Ұстаз бақыты

Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Рауза Бәйкенованың қоғамға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ұстаздық жолында мыңдаған шәкірттерге тәлімді тәрбие берсе, кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұсылман әйелдері лигасын құрып, тұтас ұлттың рухани жан-дүниесін байытуға қомақты үлес қосты.

1980 жылдардың басында Көкшетау қаласында жергілікті ұлт тілінде білім беретін мектеп екеу-ақ еді. Екеуі де білімнің қара шаңырағы. Соның бірі Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп пансионы еді. Жетімдер мен жартылай жетімдерге арналған білім ошағы. Әйтсе де, ата-анасы бар балалар да оқи береді. Ауылдан келген көгенкөздердің қала тіршілігіне үйреніп кетуі қиын. Міне, осы мектепте жұмыс істеген Рауза Ермұханқызы жүздеген баланың туған анасындай болды. Бұл сөзіміз әсіре мақтау емес, сол кезде осы мектепте оқығандықтан тұла бойынан әлдебір жылылық есіп тұратын, үнемі мейірімін төге, жанашыр сезіммен қарайтын апайдың бойындағы тамаша қасиеттерді танып өстік. Бала болған соң бас жарып, көз шығармаса да шылбыр үзетіндер табылады. Ондай сәтте көбіне кешіріммен қарайтын Рауза Ермұханқызының телі мен тентекті тәртіпке шақыруының өзі ерекше тұғын. Көптің көзінше жігерін жасытып, мұқалтпай, айтар сөзін жеке айтатын. Тіпті, түңіліп кеткеннің өзінде жер-жебіріне жетуден аулақ-ты. Ал, болашақты бажайлап, адам болудың жөн-жосығын санаңа құяр әдісі нағыз парасатты, адамгершілігі мол, кісілік келбеті кемел ұстазға тән еді.
Ұстаз деген жалғыз ауыз сөздің өзінен жан дүниеңді кәусар бұлақтың суындай тазартып жіберетін пәктік пен көгілдір көктемнің алғашқы шуағындай жылылық есіп тұрады емес пе? Бүгінде өткен бір сәттерді ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салып, алдын көрген, тәлімін алған шәкірттің пейілімен сараптар болсақ, осы бір мағынасы мол, мазмұны айрықша, мәнді атау Рауза Ермұханқызына әбден тән екендігін түйсінер едің. Түйсінген соң өзіңнің де осындай әдібі әдемі, әдісі бөлек бала жанының бағбанының алдынан өткеніңді мақтаныш тұтарың бар. Қашанда ізгілікке шүпілдеп тұратын ізетті жан дүниесі, күні кешегі адам боларынан түңілген шәкіртінің қатарға қосылғанын қанағат тұтатын, қанағат қана емес, мақтаныш есебінде санайтын ұстаз мерейін түйсіне білу қажет.
Кейін арада көп жылдар өтсе де күні кешегі ұстазымызбен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Әлі күнге дейін қолынан кітап түспейтін, күнделікті басылымдарды қадағалап, үзбей оқитын Рауза Ермұханқызы ара-тұра телефон соғып, «әне бір газеттегі анандай тақырыптағы материалды оқыдың ба, ұлт тәрбиесіне қосар ықпалы мол екен. Әттең шіркін, осындай дүниелерді жастар оқып, көңілдеріне тоқып, қорытынды шығарса ғой» деп қоятыны бар. Тіл мәселесінде де, діл мәселесінде де, тұтас ұлттың толайым қалыптасуында да өзіндік толғамды ойы, табанды пікірі бар апай қоғамдағы құбылыстарға сергек көңілмен қарайды.
Соңғы бір жинағында өзінің өмір жолын сипаттаған екен. Тәрбиелік мәні басым, кейінгі ұрпаққа темірқазық сынды адастырмас жол сілтейтін өнегелі өмір баяны. Бұрын ұстаз бойындағы адами қасиеттермен әдіптелген тұлға тағылымын тап басып танығанымызбен, балалық шағынан бейхабар екенбіз. Сәби көңілді жүдеткен, бала көңілге байыз таптырмаған қиындықты да бастан кешіпті. Жан сырын ақ қағаздың бетіне мөлдіретіп түсірген менің ұстазым өзекті өртейтін өмір мектебінен көбірек сабақ алған сыңайлы. Бәлкім сол кездегі тіршіліктің талқысы осылайша аппақ әлемнен ақ сәуле іздеуге итермеледі ме екен, бала жанын қалтқысыз түсінуге әсер етті ме екен? Кейінгі ұрпақтың жас құрақтай жетіліп өсуіне өз септігін тигізуіне ықпал еткен де шығар. Одан кейінгі өмір жарқын да сәулелі, ізгілікті де ізетті. Олай болуына өмірлік жары, көрікті Көкшенің көрнекті перзенттерінің бірі, атақты дәрігер Өмірбек Бәйкеновтың шарапаты көп тиген.
–Білім алуыма Өмекең ықпал етті ғой, – дейді апайдың өзі, – оқытамын деген уәдесі бар еді. Сол уәдесін орындады. 1962 жылы Көкшетауда тұңғыш рет педагогика институты ашылды. Барлық емтиханды 4 пен 5-ке тапсырдым. Конкурссыз қабылдандым. Оқу оңай болмады, үйде кішкентайларымыз бар. Екінші жағынан бар ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған, үйдегі тіршілікке икемсіз, пенделіктен ада Өмекеңнің жағдайын жасау керек. Ол кісі де медицина институтын бітіргенімен, өмір бойы оқумен өтті ғой. Жоғары оқу орнын бітірген соң облыстық мектеп-интернатта жұмыс істедім. Мектеп директоры ол кезде Тәшім Сейітов еді. Ұжымымыз өте мықты болатын. Он жылдың қалай өткенін де аңғармай қалыппын. Бірақ, мектеп алыстау болды да, 1978 жылы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ мектебіне ауыстым.
Білім саласында жемісті жұмыс істегені, қаншама ұл-қыздарға туған анасындай қамқор болып, тәлім-тәрбие бергендігі анық. Әсіресе, ел тәуелсіздік алған жылдары кешегі кеңес заманында кірпігі ғана қимылдаған тіліміздің тамырына қан жүгіртуде, қатыгез заманның қара шымылдығы көлегейлеп тастаған ұлттық салт-дәстүрді қайта жаңғыртуға белсене ат салысқандығын, содан нәтиже шығарғандығын екпін түсіріп айтуымызға әбден болады. Қалалық білім беру бөлімінің әдіскері болып қызмет еткен, қазақтың ұлтжанды қыздарының бірі Қымбат Тәшібаева тәрізді ел ертеңін ойлайтын адамдармен бірлесіп, мұсылман әйелдер лигасын құруға белсене араласты. Алдағы мақсат та айқын еді.
Көкшетау төңірегінде дүйім жұрт бас қосқан айтулы шараларда сан ғасыр бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүр шымшымдап көріне бастады. Жастар жағы сүйсіне таң қалысты, аға буын көңілдің бір түкпірінде қалған жауһарын танып, бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Әсіресе, «Қыз сыны», «Келін сыны», «Әжелер сайысы», «Жігіттің сұлтаны» тақырыптағы байқаулар ұлт бойындағы ұлағатты жалпақ әлемге паш етті. Тіл тоқырап, санадағы бар асыл сұйылып кеткен екен ғой. Әлдекімдер жабайы санаған, ал, шын мәнінде ең асыл қасиеттерді қыздың жиған жүгіндей қаттап, кейінгі ұрпағына мұра еткен ұлттың болашағын баянды етер, мәні терең, мазмұны қалың мұрасы бар екен ғой. Сол дүниенің бәрі жоғарыда аталған байқауларда бұлтты күні жарқ еткен күн сәулесіндей шуақ төгіп, жадырай жарқырап, көңіл масайратты. Бұл кез халықтың өз мұрасына өзінің сусап қалған кезі еді ғой. Көрермені де қалың, қоштаушысы да мол. Кейін тақырып аясы кеңіді. Айтар сөздің астары молая түсті. Науан хазірет атындағы мешітпен бірлесе отырып, темір тордың арғы жағында ойланбай опық жеп, жазатайым жаза басқандарға да ас беріп, тәрбиелік тағылымы мол әңгімелер өткізді. Олардың да айыптарын өтеп болған соң түзу жолға түсуіне ықпал етті. Мұндай шара бұрын-соңды қолға алынып көрмеген. Осы бір кезде тірі жетімдердің көбейіп кеткен тұсы еді. Бұл адам бойындағы ізгіліктен гөрі қатыгездіктің белең алып кеткен кезі. Балалар тұрмақ ата-аналарының өзін тәрбиелеу қажет. Міне, осы шараға да білек сыбана кірісті. 1996 жылы Алматы қаласында өткен Мұхамед Пайғамбарымыздың сүйікті қызы Фатима ананың туған күніне арналған форумға ІV Қазақстан әйелдерінің алқалы жиынына, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясына, V Азаматтық форумға қатысты. Жай ғана қатысып қойған жоқ, өз пікірін, көзқарасын айтты. Оның бәрі ұлт мүддесімен тікелей байланысты еді.
Діннің де адам жанын ізгілендіруге әсері мол. Осы орайда, Көкшетау қаласында жаңа мешіт салу қажеттігі жөнінде облыс әкімі Сергей Кулагинге әлденеше рет хат жазды. Ананың сұрауы жай қалған жоқ, бұрынғы Северная көшесінің бойындағы автотұрақтың орнында жаңа мешіттің құрылысы бой көтерді.
Өмір бойы өміріне серік болған, тіршілігіне көрік болған Өмірбек ағаны аузынан тастаған емес. Соңғы күндері тіпті жиі айтады. Еңбегі ескерусіз қалмаса екен дейді. Жалғыз жан жары ғана емес, елдегі аты атаусыз қалған тұлғаларды да жадынан шығармайды.
– Олар да ел үшін еңбек еткен адамдар ғой, кейінгі ұрпақ біле жүргені жақсы, ол да тәрбиенің бір ұшығы. Еліміздің жақсысы мен жайсаңын танып өскен ұрпақ сондай болуға ұмтылады, – дейді ұстаз.
Шынында да алдыңғы толқынның ажарын танып, көкірегіндегі көрікті ойларын, ізгі мақсат-мұратын жас толқынның жадында тоқығаны ғажап қой. Біз де сол үшін Көкшедегі ел анасы Рауза Ермұханқызының бар еңбегін толайым жіпке тізгендей етіп айта алмасақ та, бір ауыз жылы сөзімізді арнағымыз келді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар