Екінші ұстаз

Тәңір берген тамырды емген Түріктің,
Тарихына тамсануға туыппын.
Ұрық шашқан ұлы дала төсіне,
Әбунасыр, бізден саған жуық кім?

Екінші Ұстаз – ел Түріктің тұңғышы,
Сені білген бізді келер білгісі.
Сенің жайған кең жаһанға ғылымың,
Көктен қарау, жерден көру дүрбісі.

Ғалам саған жайылғанда кілем боп,
Сол кілемге салдың өшпес ұлы өрнек.
Өзің қадап аспаныңның жұлдызын,
Сол аспанға тұрсың әлі тіреу боп.

Сенің даңқың жанымыздың сауғасы,
Сенің үлгің даналықтың арнасы.
Жадымыздан өшіре алған жоқ ешкім,
Бүгінгі жыр өз жырыңның жалғасы.

Бүгінгі ән, бүгінгі күй, ол дағы,
Сенің ғазиз жүрегіңнің толғауы.
Қара тас та қазақ аты жазылған,
Бар түрікке мақтаныш боп орнады.

Жиһангезі болып ұлы мұраттың,
Сапарыңды ғасырларға ұзарттың.
Бар адамзат адамдықты таныды,
Сәулесімен сен ұстатқан шырақтың.

Отырардың опат болған көп таңы,
Жоқ қаланы есіміңмен жоқтады.
Сен суретін салып кеткен санада,
Өшпей жанды ізгі қала оттары.

Қобызымды шалсам көне сарынға,
Сенің рухың самғар ғалам шарында.
Шыққан ізің жағасында Арыстың,
Отырардың кітапханаларында.

Шыққан ізің Сырды бойлап Нілді өрлеп,
Ғылым іздеп азап кешкен күндер көп.
Бағдат, Мысыр, Шамға сапар шектің сен,
Шекпеніңнің омырауына құм кеулеп.

Мойындатқан Алеппо мен Ұрымды,
Піріміз сен, діліміз сен бұрынғы.
Құдіретті жаратқаннан бір үлгі,
Жазған саған мәңгі өмір сүруді.

Күллі адамзат, бүкіл ғылым әлемі,
Сенің алтын тамырыңмен мәуелі.
Бүгін төрін табу үшін қазақтың,
Саған сәлем беру керек әуелі.

 

 7 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар