Зердесі зерлі азамат

Зердесі зерлі азамат

Хақ қалаған Есенбай-Қарашамын,
Алтын бесік халқыма жарасамын.
Жауһар шашқан қолымда ғазиздер бар,
Қалайша түзу жолдан адасамын, –
дейтін Ақан серінің Қарашасы – сегіз ата Қарауылдың бір атасы. Қарашаның бір баласынан Қанай, Малай, Аю, Бөкей туған. «Қанайды қамшы беріп дауға қой, Малайды қауға беріп малға қой, Аюды сыбандырып майға қой, Бөкейді сойыл беріп сайға қой» дейді ел аузындағы бір тәмсіл. Осы аңыздан ағайынды төртеудің мінез-құлқы, қадір-қасиеті һәм қарекеті түгел ашылатын тәрізді.
Қанай – кәдімгі отты жырдың ұлы ұстасы Мағжан жырлаған «Қамқоры Қарауылдың батыр Қанай». Ол қол бастаған батыр ғана емес, сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем де болған кісі. Әрі оның үрім-бұтағына да Алланың алғашқы есімдерінің бірі – Сөз күшті қонған. Үлкені Бекболат бастаған балаларының бәрі дерлік таңдайынан шаң шыққан шешен, маңдайынан нұр шалқыған бетті би болғандар. Солардың бірі баяғыда ауыл үстіне ат ойнатып келген Қасым төренің телі-тентек жігіттеріне «Көзімді сығыр қылды, сөзімді сыбыр қылды, өзімізді ығыр қылды, малымызды айдап әкетті, жанымызды байлап әкетті, Қарауылда тағы қандай аласысы бар екен төренің?!» деп, бетін қайтарып, елге қарағысыз етіп қуып салған екен.
Менің өмір бойы аға тұтып, ардақтап өткен асыл досым, атпал азамат Хакімтай Әміров – осы от ауызды, орақ тілді Қанайлардың текті бір тұяғы. Ол да Қанайдың ерлігі әмбеге аян, әрі батыр, әрі ғалым Мәлік Ғабдуллин мен математика профессоры, жұлдызшы Мыңбай Ысқақов шыққан Жаубасарынан тарайды. Арғы атасы – жалпақ жұрт қастер тұтқан Жұман қажы. Одан Әмір, Әмірден – Қасым. Қасымнан қалған жалғыз тұяқ осы.
Жақсының қашанда алдымен атын естіп, затын кейін танисың ғой. Хакеңнің де есім-сойын әуелі мен газеттен білгенмін. Орта мектепті бітірген соң бір жыл шамасында Көкшетау аудандық «Колхоз жолы» газетінде қызмет еткенім бар. Екі-ақ беттік шағын басылым ғой, соның өзін толтыру бір қиямет-қайым. Өйткені, аппаратта редактор, жауапты хатшы және есепші – небары үш-ақ адам. Кейін есепшіміз басқа жұмысқа ауысып кетіп, оның да міндетін жауапты хатшылықпен қатар әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған менің атқаруыма тура келді. Шынтуайттап келгенде, үнпараққа керек дүниелердің бәрін редактор екеуміз жазып, газетті екеуміз ғана шығарамыз. Әйтеуір, ауылдардан жазып тұратын Хакімтай Әміров, Исасейіт Бексейітов, Ғабдолла Ғазизов, Қазихан Рахметов сияқты азаматтар бар. Солардың ішінде әсіресе Әміровтың қаламы әжептәуір төселгені аңғарылады және күн тәртібінде не тұрғанын жете біліп, жатық жазады. Оның жазғандары бірден теруге кетеді. Бұл да болса бізге үлкен көмек.
Газет жұмысына жаңа ғана бойлап, сөзстанның есігін енді қағып, суреттеме-очерк, оқшаулар жаза бастаған кезімде осы қызметке өзі тартқан редакторым Ғазиз Біратаевты білім саласына ауыстырып, екі-үш ай газетті жалғыз шығаруыма тура келді. Бірақ, партияда жоқ әрі дипломсыз маған редактор үшін деп қол қойғызбайды, ол міндетті кезек-мезек аупарткомның нұсқаушылары атқарады. «Әзір асқа тік қасық» боп. Дипломсыз өсу деген құр далбаса екенін түсінген мен орныма сол жылы мектеп бітірген бала досым, ара-тұра жазып жүретін Олжабай Нұрғалиевты қалдырдым да, оқуға тайып тұрдым.
Менің сорыма, қабылдау емтиханы кешірек басталады деп барған Қарағанды пединститутында қазақ әдебиеті факультеті жоқ екен. Шешінген судан тайына ма, орыс филологиясына пердім де кеттім.
Келесі жылы жазғы каникулға ауылға оралсам, Олжабайым аукомолда мектеп жастары жөніндегі нұсқаушы болып жүр. Құшақ жайып, қуана қауыштық. Бақсақ, жаңа редактор әлі өмір көріп ысылмаған бозбаланы «газет мектеп-интернат емес, мұнда арнаулы білімі бар журналист істеуі керек» деп босатып жіберіпті. Аудандық оқу бөлімі кәмелеттік аттестаты кілең «бес» пен «төрт», әсіресе математикадан білімі терең оған бір орталау мектепке мұғалім деген жолдама береді. Обалы нешік, мектептің ұстаздар ұжымы жас жігітті жатырқамай, қамқорлық құшағын ашып, тәжірибе жинап, жақсы тәлімгер боп қалыптасуына көмек қолын созады. Әсіресе, кітапты көп оқитын Хакімтай деген ұстаз жас мұғалімнің қара жаяу емес екенін байқап, мінезінің алыс-шалыс тұстарын, басынан сөз асырмай, қит етсе шапшып шыға келетін шапшаңдығынан арылуға көп күш жұмсайды. Ашуды ауыздықтап, ақылға жеңгізуді, сабақ алар сәті көп әзіл-қалжыңға төзе білуді үйретеді. Кіділік кісілік емес, кішілік күштілік екенін ұқтырады. Не керек, туған ағасындай тәрбиелеп, мінезінің кедір-бұдырын жонып, олпы-солпысын қырнап, сыптай ғып шығарыпты. Ақыр соңында Олжабай төзімділік пен көнтерілік, әзілқойлық жағынан ақылшы ағаларының өздерін отырғызып, алдын орап кететін болыпты. Содан ба екен, ол Хакімтайды аузынан тастамай, екі сөзінің бірінде есімін еске алып, жаны жақсы жанашыр ұстазым деп отырды.
Асық досым Олжабайдың адал ұстазы болған сол асыл азаматпен өз басым алғаш институт бітірерден бір жыл бұрын Қарағандыда жүзбе-жүз жолықтым. Бойы ортадан жоғары, шалқадан қайырған бұйра шашты, көзі күлімдеп мейірім шашып тұратын, иек тұсы сәл сүйірлеу, аса ажарлы аққұба, қыр мұрын жігіт екен. Сол иығын сәл көтеріп қойып, жымия күліп, жарқылдай сөйлейді. Жарқын жымиысының өзі кісіні үйіріп алатын іспетті. Мені сонау аудандық газеттен-ақ сырттай білетін боп шықты. Кейін әредік әр жерде жарияланып жүретін балаңқай бірдеңелеріммен де таныс тәрізді.
Бастауыш мектептердің бірін басқаратын, оншақты жыл ұстаздық өтілі бар мұғалімге жоғары білім жөнінде диплом қажет болып, пединститутқа сырттай оқығалы келіпті. Білімі оған сай болсын, болмасын диплом деген міндетті түрде керек кезең еді ғой ол. Әйтпесе тіл мен тарих, әдебиетті ол жоғары білімділердің ешқайсысынан кем білмейтін. Кенді кентте ол немере інісі Қайырхан Ахметжанов пәтерде тұрған үйге түсті. Пәтер иесі егде шахтер, түбі біздің жақтікі Әскен деген сақа кісі. Зайыбы Сәлен жеңгейде жан жоқ, қонақжай жақсы кісі еді. Балалары жоқ, Қайырханды туған перзентіндей аялап, қатты күтті. Оны іздеп баратын дос-жарандарына есігі әмсе ашық, дастарқаны жаюлы болатын. Хакең келгелі онда баруды біз де жиілеттік.
Иткөйлекті менен бір жыл ғана кейін тоздырған Қайырхан балуан бітімді, сом тұлғалы, қалың қабақ, дөңгелек жүзді қараторы жігіт. Мейлінше адал, аңқау, ал, намысқа келгенде алдына жан салмайды. Оқимын деп келіп, қалаған оқуының конкурсынан өтпеген соң елге қайтып баруды намыс көріп, шахтаға түсіп, кенші боп кеткен. Ән-күйді, өлең-жырды жақсы көретін думаншыл жігіт. Қазақ жазушыларының жаңа кітаптарын жібермей оқиды. Тың туындылармен мен көбіне содан алып танысамын. Хакең келгелі оның пәтері бейне бір әдеби үйірме секілді боп кетті. Арынды ақын Қасым Аманжоловтың алғашқы үш томдығы шыққан тұс. Дабылды, дауылды жырларын кезек-мезек оқып, пікір алысамыз. Ақын ойының айқындығына, теңеулерінің айшықтылығына, пікірінің батылдығына таң қаламыз. Астарлы ойларына, қастерлі арманына бойлағандай боламыз.
Арада бір жыл өткен соң Хакеңмен мұғалімдердің аудандық тамыз кеңесінде қауыштық. Екеумізді де мәслихаттың «Жанды газетін» шығаруға бекітті. Баяндамада сын садағына іліккендердің сайқымазақ суретін салып, сөзбен түйреп, сықақтап отыратын болдық. Мен орысшасына, ол қазақшасына жауапты. Сол жолы көптің көңілін көтереміз деп жүріп, кейбіреулерді өкпелетіп алғанымызды кейін білдік.
Кейін, яғни, келесі жылы екеуміз де қабырға газеті емес, қабырғалы ресми газетке ауыстық. Мен облыстық газетке әдеби қызметкер болып бардым, ал тың дүрмегі басталғалы тек орысша ғана жарық көріп келген аудандық газет көлемі ұлғайып, екі тілде шығатын болды да, ол соған жауапты хатшы болып бекітілді.
Редакция аппараты ұлғайып, қаламы жүйрік, қарымды қаламгер Елубай Жәкенов те соған келіп орналасты. Негізінен газет қазақша шығады да, орысшаға аударылады. Редакторы – орыс тілінің маманы Рауф Ақбердин, комсомолда жүрген Олжабай – белсенді авторы. Бірде оның жастардың үйлену тойы туралы газетте айтар ойы тәп-тәуір мақаласы жарық көрді. Қалыңмал деген пәленің қайта жандана бастаған кезі-тұғын. Қызық-қуаныш ортақ, сондықтан ырым-жырымды өршітпей, жастардың тойын екі жақ бірлесе атқарып, құдалықтың жол-жора, кәдесін бөліп жасасын деп жазады ол. Осы ойы ұнамаса керек, біреу Қазақстан Журналистер одағының сол тұста аз ғана уақыт шығып тұрған болмашы бір журналына жазып жіберіп, ол «Қойыртпақ» айдарымен «Жеңгетай редактор» деп шығып кетті. Одан газетке келіп-кеткен ештеңе жоқ. Ал, біз Олжекеңді ортаға алып, айыбыңды жу деп тақымдаймыз.
Қыздарға жағынам деп Нұрғалиев,
Бөсті де, құлаш ұрды шыңға биік.
Той – ортақ, шығыны тең бөлінсін деп,
Ірітті коллективті тұрған ұйып, –
деп Елубай шығады бір жақтан. Айып деген не тәйірі, бір табақ ет пен бірер шөлмек «ақаң» ғой онда. Бізге онысы емес, әзіл-қалжың күлкісі керек.
Маған қызметкерлері сіреудей қатып, сіресіп отыратын облыстық газеттегі ахуалдан дуылдап, шуылдап жататын аудандық басылымдағы тірлік көбірек ұнайтын. Қол босаса, қаладан алты-ақ шақырым аудан орталығындағы достарға тартамыз. Кейде кештетіп барсақ, қонып та қаламыз. Жаңа үйленген сыбай-салтаң кезіміз – үй талғау, күй талғау деген жоқ. Қас қарайған кезге қалсақ, Хакең «бірдеңеге ұрынып қаласыңдар» деп қоярда-қоймай өз үйіне алып барады. Жалдап тұратын екі бөлмелі пәтерде – бес бірдей ересек адам және үш сәби: әже, шеше, әпке және алда жалғасы бар үш немере. Келім-кетім тағы бар. Көңіл табылса, орын табылады екен. Соңғы мүшелге таяп отырған әжесі біз барсақ, «құлынымның дос-жараны» деп бәйек болады. Шешейдің қабағы көп ашыла қоймайды, екі таяққа сүйеніп тұратын, тілі күрмеліп әрең сөйлейтін апай басын изеп, ілтипатын білдіріп жатады. Арасында құрақ ұшып жүгіріп, бәріне үлгеріп Күләндам жүреді. Ахуал қанша ауыр болса да, «жоқ» деген сөз бұл шаңырақта шыққан емес, ешқашан шықпайды да. Ата-бабадан мирас қалған нарлық жалғаса бермек, Қиындықты да, қиянатты да қайыспай көтеретін Хакең шын мәнінде нар ғой, нар. Ал, Күләндаш болса, арқаға түскен ауыртпалықты ауырсынбай жүре беретін аруана сынды. Екеуін құдай қалап қосқаны қақ. Екеуі де өзім дегенге өзегі үзіліп, қоң етін кесіп берердей мәрт. Екеуі де алысты жақын, жақынды туыс ететін бауырмал. Ал, олардың бізге деген пейілі мен көңілі бөлек-тұғын.
…Бірде ауылдағы үйдің қақпасы алдына дүр етіп бір көлік тоқтай қалды. Әдеттегідей демалыс күндері қарияларға келіп, көңілдерін аулап қонып қайтқалы ауылда жатқанбыз. Келген кім болды екен деп, сыртқа көз салсам, кәдімгі Хакем түсіп жатыр. Астындағысы редакцияға биыл берілген бесікшесі бар үш доңғалақты су жаңа «Урал» мотоциклі.
– Әлгінде Қожахметтерден сендердің осында жатқандарыңды естіп, соға кетейін, әрі қарияға сәлем берейін деп келдім, – деп тұр. Қожахметі ұжымшар төрағасы Әбішев, бұған немере туыс көрінеді. Ол да Қанайдың бір тұяғы.
– Хош келдің! Қон, қой алдырайық, – деп әкем бәйек.
– Жоқ, рахмет. Анау Ақан ауылында бір шаруам бар еді. Ерте күнді кеш қылмай, соны жайғап қайтайын, – деп, Хакең Ғайнижамал ұсынған бір кесе қымызды бір-ақ төңкеріп, орнынан тұрды.
– Зерігіп құр жатқанша, мен де серік боп сізбен барып сергіп қайтайын, – деп мен де бірге аттандым. Бірер жерге соғып, шаруасын тындырған соң, кері қайтуға оқталған Хакеңді мен бөгеп:
– Ақан ауылына келген соң жыр жырлап, ән тыңдамай қалай кетеміз, – деп, біраз қисса білетін, әсіресе «Алпамыс батыр» жырын жақсы айтатын Рахымбек ағаның үйіне бастап бардым. Екі бас қана зерігіп отырған ерлі-зайыптылар қуанып қалды. Қазан көтертпей, шайға ғана қарап, Рақаңа бір қисса айтқызып, Дәметке ән салдырып қайтамыз деген пақырлар май салған шайды сораптап, шайқалған шарапты сіміріп, кеш батқанын білмей қалыппыз. Содан ымырт үйіріле жолға шыққан біз ауылдан екі шақырымдай еңісте ағып жататын Сарыөзектің өткеліне келіп баттық та қалдық. Моторына су кетіп мотоцикл сөнді. Аяқкиімді шешіп, балақты түріп, көлікті судан әрең шығардық. Шығарғанымыз не керек, моторына от алдыра алмадық. Содан зілдей пәлені сүйреп, біріміз артынан итеріп, түннің әлдебір әлетінде Жылымдыға әрең жеттік. Ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, бағанағы тыңдаған ән-жырымыз қайда кеткенін білмей де қалдық. Тек өткелден аман шыққанымызға тәуба дедік. Желкілдеткен жастық желік-ай десейші! Сол түнімізді еске түсіріп, ішек-сілеміз қата күлуші едік-ау кейін.
Шіркін, сол өмір жалғасын тауып, созыла түскенде жағдайымыз қандай болар еді, тағдырымыз қалай қалыптасар еді?! Нақұрыс Никитаның басы-аяғы жоқ шым-шытырық реформалары Арқадағы қазақ басылымдарына ажал оғы боп тиіп, қазақ қаламгерлері қаңғырып қалды ғой. Бағым жанып мен Алматыға жетіп үлгердім. Хакең бастапқы мамандығына оралып, Шортан (Щучье) қаласындағы қазақ мектеп-интернатына басшы болып барды. Тағы да үдере көшу, тағы да алас-күлес. Осылай тоқырау дәуірін бастан өткіздік.
Тоқырау заманында мен де тоқырап, астаналық облыстың газетінде – сегіз жыл, «СҚ»-да он жеті жыл бас редактордың орынбасары болып, бір орыннан тапжылғаным жоқ. Бірақ, қадамым тоқырағанмен, қаламым тоқтаған емес, сан салаға сілтеніп жатты. Ұмыт қалған ауылдарды оятар қаулылар қабылдануына атсалыстық.
Хакең газетте жүргенде сырттай оқуға түскен Қазақ университетінің журналистика факультетінен қол үзген жоқ. Соңғы курстарын біздің үйде тұрып тәмамдады. Ақар-шақар отбасынан шыққан кісі емес пе. Біздің балалардың у-шуын елең қылған жоқ. Мемлекеттік емтиханды Күләндасын ертіп әкеп, бізде тапсырып, дипломын ойдағыдай қорғап шықты.
Жас ұрпақ тәрбиесін жақсы білетін білімгер, ауыл өмірімен етене қаламгер араға бірер жыл салып, Көкшетаудың облыстық газетіне бас редактордың орынбасары болып бекітілді. Қаланың қақ ортасынан көп бөлмелі қазыналық кең пәтерге кірді. «Ақпейіл, адал ниетімді Жаратқан ием бір иді. Бала-шағам кең жерде еркін көсіліп, қысылмай өсетін болды» деп Хакеңнің сондағы қуанғанына куә болғаным бар.
Алматыдан тағы да бір келгенімде Хакеңнің жүрегі сыр беріп, ауырыңқырап жүр екен. «Ең жақсы емші – туған жердің ауасы. Жүр кеттік, сол жаққа барып, сергіп қайтайық. Мәкеңдер ауылының қазіргі хал-жағдайын өз көзіммен көргім келеді» деп қолқалап, Зеренді жаққа тарттық. Осы жолғы жүрісіміз көңіл құрышын түгел ақтарып, ең ұзақ сырласқан сапар болды.
– Ал, кеттім әпербақандықтан ада, жер қозғалса қозғалмайтын, жарқылдаған жайдары жан едіңіз, жүректі қалай зақымдап ап жүрсіз? Соған тіпті сенгім де келмейді. Әлде қызмет бабында кінәрат бар ма? – деп сөзді мен бастадым сұрақпен.
– Жоқ, еш кінәрат жоқ. Қызметім ежелден илеп жүрген таныс терінің пұшпағы ғой. Ұжымдағы сый-құрметтен кенде емеспін, – деп бетіме бір қарап қойды да, ой желісін әрі қарай созды. – Бірақ, біздің жанұяның жағдайын өзің білесің ғой. Әже, шеше, әпке және келін – төрт түлік, төрт бірдей тағдыр. Олардың ортақ тіл табысуы үшін отиесінің айбыны мен айдыны керек. Үбір-шүбір өсіп келе жатқан балалар. Оларға қылдан тайғызбайтындай тәрбие беретін әділ де ақылман ұстаз әке керек. Ол үшін ұстараның жүзінде жүргендей бір жолдан таймауың, аумауың шарт. Балалық дегеннің не екенін білмей өскеніміз тағы бар. Бірде артылып, бірде тартылып қалатын тапшы тұрмыс тағы тұр. Осының бәрі жүрекке салмақ салмай қоя ма?! Жалын атып жүрген жасырақ кезіңде оны елемейді де екенсің, ескермейді де екенсің. Ал, жас ұлғая келе ымшық-шымшықтың бәрі сыртқа теуіп, сыбыссыз сырқат болып бас салатын көрінеді, – деп, терезеден толқындай тербеліп, кейін зырлап көшіп жатқан қарлы далаға қарап, үн-түнсіз отырып қалды.
Әкесіз өскен бұл түгіл, алапат аштықтан кейінгі алғашқы төл боп өмірге келген біз де бақытты балалық дегеннің не екенін білгеміз жоқ. Хакеңнің әкесі Қасым намысын қолдан бермейтін, анау-мынауға иілмейтін біртоға, бірбет жігіт екен. Қажының немересі, әлеуетті әулеттің бетке ұстары ретінде шолақ белсенділердің көз құртына айналып, қуғын-сүргінді көп көріп, өмірден тым ерте өткен. Жастай жесір қалған шешесі тұла бойы тұңғышын енесіне тастап, бөгде біреуге тұрмысқа шығып кеткен. Еті тірі, епсекті әже немересін басынан құс ұшырмай, тең-құрбысынан қалдырмай аялап өсіріп, алаңсыз оқытып, ел танитын азамат қатарына қосты. Хакеңнің оны әжеден гөрі анам деп ардақ тұтатыны содан болар. Ал, туған шешесі кейін қосылған ері дүние салған соң, соқа басы сопайып, жалғыз ұлының қолына келді. Бақпаса да тапқан анасы емес пе, төрге шығаруға тура келді. Тәп-тәуір тұрмыс құрып, тату бір отбасының ұйытқысы болып отырған әпкесі ауыр науқасқа шалдығып, аяқ-қолын қозғалта алмай сал боп, міндеті кісіге қарап қалған соң, оны да алып кеп бағып-қаққалы біраз жылдың жүзі болды. Қайтсін, әкесінің жан дегенде жалғыз қарындасы емес пе!
– Айтқандай, апайдың бір қызы бар сияқты еді ғой. Тауып табысқан шығарсыздар?
– Иә, сенің сілтеуіңмен әдейі іздеп барып, жездейге мән-жайды түсіндіріп, алып кеп, туған анасымен табыстырғанмын.
– Адасқан ана мен баланы қауыштырып, үлкен сауап алған екенсіз.
– Ол сауап маған емес, саған тиесілі, бауырым, – деп бетіме күле қарады ол.
Шындығына келгенде Хакеңнің сөзінде жан бар. Баяғыда Көкшетауда жүргенде іссапармен Еңбекшілдер ауданына барып, Құдықағаш ауылында болғаным бар. Ол жылдары журналистер ардагерлерді айналып өтіп, саудагерлерді сағалап, еңбеккерлерді ғана іздейтін әдеті еді ғой. Мен де Салықбай деген озат шопанды іздеп барғанмын. Қоналқыға тоқтаған үйіміздің иесі:
– Салықбайды қайтесің. Өмір-бақи қой соңында салпақтаған ол сорлы ештеңе айтып жарытпас. Осында оның жамағайын туысы бар. Кезінде болған кісі. Оның жай-жапсарын сол жақсы біледі. Соған жолыққаның жөн, – деді.
Нұсқаған адамы шынында да сыры кеткенмен, сыры кетпеген сырбаз, зиялы зейнеткер екен. Арғы-бергі ел тарихын, өңір шежіресін тәуір білетін сауатты, қазіргі күннің оқиғаларына өзіндік пікірі бар салиқалы кісі көрінеді. Жері шұрайлы, сулы, нулы бұл өңірді казак-орыс байлары билегенін, Салықбай солардың біреуінде батырақ болғанын, сол бейнетқорлықтан күні бүгінге дейін танбай келе жатқанын, бертін қоғам малын бағып, жаңа заманда адал еңбегімен абыройға бөленгенін бүге-шігесіне дейін түгел айтып берді. Өзі де кезінде МТС басқарған, партия, кеңес қызметін атқарған, шаруашылықтарға да жетекшілік еткен, көпті көрген, өткерілген кісі. Тек қана осындай ардагерлердің елге сіңген еңбегіне сай сый-құрмет көрмей жүргені өкінішті. Ол менен де сыр тартып, түп тегімді сұрауды ұмытқан жоқ. Сауалына білгенімше жауап бердім.
– Балам, сіздің жақта Жыланды болысын ұзақ жыл басқарған Өскенің Ыбырайы деген айыр тілді айтқыр адам болған еді. Соған бір қатысың жоқ па?
– Ол біздің жақын атамыз. Оның әкесі Өске мен менің бабам Есжан немере туыс. Ол кісіні біздің жақ «Ағажан» деп атайды. Әмеңгерлік салтымен ағасы Нұрханның жары Сұршақыз соған қосылған, – дедім.
– Бәсе, тегің дұрыс бала ғой деп отыр едім. Қателеспеппін. Әйтпесе сенің замандастарың әкесінен арғыны білмейді. Ақсақалдардан ат-тонын ала қашады, – деп риза боп қалды отағасы.
Шай үстінде дастарқан мәзірін әзірлесіп, ыдыс-аяқ әкеліп, шешесіне көмектесіп сұңғақ бойлы талдырмаш, аса бәденді, бота көз бір бойжеткен жүрді. Өз басым қабағынан бір кірбің, жанарынан мұң байқағандай болдым. Кейін меншікті тілшіміз Қажыбай Қоңқақовтан сұрағанда ол «Бұл – үй иесінің алғашқы жарынан қалған жалғыз қызы. Екінші әйелі бала көтермеген сияқты. Бастапқы зайыбы Баян Жанғаловтың қарындасы дейді. Ауыр науқасқа шалдығып, миына қан құйылып, аяқ-қолы істемей, сабыты кісіге түскен соң төркін жұрты алып кетсе керек» деді. Көп ұзатпай осы жайды Хакеңдерге жеткізіп, аты-жөнін айтып, мекен-жайын берген мен едім.
– Ал, айдың-күннің аманында қалай инфаркт алып қалып жүрсіз? – деп әңгімені қайта тірілттім.
– Оған енді өзім кінәлімін. Және оны ауруханада жатып алғанымды айтсайшы. Түнде жүрегім қысқанда «Бейшаралар күні бойы зыр жүгіріп жүр ғой, демалып жатқан шығар» деп аяп, не кезекші дәрігерді, не медбикені шақырмай, естен қалай танып қалғанымды білмеймін. Таң алдында әрең тірілтіп алды ғой.
– Біреулерді аяймын деп өзіңіз майып боп кете жаздапсыз ғой. Әй, тірідей терісін сыпырып жатқанда ыңқ етпейтін көкбөрінің ұрпағы-ай!.. – деп күлдім.
Сөйтіп, аудан орталығына соқпай, нөкер ертіп жүрмейік деп Мәлік Ғабдуллин атындағы кеңшарға келіп бір-ақ тоқтадық. Батырдың мектептегі мұражайына кіріп, жұмысымен танысып, жәдігерлерін тамашалап, мұғалімдермен әңгімелесіп, даңқты жерлестерін ұмытпай, аруағын ардақтап жүргендеріне разылық білдіріп, кері қайттық. Жолай Мәкең мен Мыңбай ағаның кіндік қаны тамған Қойсалғанға соғып, онда да асқа қарамай, жедел аттанып, кіші бесін кезінде Хакеңнің өзі туып-өскен Жамантұзына келіп ат басын бір-ақ іріктік.
Қойсалғаннан қарадай қарнымыз ашып, көңіліміз құлазып қайттық. Ауыл деген аты ғана, қиқайып-шиқайып бес-алты үй қалған. Солардың біреуінде ғана батырдың қаладан көшіп келген немере қарындасы тұрады екен. Жолдасы Қабдөш «Қойсалғанның қазіргі шырақшысы мен» деп күледі. Мектебі, кітапхана, клубы, жаңа жобалы он-он бес еңселі үйі бар жаңа Қойсалған облысты екі-ақ жыл басқарған Мақтай Сағдиевтің тұсында жаңғыртылып, жаңадан салынған Ақан сері, Кенесары, Сырымбет ауылдарымен бір мезгілде бой көтерді ғой.
Жол-жөнекей менің ойыма сүйікті ұстазым, математика профессоры Мыңбай Ысқақов ағамыз орала берді. Оны жасырмай Хакеңе де айттым.
– Әйгілі батыр, әйдік ғалым, академик Мәлік Ғабдуллин ұмытылмай, қашанда ұлықтала беретініне еш шүбә жоқ. Атында ауылдар, көшелер, мектептер, шаруашылықтар бар. Ал, інісі Мыңбай кімнен кем. Майталман математик қана емес, білгір жылнамашы, білікті жұлдызшы, тарих пен әдебиетті де терең білетін бесаспап ғалым еді ғой. Оған Мәкеңнің мұражайынан бір мүйіс те бұйырмай жүргені қынжылтады.
– Оның дұрыс, қынжылуың орынды, – деп құптады Хакең. – Шынында да Мыңбай аға еленіп, еске алынбай жүр. Әмбебап десе әмбебап еді. Шығыс ғұламаларын да ондай білетін ғалым кемде-кем. Жарықтықтың жады қандай жарқын еді десейші! Бірде маған бір қызық әңгіме айтқаны бар.
…Баяғыда, Көкшетауда оқығанда, ол Меңдібай деген татардың үйінде тұрыпты. Белгілі жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Сабыр Шарипов оның досы екен. Сабыр қыста да қалпақ киіп, төплимен ғана жүретін көрінеді. Сақылдаған сары аязда да сол әдетін өзгертпесе керек. Досы келе жатқанын байқап қалған үй иесі шәкіртке қақпаны жауып, ілгешегін сала қой дейді.
Сабыр келсе, есік жабық. Қолындағы таяғымен қақса, ешкім ашпайды. Ана жақтан «Бұл кім, әй» деп қоя салады. Қызылшұнақ аяз қысып барады. «Бұл кім, әй» қайталана береді. Сонда Сабыр:
Қазақтың Шәріпұлы Сабырымын,
Башқұрттың бас білмейтін шадырымын.
Татарым, өлтірмесең есігіңді аш,
Балташы Меңдібайдың тамырымын, –
депті табанында суырып салып. «Е, бәсе» деп есікті ашып, досын құшағына алады Меңдібай.
– Бір ауыз өлеңге бәрін сыйғызған Сабыр қандай шебер, ә?– деп ағаның басын шайқағаны күні бүгінгідей көз алдымда. «Жарықтық, жеке мұрағатын ақтарса, талай құнды дүниелер шығатыны шәксіз» деп аяқтаған еді әңгімесін Хакең.
Осындай ұрымтал дүниелерді ұмытпай, жадында сақтап жүретін Хакімтай ағаның зердесі де зерлі еді. Әттең, соларды қағазға түсіруге үлгермей кетті-ау әзиз дос, абзал азамат!..

Сарбас АҚТАЕВ,
ардагер журналист, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері
Алматы.

Суретте: көкшелік белгілі қаламгерлер Рауф Ақбердин, Естай Мырзахметов және Хакімтай Әміров (оң жақта).

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *