Карантин талаптарын сақтау – міндет

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкшетау қаласының бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов облыс орталығындағы мобильдік топтардың жұмысы туралы айтып берді.

Өкінішке орай, Көкшетау қаласында коронавирус жұқпасының таралуы бойынша жағдай тұрақсыз. Қалада пандемия басталғалы 3970 адамда коронавирус лабораториялық жолмен расталған, 42 адам індеттен көз жұмған. Ауырғандардың басым көпшілігі 18 бен 60 жас аралығындағы адамдар.

2021 жылдың басынан бері облыс орталығында лабораторлық жолмен расталған 614 жағдай тіркелді. Стационарларда 535 науқас ем қабылдауда, 255 науқас медициналық көмекті үйде амбулаторлық түрде алып жатыр. Соңғы тәулікте 88 оқиға анықталыпты.  Соңғы аптада дерт жұқтырған 330 жағдай тіркелген. Оның алдында 284 оқиға болған. Бұдан қала тұрғындары арасында дерттің өрши түскені анық аңғарылады. Індеттің мектеп оқушылары арасында таралуына ұдайы мониторинг жүргізілуде. Пандемия басталғалы 154 оқушының ауырып қалғаны белгі болды. Жаңа оқу жылында 137 жағдай тіркелген, олардың 47-сі дәстүрлі түрде, 90-ы қашықтықтан білім алып жатқан оқушылар.

2021 жылдың 21 қаңтарындағы жағдай бойынша қалада індеттің 535 ошағы анықталған. Олардың 402-сі үй жағдайында болса, 88-і ұжымдық мекемелерде орын алған.

Эпидемиологиялық қызметтің хабарлауынша, науқастар індетті қоғамдық көліктерде, адамдар көп жиналатын орындарда жұқтырған. Сондықтан, Қанат Ысқақов алдағы апталарда автобустарға да мониторинг жүргізілетіндігін айтты.

–2020 жылдың шілде айынан Көкшетауда мобильдік мониторингтік топтар жұмыс істеп жатыр. Белгіленген алгоритм бойынша анықталған жағдайларды мониторингтік топ мүшелері үйлестіру орталығына хабарлайды. Облыс орталығында үйлестіру орталықтары үш емхананың базасында құрылған. Осы уақытқа дейін оларға карантин талаптарының бұзылғандығы жөнінде 36 төтенше хабарлама келіп түсті. 30 нысанда жүргізілген жоспарлы емес тексерістер кезінде заң бұзушылықтар анықталды.  Бүгінгі күнге дейін 1567 нысанға тексеріс жүргізілді, – деді Қанат Ысқақов брифинг барысында.

Бұдан әрі қаланың бас санитарлық дәрігері тұрғындарды карантин талаптарын сақтауға, өз-өздерін індеттен барынша қорғауға шақырды. Әсіресе, қоғамдық орындарға барудан бас тарту қажеттігін ерекше атап өтті.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар