Қайырымды істер жалғаса береді

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген халық даналығы тегін айтылған жоқ. Бүгінгі күні бұл қанатты сөз Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйі ұжымының ұранына айналып отыр.

Біз өзіміздің жасаған қайырымдылық акцияларымызды жұртшылыққа аса жарияламауға тырысып жүреміз, сонымен қатар, этномәдени бірлестіктермен бірлесе отырып, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге, жақындарының қамқорлығынсыз қалған жалғызбасты зейнеткерлерге қол ұшын беруді тоқтатқан емеспіз.
Өткен жыл жаһан жұрты үшін күрделі жыл болғаны белгілі. Сондықтан да, біз халық алдында жауапкершілігімізді сезініп, күш-қайратымызды еселедік. Ауыр індетпен күресуге өз үлестерін қосып жүрген блок-бекеттегі әскери қызметкерлер де назарымыздан тыс қалған жоқ. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз күшімен оларды түскі аспен қамтамасыз етіп жүрді.
Мәселен, «Славян» бірлестігінің мүшелері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарын оңалту орталығы тұрғындарына Рождествоға арналған базарлықтар тарту етті, ал, татар-башқұрт бірлестігінің өкілдері қала жатақханаларының бірінде тұратын жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көмектесті.Биыл этномәдени бірлестіктер көмекке мұқтаж жандарға күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктермен толтырылған себет дайындады.Есімдерін атамауға өтініш білдірген біздің демеушілеріміздің арқасында жыл сайын ұйымдастырылатын «Қайырымдылық керуені» акциясы шеңберінде көлік апаты салдарынан мүгедек болып қалған қызға медициналық аппарат сатып алуға 75000 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
Степногорск қаласында мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен өтетін «Шексіз мүмкіндіктері бар адамдар» атты жыл сайынғы қалалық фестиваль дәстүрге айналды. Бұл фестивальда әрбір азамат ән айтып, би билеп, өзінің шығармашылығын жұртшылыққа паш ете алады.
Адамдардың тағдырларына бейжай қарамайтын, оларға қол ұшын беруге дайын азаматтар үшін біздің Достық үйіміздің есігі айқара ашық. Мен барлық ақмолалықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, барша облыс тұрғындарына ашық аспан, молшылық, амандық тілеймін.
Жанар АХМЕТОВА,
Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйінің әдіскері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар