Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақиқатқа қиянат жасамас болар - АРҚА АЖАРЫ

Ақиқатқа қиянат жасамас болар

«Фолиант» баспасынан белгілі өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «Бір кезде Ақан едім аспандағы» деп аталатын жинағы жарық көрді. Іле жинақты жақсы қырынан көрсеткен, сараптап, талдаған мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана бастады. Әрине, Алаштың айтулы тұлғалары, өлмес  өнер жұлдыздары жайлы қанша жазылса да, көп болмас еді. Тек ішінде шынтақ тістетерлік әлдебір «әттеген-айлары» кетпесе.

Өзге жерін қайдам, менің өз көңіліме Ақан сері, Ақтоқты мен  Жалмұқан тәрізді асылдарымыздың арасындағы қарым-қатынас жайлы қағыс ой түйіндеу қона қоймады. Қонғанын айтасыз, шындықты сарқып айтсам, тарихтан хабары бар адамның іренішін, түсінбестігін туғызады екен. Сіз де оқып көріңіз. «Жалмұқан мен Ақан серінің арасындағы сыйластықты білетіндер күні кешеге дейін аңыз қылып айтып жүрген. Жалмұқан Ақанды ауылына жиі шақырып тұрған. Жұлдызы жымыңдаған айлы түндерде төсекті көгалдың үстіне салдырып, Ақтоқты үшеуі қатар жатқан».
Мал құлағы саңырау. Ел естімеген, естігенді былай қойып, ойына кіріп шықпайтын сипаттау. Ақан сері мен ай нұрлы, ару сипатты Ақтоқтының арасында кіршіксіз мөлдір сезімнің болғандығы анық. Әуел баста жаратқан ие өзгеден артық жаратқан, көкірегіндегі іңкәр сезімдер мінсіз, сұлу ән болып төгілген Серінің аруға ғашық болуы айып па? Ілкі заманда атам қазақ «қымызды кім ішпеген, қызға сөзді кім айтпаған» дейтін еді ғой. Бұл жай жұртқа қарата айтылған сөз болса, тумысынан әдемілікке, сұлулыққа ғашық серілік салты өзгеше өңді дүние. Ол үшін Ақан серіге, Арқаның аспанын әсем әнімен тербеткен, өнері озық, таланты түпсіз азаматқа қиғаш қасын серпе қараған сұлуға да мін таға алмас едіңіз.
Толайым Алаш даласына аты шыққан Сүтемгеннің тұқымы. Өскен, жетілген әулет. Байлықтың қоры үзілмеген, күпсіп жатқан есепсіз дәулет. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Сүтемген өз заманының озық ойлы адамы болса керек-ті. Омбы, Түменнен, тіпті, одан да әрірек барып, Көкшетау баурайына сүт машинасын, шөп машинасын, әрқилы тұрмыстық бұйымдарды жеткізіп, өркениеттің өріне нық қадам басқан жан. Үй тұрмысында да жасау-жиһазы, ажар-бітімі, сәнді, салтанатты, яки, мәдениетті. Осындай ұяда өскен, қияға қанат қаққан Жалмұқанның жаңағыдай шетін әрекетке бара қоюы еш мүмкін емес. Сері Ақтоқтының сыртқы бітім-пішімі ғана емес, ішкі жан-дүниесінің мөлдірлігіне тәнті. Ажары ақылына сай келген ару ғана Серінің сезімін серт еткізе алар еді. Ел көрген, жұрт таныған Ақтоқты жаман-жәутіктің қолы жетпейтін осындай биікте тұрған ару. Енді келіп, арада қаншама жыл өткенде, осындай жөнсіздікке жол беріп, ақиқатқа қиянат жасауымыз қаншалықты қисынға келе қояр екен?!. Қазақтың жай отырғанының өзі «бір кебісті бір кебіске сұғып отырады» деуші еді. Жұмақта жүзі шалқығай асылдарымыздың артынан әбес сөз айтуға дәтіміз қалай барды екен?
Күні кешегі адам сүйегінің үстінен өкімет орнатпақ болып, өктемдік жүргізген қызыл империяның қанқұйлы сойылы Сүтемгеннің әулетіне де тиген. 1937 жылдары тігерге тұяқ қалмай, Алаштың арда ұлдары мен қыздары қынадай қырылғанда қазіргі Зеренді ауданына қарасты Қызылағаш ауылының жанындағы Сәмен қыстауы деп аталатын қара қоныста Жалмұқан мен Ақтоқты да аштық дейтін аждаһаның аузында жұтылып кеткен. Бір-біріне өлердей ғашық болған екі аяулы жан ақтық демдері үзілгенше аяуды білмейтін аштықтың әсерінен күл-күлдеп ісік жайлаған жадау жүздерін жанарларымен аймалап, соңғы демдері үзілгенше бірге болған. Басы салтанатпен басталып, соңы қайғылы аяқталған ғұмырда бірін-бірі сүйіп өткендігі сөзсіз. Ел бас сауғалап босып кеткен. Жарының жайын ойлаған Ақтоқтының қолында үш құлаш кебіндік матасы сақталған екен. Өзегін жалғар астыққа, ұнға айырбастамай, сақтаған. Жарының жаназасын өзі шығарып, тәнін ақ матамен орап, қайтып оралмас мәңгілік сапарға аттандырған. Міне, махаббат, міне, сыйластық!
Енді келіп бір-бірін өлгенше сыйлаған, сүйген адамдар жайлы еттен өтіп, сүйекке жететін әбес әңгіме айтамыз. Жаңағы жөнсіз сөзді зерттеу материалына қосқанда ұтқанымыз қайсысы?!. Асылында ақиқатқа қиянат жасамас болар!..

Шабдан ТОҚМУРЗИН,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар