіні жайлы айтылды.
Брифингте сөз алған Мәлғаждар Саттарұлы қазіргі таңда әлемде, әсіресе Еуропа мен ТМД елдерінде коронавирус инфекциясы көптеп таралып жатқанын, дүниежүзі бойынша осы індетке шалдыққандардың саны 60 миллионнан асатынын айтты. Вирустың таралуын тоқтатып, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін біздің өңірімізде қажетті шаралардың барлығы қолға алынуда. Республика бойынша төрт облыс, соның ішінде Ақмола облысы үстіміздегі жылдың 23 қарашадан бері «қызыл аймақта».
–Біздің алдымызда екі маңызды міндет тұр. Біріншісі – инфекцияның таралуын тоқтату, екіншісі тұрақты әлеуметтік және экономикалық ахуалды сақтау, – деді облыс әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеев брифингте сөйлеген сөзінде.
Өңірлік жедел штабтың шешімімен транзиттік көліктердің облыс орталығының аумағы арқылы емін-еркін қатынауына жағдай жасау мақсатында Көкшетау қаласының периметрі бойынша қойылған санитарлық бекеттердің орындары өзгертіледі. Сондай-ақ, 3 желтоқсаннан бастап Зеренді ауданының тұрғындарына облыс орталығына қатынауға рұқсат етіледі. Тек, олар қалаға келместен бұрын «stopcorona.kz» сайтында алдын ала тіркеуден өтуге тиіс. Сонымен қатар, қазіргі таңда сауда нысандарының мереке күндері жұмыс істеуіне рұқсат беру туралы мәселе қарастырылуда. Бұл туралы брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.
Айнагүл Советқызының айтуынша, өңірімізегі эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Репродуктивтік сан 1,17-ні құрап отыр. Бұл карантин шараларын одан әрі жалғастыру қажет дегенді білдіреді. Өткен тәулікте облыста коронавирус жұқтырған 89 науқас анықталған. Оның 53-і Көкшетау қаласында, 10-ы Бурабай ауданында, 9-ы Бұланды ауданында және қалған аудандарда 5 жағдайға дейін тіркелген. Егіндікөл ауданынан басқа, барлық өңірлерде індеттің кең таралып жатқаны байқалады. Осы ретте, бас санитарлық дәрігер санитарлық бекеттердің не себепті Көкшетау және Степногорск қалаларының аумағында орналасқанын былайша түсіндіріп өтті. Айтуынша, биылғы жылдың қазан айына қарағанда қараша айында аталған екі қалада коронавирус жұқтырған науқастардың саны алты есеге өскен. Мәселен, қазан айында Көкшетауда 263 науқас тіркелсе, қарашада 1503 жағдай анықталған. Ал, Степногорскіде қазан айында 152 науқас тіркелсе, қарашада 890 науқастың індет жұқтырғаны белгілі болған.
Сондай-ақ, брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов өңірдегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуы, дәрі-дәрмекпен қамтылуы және коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы туралы сөз алса, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ризахмет Жанбеков нақты қай бағыттардағы санитарлық бекеттердің орындары өзгертілетіні жайлы айтып берді. Одан әрі Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы, «Smart Aqmola» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Бауыржан Серікбайұлы «stopcorona.kz» ақпараттық жүйесінің жұмысы туралы сөз алып, барлық баяндамашылар журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар