Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрлан Атығаев журналистермен кездесіп, баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Жиын барысында департамент бастығы «Ақмола облысындағы жедел жағдай», «Жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезеңінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау» тақырыптарында сөз алды.
Белгілі болғанындай, ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында Көкшетау қаласының Васильковка шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, соның салдарынан сегіз адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
– Облыс орталығында орын алған бұл оқиға кім-кімді болсын, бейжай қалдырмасы анық. Жарылыстың басты себебі газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Жарақат алған сегіз адамның алтауы бала. Қазіргі таңда алты баланың үшеуі ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр, – деді басқарма бастығы жиын барысында сөйлеген сөзінде.
Бір түсініксіздігі, бұл тұрғын үйге орталықтандырылған газ тартылған. Сонда пәтер иелері газ баллонды не себепті пәтерге әкеліп отыр?
Жалпы, өткен аптаның өзінде облыс аумағында 26 өрт болған екен. Болған 26 өрттің 21-і тұрғын үй секторында орын алып отыр. Статистика бойынша Ақмола облысында өрттердің шамамен 70 пайызы тұрғын аудандарда болады, мереке күндері мен Жаңа жыл мерекесі күндері бұл көрсеткіш 82-85 пайызға дейін артады екен.
– Біздің қызметкерлер жергілікті полиция қызметімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, алдағы Жаңа жылға пиротехникалық бұйымдарды сататын сауда орындарына рейдтік тексерістер өткізуде. Рейд барысында рұқсат етілмеген бұйымдарды сату жөнінде екі заң бұзушылық фактісі анықталды. Қазірдің өзінде 58 рейд жүргізілді. Халық арасында үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады. 1238 дана үгіт-насихат материалдары таратылды. Айта кетуіміз керек, пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау салдарынан, сондай-ақ, олардың сапасының нашарлығынан өрт болуы мүмкін. Халық осы жайттарды ескерсе екен, – дейді Нұрлан Атығаев.
Жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезеңіне жалпы саны 56 адамнан тұратын 28 жедел топ құрылыпты. Офицерлік құрамның кезекшілігі де ұйымдастырылған. Бұл жұмысқа 42 қызметкер мен 7 техника жұмылдырылған.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.