Манастың ата тегі

(қырғыздың «Манас» эпосының Баянғали Әлімжанов жасаған қазақша нұсқасы)

Өткен жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде халықаралық Түркі академиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» атты алқалы жиын болып өтіп, онда белгілі манасшы Баянғали Әлімжановтың әлемге әйгілі қырғыздың «Манас» дастанының қазақша шығарылымы таныстырылған болатын. Сол жиында алқалы топ алдында сөз алған манасшының өзі: –Қырық жылдан астам уақыт бойы осы «Манас» жырын айтып келемін. Жырдың қазақша нұсқасын 67 күнде жазып шықтым, – деп атап көрсетіп еді. 2019 жылғы қараша айында Қырғыз елінде қазақ-қырғыз бас қосуы өтіп, халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ұйымдастырған осы бас қосуға Баянғали Әлімжанов та қатысқан еді. Баянғали алғаш қырғыздың атақты дастанын тәржімалау туралы ойдың өз басына сол кезде келгендігін айтады. «Ақын болу басқа өнер, ал, манасшы болу ол ежелден тәңірдің сыйы. Әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған жауһар мұра жас ұрпақтың игілігіне жарасын» деп атап көрсеткен екен газетімізде 2020 жылдың 26 қыркүйегінде Баянғали Әлімжановтың осы «Манас» жырының қазақша нұсқасына байланысты жарияланған мақаласында халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бауырымыз. Олай болса, біз бүгін Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде жерлесіміз Баянғали Әлімжановтың қазақ-қырғыздың мәдени және әдеби өмірінде үлкен елеулі оқиғаға айналған осы әйгілі «Манас» жырының қазақша нұсқасын жариялап отырмыз.

Манастың ата-тегін әр манасшы өзінше таратып айтқанымен, түп негізі бір. Айырмасы сол, бірінде айтылған кейбір аталар екіншісінде айтылмай қалады, енді бірінде тағы біраз аталарының аттары қосып айтылады. Басты желісі бойынша, түпкі атасы Қырғыз, одан Қарахан – Оғыз – Аланча – Байғұр – Бабыр – Төбей – Көгей – Ноғай – Жақып – Манас- Семетей – Сейтек болып жалғасады. Кейде: «Бойұн, Бойұн, Бойұн хан, Бойұн ханнан Шаян хан, Шаян ханнан Қарахан» деп те айтылады.
Басқы атасы бәрі хан,
Басынан құдай қолдаған,
Басып өткен жеріне,
Базарлы қала орнаған,
Түп атасы түгел хан,
Түбінен қыдыр дарыған,
Түнеп өткен жеріне,
Түпті мазар орнаған! –
деп, Манас батырдың арғы аталарының аруақты, текті, қасиетті адамдар болғанын айтады.
Көгейден 4 ұл болған: Ноғай, Нойғұт, Шығай, Шыйыр.Төртеуінің дәулеті көлдей толған. Ноғайдың балалары – Оразды, Үсен, Бай және Жақып. Жақыптың баласы Манас.
Ораздының он ұлы болған, бірақ даңқы шыққан атақтысы болмаған.
Үсен – Қақанға тұтқын болып айдалып кеткеннен кейін, қалмаққа сіңіп, Көзқаман атанады. Оның балаларының атағы шықпаған, содан Көзқаманның көп қаман деген жалпы атқа ие болған.
Байдың ұлы – атақты ер Бақай.
Нойғұттан – ақылман Ақбалта, одан атақты ер Шуақ тарайды.
Жақыптың ағайыны Ұлақ ханның баласы – атақты ер Сырғақ.
Бұлар Манастың аталас, жақын туыстары. Кейде бір-екі атаның орны ауысып айтылғанымен, эпос бойынша негізгі жүйесі осы.

Әлеуке ханның шапқыны
Ноғай хан болып тұрған заманда, қырғыздар дәуірлеп, өркендейді. Ноғай хан өлгеннен кейін, Әлеуке хан қырғыздарды шауып, тоз-тоз қылады.

Атасы Ноғай өлгенде,
Қара қытай, манжудан,
Әлеуке деген хан шығып,
Айбатынан жан шығып,
Қалың жатқан қырғыздың,
Кереге-уығын қиратып,
Келін-қызын жылатып,
Талдың бәрін сұлатып,
Тамның бәрін құлатып,
Ақыр-тақыр заманды,
Ел басына салғаны,
Алақандай қырғызды,
Тақыр шауып алғаны.

Жайнап жатқан қырғыздың,
Жаққан отын өшіріп,
Жалпы бәрін көшіріп,
Тозғындатып айдады,
Қайраттысын байлады,
Қарсы шыққан қайсарын,
Қанын төгіп жайғады,
Қара ормандай қырғыздың,
Қайдағы соры қайнады!

Әлеуке қылды зорлықты,
Жаздың күні болғанда,
Жалды байтал мінгізбей,
Күздің күні болғанда,
Құйрықты қозы жегізбей,
Үш үйліге бір қазан,
Жалғыз үйге қаратты,
Қарсы сөйлеп қойғанның,
Қолына шеге қадатты.
Қыстың күні болғанда,
Қыздан алым бастады,
Қызды қайтіп бердік деп,
Қанды жасы төгіліп,
Ата-ана жылап жатқаны.
Қорлығына шыдамай,
Қалтылдаған шал жылап,
Қайың жылап, тал жылап,
Қайраны жоқ ел жылап,
Қайыры жоқ бел жылап,
Күні-түні көп жылап,
Амалы жоқ қайран жұрт,
Өлейін десе өле алмай,
Өз жанын өзі қия алмай,
Қалды осылай қор болып,
Дұшпаны қалың, зор болып!
Қорлыққа шыдамай, қырғыздар бас құрап, көтеріліске шығады, қапысын тауып, жауға қатты соққы береді. Бірақ, қытайдан қалың әскер келіп, көтерілісті басып, қырғыздарды бұрынғыдан ары езіп, жанши түседі.
Басшылары Ақбалта,
Қара тілін қайрады,
Хан Әлеуке алдында,
Қайран ағаң сайрады:
– Менің сізбен шарпысып,
Шабысуға шамам жоқ,
Алысуға айлам жоқ,
Айдап кетсең, мал міне,
Ағызар болсаң, қан міне,
Күтіп алсаң бұқара,
Арғын, ноғай ел міне!

Балта мындай дегенде,
Әлеуке қату сөйледі:
–Не дейсің, бурут, не дейсің?
Саған жан сақтауға жер керек,
Алым алып тұруға,
Қазынаны жиюға,
Маған қалың қара ел керек!
Бұл Ораздының он ұлы,
Шатқалға жиған малы бар,
Шамасы келсе менімен,
Шабысам деген шағы бар.
Саған жер бермеймін қонысқа,
Біріңді айдап орысқа,
Біріңді айдап қазаққа,
Саламын сөйтіп азапқа!

Әлі жетіп қырғызға,
Әлеуке қорлық қылғаны,
Қорлығына шыдамай,
Алды кетті Бапанға,
Бірі кетті Алтайға,
Бірі қаңғып Қаңғайға,
Бірі қашты Еренге,
Біреуі түсіп кетті тереңге…

Айбаты күшті Әлеуке,
Тоз-тоз қылып қырғызды,
Тұс-тұсына айдады,
Олардан қалған балдарды,
Құлдыққа түгел салғаны.
Ноғай ханның ұлдары,
Үсеннің қолын байлады,
Орхонды көздей айдады,
Байдың қолын байлады,
Желпініс көздей айдады,
Ақбалта мен Жақыпты,
Ауылымен көшіріп,
Алтайды көздей айдады.

Ақбалта мен Жақыптың,
Екі қолы байлауда,
Екі көзі жайнауда,
Күресерге дәрмен жоқ,
Іш қазандай қайнауда,
Алпыс жайсаң, сан қалдай,
Жан-жағынан анталап,
Алдына сап айдауда.
Осылайша тоқтаусыз жүріп отырып, талай белден асып, талай суды кешіп, ақырында Ақдалаға жетеді.
Ай, жарықтық Ақдала,
Бабамыз басқан жер емес.
Жәдігер, шибей, көп қалмақ,
Атамыз көрген ел емес.
Жатқан екен Ақдала,
Талының басы иіліп,
Құмының үсті жиылып,
Жемісі жерде түйіліп.
Алмасы пісіп мол болған,
Жаңғағы пісіп сай толған,
Қызғалдақ шөбі қылқылдап,
Қымыздық пісіп былқылдап,
Орғыған бұлақ суы бар,
Көлшігі бар, сазы бар,
Бөлінген үйрек, қазы бар.
Басып адам келмеген,
Еркін екен жерлері,
Иен жатқан төрлері.
Шыбықтары шынардай,
Шынарлары мұнардай.
Шымшықтарын қарасаң,
Тау басында ұлардай.
Жыландарын қарасаң,
Тоғыз құлаш арқандай.
Кісі киік, түйе киік,
Адырында көп екен,
Ақдаланың аяғы,
Алтай деген жер екен.
Қара қалмақ, манжу жұрт,
Қайнап жатқан ел екен.
Міне, сөйтіп қырғыздар Алтайға жетеді. Осындағы қалмақ, манжумен қатар қонып, малын бағып, күндерін көреді. Бірте, бірте тілдерін үйреніп, шалдыр-бұлдыр сөйлесіп, араласып, құраласа бастайды.
Алтайдағы қырғыздың,
Ақылманы Ақбалта,
Қырғыздың бәрін жиғызып,
Көк бұқаны сойғызып,
Етіне жұртын тойғызып,
Көңілдерін торлаған,
Көп қапаны жойғызып,
Бала қаздай барқылдап,
Абаң Балта сөйлейді,
Ақ сақалы жарқылдап:
«О, балдар, қапаның бәрін қояйық,
Қайғырсақ та, күйсек те,
Қайра қырғыз табылмас,
Енді алтынның кенін ояйық,
Қайран жан өліп кеткенше,
Кенеліп әбден тояйық!
О, балдар, бел байлар бізде бел де жоқ,
Белге медет қылуға,
Белгілі қырғыз ел де жоқ,
Қалқа қылар ноғай жоқ,
Қашып кірер тоғай жоқ.
Қара қалмақ, манжудың,
Ортасында қалыппыз,
Кесуге тіккен бақ та жоқ,
Керіліп жатар шақ та жоқ,
Бұл жерді жерлеп, тұрысып,
Ғарып жанды бағалық,
Қара жерменен ұрысып.
Қара қалмақ, манжу жұрт,
Бұл аштық білмес ел екен,
Қырсықты шешсе жаратқан,
Дардайысып жатасың,
Алып қойған еңбектің,
Табағын тайға сатасың.
Еңбек қыл, балдар, еңбек қыл,
Ақыңды еңбек қайырар,
Арығаның семіріп,
Ашқан қарның тойынар!»
Балтаның зор ақылы бар екен,
Әулие тектес екен,
Осы сөзге көпшілік,
Ұйып қалған шағы екен.

Оған Жақып қосылып,
Сөйлеп кетті жосылып:
«Азып келген қырғыздар,
Ақбалта тілін алайық,
Ағызып терді маңдайдан,
Астықты мол ғып салайық,
Қайратты мықтап қылайық,
Қайғының бәрін қояйық,
Қара жерді біз биыл,
Кетпенменен ояйық.
Қылжиып бекер жатқанша,
Кенеліп биыл тояйық».

Осылайша барлығы,
Қызметке кірді жабылып,
Соқаларын сайласып,
Қос өгізін байласып,
Жердің бетін ашқызып,
Уыстап тұқым шашқызып,
Ақ бидай нанын шайнасып,
Есігінің алдына,
Алтыдан тұлпар байласып,
Атаны алты сан болды,
Сандығына сары алтын,
Толып көңілі жай болды,
Алтайда тұрып Жақыптың,
Алтыны жеті там болды,
Атағы шықты бай болып.
Қайғырып жүрді бірақ-та,
Бір балаға зар болып!

Таңғажайып түс
Бай Жақып баласы болмаған соң, ауық, ауық уайымға батады. Өзі қырық сегіз жасқа, бәйбішесі Шиырды елу жасқа келіп қалыпты. Тоқалы Бақдәулет Шаян деген қалмақтың қызы екен. Бір күні Жақып үйіне келіп, күңіреніп, мұңын шағады.
–Бермесе тәңір, шарам жоқ,
Жабдық салып, ат мініп,
Жаға салып, тон киіп,
Жанымда жүрер қарам жоқ.
Ажал анық, шара жоқ,
Аман жүрер сана жоқ.
Ақыретке бет алсам,
Атекелеп артымда,
Жылап қалар бала жоқ.
Алтын, күміс, пұл қалар,
Айдаған малға ие боп,
Алтайдағы құл қалар.
Әуелеп ұшқан ақ сұңқар,
Баптап салар кісім жоқ.
Жас күнімнен мал жидым,
Баламенен ісім жоқ.
Мал жиған ісім шала екен,
Дүние иесі бала екен.
Артыңда бала жоқ болса,
Дүниесі құрысын,
Бұзылып қалған қала екен.
Айтады бізді бар халық,
Бай Жақып болды қубас деп,
Қатыны мұның тумас деп!

Бай Жақыптың бұл сөзі,
Бәйбішені мұңайтты:
–Мендей құрған кемпірді,
Бейнетке құдай жаратты.
Елуге жасым жеткені,
Қашаннан бері түңілдім,
Есімнен бала кеткелі.
Еркелеткен тоқалың,
Ендігі тумай неткені?!

Ашуланды Бақдәулет:
–Неге бүйтіп тілдейсіз,
Мені сорлыны «нетті» деп!
Әпеке, сенің артыңнан,
Етегімнен қан шықпай,
Жолыңды қуып кеттім! – деп,
Бақдәулет шығып кеткені.

Мұны ұққанда бәйбіше,
Көзінің жасы төгіліп,
Буыны босап жығылды,
Жүк түбіне бүгіліп:
«Ұға көр, Құдай, зарымды,
Аман қылып шалымды,
Жасарта көр жанымды?!
Алла, берсең тілегім,
Аяман сенен барымды,
Төрт түлікті малымды!»

Жылап жатып бәйбіше,
Ұйқыға көзі батқанда,
Ақ сақалды бір адам
Пайда болды жанында:
–Паруардигар тәңірім,
«Жылама» – деді сіздерді,
Бұйырып мені жіберді.
Аяқтай мына ақ алма,
Әуелден шырын бал алма,
Алғын қолға, қарма деп,
Нәпсің өлсін, жалма деп,
Айтқанымды біл деді, –
Алпыс құлаш айдаһар,
Ат орнына мін, – деді.

Түсінде жеген ақ алма,
Құрсағына толыпты,
Алдындағы мінгені,
Айдаһар өзі болыпты,
Ашуланып оп тартса,
Ай-әлемді сорыпты.
Жақып та сол түні түс көреді. Оянған соң, бір-біріне түсін айтып береді.
–Түсімде бір құс алыппын,
Түменді жерге салыппын,
Қуқылықтап үн шықса,
Құстан басқа үні бар,
Құйрық, басы жалтылдап,
Қудан аппақ жүні бар,
Айбаттанып қараса,
Алып қарақұс сүрі бар,
Мамық жүні сары алтын,
Балақ жүні бәрі алтын,
Тамақ жүні тағы алтын,
Тегеуріні болат темір дейт,
Серпкені өлген себіл дейт,
Тұмсығы болат тұнжыр дейт,
Тырнағы болат қанжар дейт.
Жұпарменен жуылған,
Алпыс құлаш жібек бау,
Аяғына тағыппын,
Ай мұнарын жем қылып,
Аямай сыйлап бағыппын.
Күмістен бауды тағыппын,
Мәпелеп жүріп бағыппын.
Аспандағы қанатты,
Айбатынан ұша алмай,
Жерде жүрген аяқты,
Жылыстап одан қаша алмай,
Қонарға тұғыр жайладым,
Алаша мойын ақсұңқар,
Оған қоса байладым,
Білдім бір жақсылық боларын,
Бірақ қашан боларын,
Біле алмай сорым қайнадым!»
Сонда Жақыптың тоқалы Бақдәулет те түс көрген екен. Ол да түсін айтады.
–Байқасам, байым, түс көрдім,
Бір тамаша іс көрдім.
Бозала тұйғын, бауы жез,
Бауыры қара, мойны кез,
Оң қолыңа алыпсың,
Әуелете салыпсың.
Бопыладың, үндедің,
Талпынып қонды қолыңа,
Салғаныңның барлығы,
Далдайып жатты жолыңа.
Бәйбішеңнің үйінде,
Балдағы алтын тұғырда,
Басса қонбай талпынат.
Қанатының лебіне,
Қанша жандар шарпылат.
Құп айтамын, жалған жоқ,
Қу кемпір құры қалған жоқ.
Мұным қандай түс екен?!

Барқырады бай Жақып:
«Көрген болсаң түсіңді,
Оңдасын Алла ісіңді.
Бүгінгі түнім қандай түн?
Кешегі күнім қандай күн?
Тақатым қалмай бойымда,
Әр неме кірді түсіме,
Айран-асыр боп тұрмын,
Кемпірдің айтқан ісіне.
Біразырақ мал сойып,
Жорытсақ деймін бұл түсті,
Жаратқан өзі жар болып,
Көңілге келген жұмысты!»
Содан біраз мал сойып, ел-жұртты жиып, түсін жорытады. «Түсің жақсы екен. Көрген құсың бала болу керек! Құдай сендерді жарылқап, ерекше жақсы бала береді екен!» – десіп, көпшілік жақсыға жорып, батасын беріп тарайды.
Батырдың
дүниеге келуі
Одан кейін екі жыл өтеді. Шиырдының аяғы ауырлап, үш ай толған кезінде жолбарыстың жүрегіне жерік болады. Бір күні Бадалбай деген жылқышы: «Қаңғайдың қара мергені жолбарыс атып, терісін сыпырып алды, еті зыңқиып қатып, далада қалды!» – деген әңгіме айтады. Шиырды оған қарақұлақ үлкен жамбы әкеліп сыйлап: «Жолбарыстың жүрегін әкеліп бер!» – дейді. Бадалбай барып қараса, далада бір бие өліп қалған екен, «бәйбіше білер ме екен?» – деп, жолбарыстың жүрегіне қосып, оның да жүрегін алып келеді. Жылқышы әкелген бойда, Шиырды екі жүректі де шала-пұла пісіріп жеп, талғағы басылады.
Күннен күн өтіп, тоғыз ай он күн толғанда толғағы басталады.

Ақ боздан бие сойылды,
Алтыннан бақан қойылды,
Қоңсының бәрі жиылды,
Қозғалған сайын бәйбіше,
Айғайын салып, сиынды.
Бала қойса шіреніп,
Бәйбіше бойы терледі,
Бала тулап кеткенде,
Бәйбіше көзі сүзілді,
Белдемшенің жақасы,
Бес жерінен үзілді.
Алып келіп ер Жақып,
Ақсарбас деп қой шалды,
Ай тұяққа бие шалды,
Ай мүйізге сиыр шалды,
Айыр өркешке түйе шалды,
Сөйткен сайын бәйбіше,
Айғайға басып, үн салды:
«Менің жанымды жеуші бала ма?
Жә, жарып іштен ала ма?
Бұл басымды жеуші бала ма?
Бай Жақып жесір қала ма?»
Бақанды қармап бақырды,
Бақсы менен бүбіден
Бірін қоймай шақырды,
Түндікті қарап түйілді,
Көргендер жаннан түңілді,
Алты күн тартты толғағы,
Ауылы шаршап болғаны,
Жеті күн тартты толғағы,
Жерлесі шаршап болғаны.
Сонда, бай Жақып: «Балам туғанда, қуанғаннан жүрегім жарылып кетіп жүрер. Хабарын алыстан ұғайын! – деп, атқа мініп, адырға шығып кетеді. –Ер бала болса, сүйіншілеп шабыңдар, қыз болса, үйде қалыңдар!» – деп, шегелеп тапсырады.
Толғағы сегіз күн болған,
Толғатқан мұндай кім болған?
Тартқандардың барлығы,
Талықсып қолы қыл болған.
Енді он екі қатын бек тартты,
«Бере гөр, құдай!» – деп тартты.
Қағанақ суы шар етті,
Баланың үні бар етті.
Бала жерде тулады,
Бар-бар етіп жылады.
«Еркек пе екен, қыз ба екен?
Маған қашан айтат ?» – деп,
Енесі жасын тыймады.
«Еркек! Еркек!» – дескенде,
Талықсып кетіп Шиырды,
Бойын жиып қайтадан:
«Қалтаңдамай қатындар,
Жерден алғын тез, – деді,
Ақбалтаның зайыбы,
Кіндігін өзің кес!» – деді.

Орамалын қолға алып,
Орайын десе баланы,
Оң қолын суырып алғаны.
– Ойбай көтек, нетті! – деп,
Отыздағы жігіттей,
Қолын суырып кетті! – деп,
Қанымжан айта салғаны.
– Сөзің қандай жаман! – деп,
Ұстауға әлің келмесе,
Сен қашып жоғал аман! – деп,
Бақырып жатқан баланы,
Бақдәулет қолға алғаны.
Он бестегі баладай,
Көтергенде салмағы.

Алдына алып Шиырды,
Оң емшегін салғаны,
Әуелгісі сүт шықты,
Екіншісі су шықты,
Үшіншісі қан шықты.
Шыдай алмай шырқырап,
Бәйбішеден жан шықты.

– Сандық тола май, – деді,
Ауызына сал деді.
Бақдәулет қолға алғаны,
Үш қарын майды уыстап,
Ауызына салғаны.
Жаңа туған жас бала,
Соның бәрін жалмады,
Жылауын сонда қойғаны!
(Жалғасы бар).

 

– Арыстаным Жақып, сүйінші!
Қарығанда бәйбіше,
Қабылан тапты, сүйінші!
Жадағанда бәйбіше,
Жолбарыс тапты, сүйінші!
Жоғаларда бәйбіше,
Жолдас тапты, сүйінші!
Егілгенде бәйбіше,
Ермек тапты, сүйінші!
Қайғырғанда бәйбіше,
Қабылан тапты, сүйінші!»
Сонда Жақып талып қалады. Ақбалта оның бетіне су бүркіп, есін жиғызады. Сүйіншіге Қамбарбоздың үйірінен тоғыз атайды. Қуанып, үйіне келеді. Баласын қолына алғанда, жылап жібереді. Өзіне өзі келген соң, сәбиге сынай қарайды.
–Маңдайы жазық, басы үлкен,
Ерекше туған бала екен,
Қошқар тұмсық, келбетті,
Көркі суық, көзі тік,
Жалаяқ ауыз, жар қабақ,
Жағы жазық, иегі ұзын,
Ерні қалың, көзі үңгір,
Ер мінезі көрінген.
Алақан жазық, қол ашық,
Аттанып шықса, жол ашық,
Алып мінезі көрінген.
Кең көкірек, жайық төс,
Арқасы кең, белі түз,
Айбаты қатты, зәрі күш,
Піл мүшесі көрінген.
Жолбарыс мойын, жуан білек,
Бөрі құлақ, жолбарыс төс,
Бөлекше түрі бар екен.
Құт қылған болса құдайым,
Құдайдан жасын сұрайын.
Кеткеннен алар кегімді,
Кек алғанын көрермін,
Кетірмесе ебімді.
Өткеннен алар өшімді,
Бар құдайым берген!» – деп,
Баланы өпті бетінен.

Көргеннің көңілі бөлінді,
Арт жағында баланың,
Қара көк жалы көрінді,
Қара шұбар қабылан,
Қапталында шабынды,
Көсеу құйрық көк арыстан,
Оң жағында қамынды.
Нұр төгіліп жолына,
Баланың «Манас» деп аты табылды.
Ақыл жетпес ойланып,
Туылған бала Манастың,
Оң иығынан бір иіскеп,
Сол иығынан бір иіскеп,
Күр-күр етіп толғанып,
Берен менен арыстаны,
Қоса жатты қомданып.

Саратандай қиғаштап,
Ағаң Балта кеп бастап,
Ақырын айтып, бек бастап:
«Сарғайып жүріп, сабырмен,
Бел табады екенбіз,
Кіндік кесіп, кір жуған,
Жер табады екенбіз,
Пана беріп жаратқан,
Ел табады екенбіз.
Білсең қадыр түн келді,
Ойлап көрсең сен Жақып,
Бізге бір жақсылық тиер күн келді.

Туылғанда қара жер
Тоқтала алмай тербелді,
Аты Манас бұл бала,
Байқасаң бізге шер келді.
Кеше салысарға шама жоқ,
Алысарға айла жоқ
Қара қалмақ, көп манжу,
Төбемізден басқанда,
Кеше быт-шыт қылып тұс-тұсқа,
Бәрімізді шашқанда,
Амалсыздан көнгенбіз,
Басқа түскен қорлыққа!
Осы бір бала ер жетсе,
Бекіте тұрған бел болар.
Керісе келген дұшпаннан,
Кегіңді алар ер болар!
Ағарып таңың атты ма?
Қызарып күнің келді ме?
Аты бір Манас қабылан,
Айкөлді құдай берді ме?
Қуанған Ақбалта ары қарай сөзін сабақтап: «Қытайдың Есен ханына қазыналық аярлары: «Қырғыздан Манас шығады, еліңе ойран салады!» – деп бал ашыпты. Олар баланы зынданға салуға, тіпті, көзін жоюға тырысып, іздетіп жатыр екен. Сондықтан, әзірге баланың Манас екенін ешкімге білдірмейік. Шоң Жынды деп лақап атпен атайық. Он екі жасқа келгенде қанаты қатайып, атқа қонар, сол кезде күніміз туар!» – дейді.
Сөйтіп, барлық қырғыздар уағдаласып, Манасты жаудан жасырып, келешегінен үміттеніп жүре береді.

Бұл кезде Жақып далада келе жатса, өзінің бір үйір жылқысы алдынан шыға келеді. Жорғабоз айғырдың үйірі екен, бір Құла бие құлындайын деп тұр екен. «Қатыным ұл туса, Жорғабоз айғырды бұдан былай Қамбарбоз атқа қояйын!» – дейді ішінен. Құла бие бір ақсұр құлын туады. Соған қарайлап, қара судың жиегінде тұрған кезінде, сүйіншілеп Ақбалта шауып келеді.
– Арыстаным Жақып, сүйінші!
Қарығанда бәйбіше,
Қабылан тапты, сүйінші!
Жадағанда бәйбіше,
Жолбарыс тапты, сүйінші!
Жоғаларда бәйбіше,
Жолдас тапты, сүйінші!
Егілгенде бәйбіше,
Ермек тапты, сүйінші!
Қайғырғанда бәйбіше,
Қабылан тапты, сүйінші!»
Сонда Жақып талып қалады. Ақбалта оның бетіне су бүркіп, есін жиғызады. Сүйіншіге Қамбарбоздың үйірінен тоғыз атайды. Қуанып, үйіне келеді. Баласын қолына алғанда, жылап жібереді. Өзіне-өзі келген соң, сәбиге сынай қарайды.
– Маңдайы жазық, басы үлкен,
Ерекше туған бала екен,
Қошқар тұмсық, келбетті,
Көркі суық, көзі тік,
Жалаяқ ауыз, жар қабақ,
Жағы жазық, иегі ұзын,
Ерні қалың, көзі үңгір,
Ер мінезі көрінген.
Алақан жазық, қол ашық,
Аттанып шықса, жол ашық,
Алып мінезі көрінген.
Кең көкірек, жайық төс,
Арқасы кең, белі түз,
Айбаты қатты, зәрі күш,
Піл мүшесі көрінген.
Жолбарыс мойын, жуан білек,
Бөрі құлақ, жолбарыс төс,
Бөлекше түрі бар екен.
Құт қылған болса құдайым,
Құдайдан жасын сұрайын.
Кеткеннен алар кегімді,
Кек алғанын көрермін,
Кетірмесе ебімді.
Өткеннен алар өшімді,
Бар құдайым берген!» – деп,
Баланы өпті бетінен.

Көргеннің көңілі бөлінді,
Арт жағында баланың,
Қара көк жалы көрінді,
Қара шұбар қабылан,
Қапталында шабынды,
Көсеу құйрық көк арыстан,
Оң жағында қамынды.
Нұр төгіліп жолына,
Баланың «Манас» деп аты табылды.
Ақыл жетпес ойланып,
Туылған бала Манастың,
Оң иығынан бір иіскеп,
Сол иығынан бір иіскеп,
Күр-күр етіп толғанып,
Берен менен арыстаны,
Қоса жатты қомданып.

Саратандай қиғаштап,
Ағаң Балта кеп бастап,
Ақырын айтып, бек бастап:
«Сарғайып жүріп, сабырмен,
Бел табады екенбіз,
Кіндік кесіп, кір жуған,
Жер табады екенбіз,
Пана беріп жаратқан,
Ел табады екенбіз.
Білсең қадыр түн келді,
Ойлап көрсең сен Жақып,
Бізге бір жақсылық тиер күн келді.

Туылғанда қара жер
Тоқтала алмай тербелді,
Аты Манас бұл бала,
Байқасаң бізге шер келді.
Кеше салысарға шама жоқ,
Алысарға айла жоқ
Қара қалмақ, көп манжу,
Төбемізден басқанда,
Кеше быт-шыт қылып тұс-тұсқа,
Бәрімізді шашқанда,
Амалсыздан көнгенбіз,
Басқа түскен қорлыққа!
Осы бір бала ер жетсе,
Бекіте тұрған бел болар.
Керісе келген дұшпаннан,
Кегіңді алар ер болар!
Ағарып таңың атты ма?
Қызарып күнің келді ме?
Аты бір Манас қабылан,
Айкөлді құдай берді ме?
Қуанған Ақбалта ары қарай сөзін сабақтап: «Қытайдың Есен ханына қазыналық аярлары: «Қырғыздан Манас шығады, еліңе ойран салады!» – деп бал ашыпты. Олар баланы зынданға салуға, тіпті, көзін жоюға тырысып, іздетіп жатыр екен. Сондықтан, әзірге баланың Манас екенін ешкімге білдірмейік. Шоң Жынды деп лақап атпен атайық. Он екі жасқа келгенде қанаты қатайып, атқа қонар, сол кезде күніміз туар!» – дейді.
Сөйтіп, барлық қырғыздар уағдаласып, Манасты жаудан жасырып, келешегінен үміттеніп жүре береді.
Қазақша нұсқасын жасаған
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

Қазақша нұсқасын жасаған Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар