Медициналық сақтандырудың маңызы артып келеді

2020 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналардың көлемі 550 миллиард теңгені, соның ішінде, Ақмола облысы бойынша 8,9 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әлеуметік медициналық сақтандыру қоры Ақмола облыстық филиалының директоры Әлия Жүсіпова айтып берді.

Өткен жылдың 1 қаңтарында елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Қазіргі уақытта қор тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бекітілген пакеттеріне сәйкес көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландырады.
Филиал директорының айтуынша, қор аударымдар мен жарналарды шоғырландырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алады. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жүйесінде медициналық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерін есепке алып, денсаулық сақтау субъектілерінің жасалған шарттық міндеттемелері бойынша көрсетілетін медициналық көмектің көлемі мен сапасына мониторинг жүргізеді.
–Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдар әрбір адамға қажетті медициналық көмек көрсетеді, сонымен қатар, қоғамдық маңызы зор ауруларды өз бақылауына алады. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласын тұрақты дамыту үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні облысымызда сақтандырылмаған адам саны 141 907-ні құрап отыр. Олардың көбісі Көкшетау, Степногорск қалаларының және Целиноград, Бурабай, Атбасар аудандарының тұрғындары. Сақтандырылған халық саны – 593 582 адам. Сақтандырылмаған адамдардың ең төменгі мөлшері Жақсы, Жарқайың, Біржан сал, Қорғалжын, Егіндікөл аудандарына тиесілі, – деді Әлия Жүсіпова.
Айта кетейік, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қаражаты есебінен медициналық авиацияны жұмылдыра отырып, жедел медициналық қызмет, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, амбулатория жағдайындағы медициналық көмек, стационарды алмастыратын жағдайдағы медициналық көмек, медициналық оңалту, паллиативті медициналық көмек секілді қызметтер көрсетіледі.
Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі қызметтерге амбулатория жағдайындағы медициналық көмек, жоғарыда айтылған кепілдендірілген көмек шеңберінде емделетін ауруларды қоспағанда, стационарды алмастыратын жағдайдағы медициналық көмек, сондай-ақ, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлануына әкеліп соқтыратын ауруларды емдеу үшін көрсетілетін үй жағдайындағы стационар қызметтері, стационарлық жағдайдағы медициналық көмек, медициналық оңалту, медициналық көмек көрсету кезінде қажетті дәрі-дәрмекпен және медицина бұйымдарымен қамтамасыз ету жатады.
2020 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналардың көлемі 550 миллиард теңгені, соның ішінде, Ақмола облысы бойынша 8,9 миллиард теңгені құрады. Қордағы қаражат халыққа көрсетілетін медициналық көмекке ақы төлеу үшін жіберіледі. Өткен жылы филиалдың медициналық қызметтерді сатып алу жоспары бойынша 49,9 миллиард теңгені құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,3 есе жоғары.
2020 жылдың қорытындысы бойынша амбулаторлық-емханалық деңгейде шамамен 1 миллион 429 мың медициналық қызмет көрсетілді. Емханалар арқылы көрсетілген консультативті-диагностикалық қызметтердің негізгі бөлігі медициналық сақтандыру есебінен төленген. 2021 жылы оңалтуды қаржыландыру көлемі республика бойынша 9 есе, облыс бойынша екі есе жоғары болады. 2021 жылы коронавирус инфекциясынан кейін аурулары асқынған емделушілерді оңалту үшін әзірше екі оңалту орталығы бар. Олар «Көкше» және «Бурабай» облыстық оңалту орталықтары.
Сондай-ақ, брифингте филиал директоры медицина қызметкерлерін ынталандыратын үстемеақы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында да төленетінін айтты. 2020 жылдың қорытындысы бойынша коронавирусқа қарсы күрес шараларына жұмылдырылған 3 мыңнан астам медицина қызметкеріне үстемеақы төленген. Жыл бойы бұл мақсатқа 4,7 миллиард теңге бағытталған.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар