Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сырлы саздың сиқыры - АРҚА АЖАРЫ

Сырлы саздың сиқыры

(Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі туралы бір үзік сыр)

Сахнада оркестр. Көрермендер залы сілтідей тына қалған. Қара фрак киген дирижер қолындағы таяқшасын қозғап қалғаны сол еді, құдіретті бір үн сахнаны кернеп ала жөнелді. Баяу басталған әуез біртіндеп екпін алып, сан түрлі музыкалық аспаптардың үнімен ұласып, еркін көсіліп жүре бергені. Сиқырлы саздың теңіздей толқыған тұтас ырқы көрермендерді де еліктіріп, өз тереңіне қарай тарта бастаған. Міне, күй – құдірет! Қоңыр домбыраның шанағынан шыққан қайсар үн қара қобыздың зарлы, мұңлы дыбысымен астасып, арасында шертер мен сырнайдың сызыла үн қатқан нәзік бояуымен көмкеріліп, енді бірде ұрмалы аспаптардың дүрсілімен шектесіп, тұтас бір музыкалық әлемнің шебін құрғандай әсерде қалдырар еді. Әсіресе, мен үшін домбыра мен қобыздың орны бөлекше еді. Шешен домбыраның сағағында жүгіріп, пернелерді дөп басқан саусақтарға көз ілеспейді. Іліп, тартқан шектен күмбірлі үн ағыл-тегіл ақтарылып жатыр. Көз алдыңа қазақтың сары жайлау, самала даласы, дүркірей шапқан ақ жалды арғымақтар, шашақты найзасын қолына алып, еңку-еңку жер шалған апай төс батырлары елестер еді.

Сайын даланы, сахара шөлді зілмауыр санадан, саф алтын жүректен қоздай шыққан қоңыр үнімен оятып, бебеу қаққан сарынымен бетегелі белді самалдай өбіп, аққу-қазынан айырылған айдын көлді алай-дүлей сапырып, жусанды жуас даланың жұпар иісін аңқытып, боз даланың бой-бой ботасыз боз інгені болып боздаған, шемен болып қатқан шер көкірек дүниенің шерменде өткен мұң-шерін қозғаған, алағай да бұлағай болып Аспан астында Ай адасып, Күн тұтылған, телегей дария теріс аққан, тебіні қатты аттың тебінгісі теріс тағынған, ашулы аш бөрісі аспан Тәңірісіне қарап ұлыған, азулы да айбынды бек ұлдарының ұйқысы ұйқы, күлкісі күлкі болмаған бейопа жалғанның жарық дүниесінен талмаурап, талықсып, естілген бейуақ үн еді – бұл.
Ешкімнің ешқандай саз аспабына ұқсамай, қайталанбас үнімен үкілеген үкіні, сұңқылдаған аққуды, қаңқылдаған қазды, шаңқылдаған қыранды, боздаған ботаны, ұлыған бөріні, ұйтқи соққан боранды, үйіріп әкететін құйынды, үскірік желді, азынай ұрған ақ түтекті, ала шымылдық аптапты, ызыңдаған ырғайды, қалтыраған қамысты, қураған қурайды, шырылдаған сәбиді, шырқыраған дауысты, адам баласын аһ ұрғызған қазаны, аңыраған ананы айна-қатесіз елестетіп, қыл ішектің қияқпен қиысып кеткен нүктесінен шырайланған дүниенің ешкім айта алмаған шындығы болып естілген ащы үн еді ғой.
Бір сиқырлы таяққа бағынып, бір үнмен қоздаған тұтас оркестр тарихи бір кезеңді санада қайта жаңғыртқаны сонша тұла бойыңа еніп, ет жүрегіңді езіп, қаныңды тулатып, өксігі мен өкініші көп Махамбеттік ғұмырдың текті һәм өр бейнесін найзағайдың жарқылы іспетті жап-жарық етіп, күндей күркіретіп, дауылдай соқтырып сана түкпірінен алып шықты. Демін ішіне жұтқан көрермендер ұлы поэма аяқталғанда ғана уф деп ауыр дем алған болатын. Бұл күй – Нұр ағаның, Нұрғиса Тілендиевтің адуынды, атақты «Махамбет» поэмасы болатын. Ұлы шығарманы орындаған Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі болатын.
Кешегі Кеңестік кезеңдегі тың игеру науқаны солтүстік өңірлердегі жергілікті ұлт өкілі – қазақтардың азшылығына әкелгені рас. Қазақ мектептері мен баспасөздер жабылды. Ұлттық өнер қағажу көрді. Сонау замандарда сал-серілер сайран қылған өлкеде ұлттық музыка өнерінің жұрнағы да қалмады десе де болатын еді. Жалаң интернационализм мен жадағай нигилизм ұлттық өнердің аузына құм құйды. Тәуелсіздіктің арайлы таңғы атпағанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты еді. Елімізге есімі танымал белгілі музыкант, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткері Манарбек Бексейітов марқұмның тікелей мұрындық болуымен алғаш рет 1993 жылы облыстық филармонияда қазақ халық аспаптар оркестрі құрылған болатын. Жоқ жерден түрен салғандай болып, оркестрді төрт аяғынан тұрғызған Манарбек аға үлкен ізденістер мен қарбаластардың ортасында жүрді. Оркестр алғашқы концертін берді. Көкшелік көрермендер тік тұрып, қошемет қылды. Қуаныштарында шек жоқ еді. Өшкені жанғандай болды. Үлкен сахнада тұңғыш рет қазақ халық аспаптарының құйқылжыған әуені төгілді.
Оркестрдің алдағы абыройы мен жұмысын ойлаған Манарбек Бексейітов өзінің ізбасары ретінде белгілі музыкант Тұрлығожа Базаровты таңдап, дирижерлікке баулиды. Тұрлығожа Базаров 1995 жылдан бастап оркестрдің бас дирижері болып тағайындалады. Ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік оны да жайлып жатқызбады. Мамандығын жетілдіру мақсатымен Алматыға арнайы барып, ұстазы Нұрғиса Тілендиевтен дәріс тыңдап, ақ батасын алып келеді. Алдыңғы буын ағалар Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков те білгендерін үйретеді. Жаңа тыныс, тың қарқынмен келген бас дирижер оркестрдің төрт аяғын тең басуына ұзақ жылдар бойы аянбай тер төкті. Сөйтіп, өзі де, оркестр де биікке көтерілді. Ұлттық өнерге сіңірген еңбегі еленген Тұрлығожа Базаров «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған болатын. Аз жылдың көлемінде шығармашылық ұжым кәсіби музыканттармен толығып, аты елімізге танымал, айдарынан жел ескен айтулы оркестрге айналды. 2007 жылы оркестрге Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, даңқты жерлесіміз Кенжебек Күмісбековтің есімі берілді. Бұл да шығармашылық ұжым үшін үлкен мәртебе һәм зор жауапкершілік болды.
Жыл өткен сайын репертуар да сан мен сапа жағынан байып, молая түсті. Қазіргі таңда аталмыш оркестрдің шығармашылық бағдарламасында Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, Сүгірдің, Махамбеттің, С.Мұхамеджановтың, Н.Тілендиевтің, К.Күмісбековтің және тағы басқа да есімі елге танымал композиторлардың 700-ден астам шығармасы бар. Оркестрдің шығармашылық тынысы кеңейе түсті десе де болады. Өнерге де кеңістік пен уақыт керек. Томаға тұйық қалған өнер ешқашанда өрістеп дамымақ емес. Ол шығармашылық байланысқа қатысты екені даусыз. Осы жылдардың көлемінде оркестрмен танымал дирижерлар Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Айтқали Жайымов, Жанас Бекентұров, Жалғасбек Бегендіков және әншілер: Қазақстан Республикасының халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Ғафиз Есімов, Нұрғали Нүсіпжан, Моңғолия және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қабылаш Әбікейұлы және тағы басқа өнер майталмандары жұмыс істеді. Бұл бір жағынан ұжымның мерейін өсірді, танымалдығына жол ашты.
Осы жылдар аралығында Қазақстанның Астана, Петропавл, Қостанай, Павлодар қалалары мен Ресейдің Омбы, Сургут қалаларының талғамды көрермендері ұжымның шыңдалған кәсіби шеберлігіне, кең тынысты өрісіне жоғары баға беріп те үлгерген болатын. Тікелей оркестрдің қатысуымен Ақан сері, Біржан сал, Абай, Құрманғазы, Дина, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов сынды халық ақындары мен композиторларының мерейтойлық күндеріне арнап концерттер беру дәстүрге айналды.
Жергілікті композиторлардың шығармаларын насихаттау бағдарламасы барысында Иран Ілияшевтің, Кәрім Ілиясовтың, Манарбек Бексейітовтің, Құрмет Сахайдың, Маман Ементаевтың, Ермұрат Үсеновтің, Балнұр Қыдырбектің шығармашылық кештерін өткізуі де көкшелік көрермендерді риза еткен болатын.
жылы филармонияның 55 жылдығы мерекесі қарсаңында КСРО-ның халық әртісі Күләш Байсейітованың 100 жылдығына арналған «Қыз Жібек» операсының қойылымы филармонияның, оркестрдің шығармашылық мүмкіндігін көрсетті десе де болады. Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістерімен бірлесіп қойған операда филармонияның әншілері де тамаша өнер көрсетті.
жылы Астана қаласындағы Конгресс-холдың концерт залында өткен Абылай ханның 300 жылдығына арналған Ақмола облыстық филармониясының мерекелік гала-концертінде өнер көрсеткен оркестр астаналықтарға рухани қуаныш сыйлады. Өнерлерін паш етті. 2016 жылы Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның қатысуымен филармонияның 70 жылдығына арналған үлкен концертте К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті де шынайы өнердің үлгісін көрсетті. «Ақмола достарын шақырады», «Көкшетау – тал бесігім» секілді өнер фестивальдарының шымылдығы осы оркестрмен ашылып келе жатыр.
Оркестрдің сүйемелдеуімен филармонияның әншілері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Ш.Дүкімбаева, Ғ.Жұмекенова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері М.Бекмағамбетов, Г.Ахметова, Ж.Есов, жас әншілер В.Балиева, С.Бекмолдин, А.Қалмағамбетова, М.Хамит, Ф.Сағымбаевтар үзбей шығармашылық байланыста жұмыс істеп, ән салып келеді. К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі филармонияның белді, беделді шығармашылық ұжымының бірі. Әрбір концерт онсыз өткен емес. Ол – күллі ақмолалықтардың мақтанышы.
Құрамында кәсіби 45 музыкант жұмыс атқаратын ұжымның алар асулары әлі алда. Шығармашылық жағынан шыңдалу, жетілу олар үшін ең басты нәрсе. Оған қол жеткізетін фактордың бірі ұжымдағы тәртіп пен өзара түсіністік һәм бауырмалдық қатынас екені дау туғызбаса керек. Ең бастысы, саф өнерге деген кіршіксіз сүйіспеншілік.
«Оркестрді ешқашан ештеңемен алмастыра алмайсың. Әрқайсысы дара тұлға болып табылатын жүз адам бір дыбыс арнасына жиналып төгілгенде, жолындағының бәрін бұзып өтеді» деп Э.Артемьев дәл айтқан. Расында ол зор рухани күштің қайнар бастауы іспетті. Таңғажайып ұлы музыканың сиқыры сазынан құдіретті сірә да ештеме жоқ-ау, осы. Ол әр алуан музыкалық дыбыстардың өзара астасуы арқылы қыл ішектен өріліп шығып, мынау жалпақ әлемді өзіне баурап, ұйытып тұрғандай. Бейне бір ғарыштың үні дерсіз. Алпыс екі тамырыңды қуалаған нәзік те қуатты саз түгел бойыңды билеп, жұмақ әуенімен тербетіп, сені түпсіз терең тұңғиыққа қалай батырғанын сезбей қалар едіңіз. Өйткені ол – оркестрдің құшағынан ақ маржан толқындай лықсып шығып, жымдасып төгілген ғайып музыка болатын!
Ерболат БАЯТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар