Қылмысты қатаң жаза ғана азайтады

Қылмысты қатаң жаза ғана азайтады

Зеренді ауданындағы «Сенім» есірткіге тәуелділерді оңалту орталығында қазіргі таңда орта есеппен алғанда 20-25 жас аралығындағы 24 адам емделуде.

Таяуда Ақмола облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция майоры Рәзия Құрсанова аталмыш оңалту бөлімшесіне барып, есірткіні қолдану аса қауіпті екендігін баса ескертіп, оны таратқан жандар жауапқа тартылатыны туралы тарқатып айтып берді.
Кездесу барысында жедел уәкіл заңнамадағы жаңалықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткіні тарату, оның ішінде электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымы үшін жауапкершілік күшейтілгенін атап өтті.
– Мұндай әрекеттер аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған ал, оларды жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі (бұрын 5 жылдан 10 жылға дейінгі) мерзімге бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, интернет ресурстарын пайдалана отырып, есірткіні тұтынуға көндіру ауыр қылмыстар санатына жатқызылады және оны жасағаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады (бұрын 4 мың АЕК айыппұл немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру болған). Бұдан басқа, есірткі заттарын заңсыз насихаттағаны және жарнамалағаны үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бұл шара азаматтарды, әсіресе, жастарды есірткінің заңсыз айналымы саласына тартуға қарсы іс-қимыл мақсатында енгізілді, – деді полиция майоры өз сөзінде.
Кездесу барысында жиналғандар заң қызметкеріне сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерде: оңалту бөлімшесінің тыныс-тіршілігінен көріністер.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *